Миссия орындалды!
Осымен алтыншы рет өткізілген, өткір проблемалар жіпке тізілген медиа апталық өз миссиясын толық атқарды деуге толық негіз бар. Жаңа технологиялар қолданысқа енген сайын, ақпарат айдыны жаңашылдыққа толған сайын отандық БАҚ-тың өркениет көшінен қалмай, сапалы өнім ұсынуы маңызды. Бұл ретте, биылғы іс-шара «Жаңа дәуір – жаңа медиа» тұжырымдамасына негізделгенін атап өткен жөн. Отандық мамандар үшін пайдалы әрі мағыналы алаң болу Astana Media Week-тің басты мақсатына айналды. Қытай, Германия, Түркия, Швейцария, Польша, Ресей, Моңғолия, Португалия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, барлығы 11 елден 150-ге жуық шетелдік және отандық спикер, медиа менеджерлер, еліміздің ірі медиа құралдары, журналистер, блогерлер, тәуелсіз сарапшылар, Meta, TіkTok, Nickelodeon, Coursera секілді шетелдік ұйымдардың өкілдері қатысқан маңызды басқосу БАҚ-тың басты проблемаларын айқындап берді. Құрғақ сөзбен айтылып қана қойған жоқ, мәселені шешудің жолдары көрсетілді.
«Қазмедиа» орталығында ұйымдастырылған жиынға қатысқандардың ұтары көп болды. Meta – Astana Media Week-тің жеке тақырыбы ретінде қарастырылды. Компания өкілдері Мета ғалам туралы жан-жақты ақпарат беріп, әлеуметтік желідегі трендтер тақырыбында сөз қозғады. Сол секілді TikTok компаниясының мамандары медиа апталыққа белсене қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салып, пайдалы ақпарат ұсынды.
Медиа апталықтың бірінші күні, панельдік сессия аясында қатысушылар Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ортақ сын-қатерлерге ортақ жауаптарды қалай табуға болатынын талқылады. Екінші күн «Қазақстандағы жарнама медиа нарығы: қазіргі жағдайы» тақырыбындағы пікірталас алаңынан басталды. Қазақстанның барлық өңірінен келген медиа саланың өкілдері өңірлік БАҚ форумында жиналып, аймақтағы медиа саланың трендтерін, проблемалық мәселелерін және олардың даму жолдарын сөз етті. Үшінші күні баспасөз хатшылары үшін бөлек сессия жұмысы қарастырылды. Media Week дәстүрлі түрде баспасөз, радио, интернет журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін «Үркер» сыйлығының салтанатты рәсімімен аяқталды.
Түйткілді тақырыптар тарқатылды
Жалпы, апталық аясында «Кризис коммуникациялар және сенімді нығайту», «Қазақстандағы жарнама медиа нарығы: қазіргі жағдайы, перспективалар және даму драйверлері», «Сериал индустриясының жаңа кезеңі», «Подкастар нарықты қалай жаулап алып жатыр?», «Табыс формулалары, журналистердің кәсіби құзыретінің өзгеруі», «Баспасөз басылымдарының трансформациясы», «Қазіргі радиохабар таратудың мәселелері», «YouTube мүмкіндіктері мен перспективалары» және тағы басқа тақырыптар төңірегінде өткен панельдік сессияларда журналистиканың негізгі мәселелері жан-жақты талқыланды.
Бәсекеге қабілетті, креативті мамандарды дайындау мәселесі де назардан тыс қалмай, шетел тәжірибесінде кездесетін жаңашыл қадамдар – лонгрид, дата журналистика біздің елде әлі кең өріс алмағаны айтылды. Спикерлер жаңа медианың проблемасы мен перспективасына тоқталып, жаһандану жағдайында жаңалық таратудың тиімді жолы цифрлық технологияда екенін дәлелдеп бақты. Киноөндірісті идеологияның құралы етуді жақтағандар да болды.
Қатысушылар «Отандық жоғары мектептерде лонгрид дайындау технологиясы үйретіле ме?», «Фейк ақпараттың рас-өтірігін ажырату жолдары оқытыла ма?» деген сауалдарға да жауап іздеді.
Цифрландыру саласы қарыштап дамыған сайын жаңа медиаға сұраныс артып, ақпарат таратуда мультимедиалық элементтер пайда бола бастағанына куәміз. Мұндай кезде отандық БАҚ-тың негізгі құндылықтарын саралап, мазмұны мен миссиясын айқындау маңызды. Ақпараттық агенттіктерге интернет ресурстарды тиімді пайдаланудың тетіктері мол. Ал газет-журналдардың бұл бағыттағы «жүрісі» баяу екені жасырын емес. Қайтпек керек?
«Жас қазақ» газетінің редакторы Срайыл Смайыл қазақ баспасөзінің болашағы үшін күресуге болатынын айтады. Бірақ ол үшін заман талабына бейімделіп, ақпараттық-коммуникациялық технология жетістіктерін газет-журналдың игілігіне икемдеуге ұмтылу керек. Оқырман аудиториясын ұлғайту үшін дәстүрлі басылымдар өз сайттарын немесе электронды нұсқаларын дамытуы қажет.
Спикерлердің сөзінше, газет-журналдар өз жұмысын тоқтатпауы үшін мерзімді басылымдарға дәстүрлі жазылу мен онлайн жазылу жұмыстарын тоқтатпау маңызды. Екіншіден, газет редакциялары өз оқырмандарын сақтап қалу үшін қоғамдағы барлық өткір мәселелерді ашық әрі сараптама түрінде жазу керек.
Апталық аясында «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері бас қосып, дәстүрлі және жаңа медианың серіктестігі мен бәсекелестігі, аймақтық БАҚ-тың бүгіні мен болашағын, журналистер арасындағы медиа сауаттылық мәселелерін талқылады. «Егемен Қазақстан» АҚ бас директоры Дихан Қамзабекұлы кадр дайындау мәселесіне тоқталып, білікті мамандар салаға серпін әкелетінін атап өтті. Бұл түйткілді аймақтардағы медиа холдингтердің басшылары да қостап, өңірлік жоғары оқу орындарындағы журналистика кафедралары жабылмау керек екенін атап өтті. «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр медиа саланың, соның ішінде баспасөз саласының авторлық қаламақысын қайтару және журналист мәртебесі секілді өзекті мәселелерге тоқталды.