Саясат • 31 Қазан, 2022

Ұсыныс көп

214 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына 3 400-ден астам ұсыныс келіп түсті. Оның 640-ы бір күннің ішінде toqaev2022.kz сайтына жолданды.

Ұсыныс көп

Ұсыныстардың көбі әлеу­меттік қамсыздандыру саласына – 598 (21,2%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа – 492 (17,4%), жер қатынастарына – 358 (12,7%), білімге – 210 (7,4%) қатысты болды.

«Азаматтар кандидаттан не қалайтынын, не күтетінін айтып, өз ұсыныстарымен келіп жатыр. Жаңа Қазақстанды құру ісіне қатысты көп адамның өзіндік ұсыныстары, Президенттікке кандидаттан не күтетіндері туралы пайым-пікірлері бар. Әр пікір жіті назарға алынатын болады. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалып жатқанының айқын кө­рінісі. Сондай-ақ сайлауға қа­тысты кез келген мәселе бо­йынша кеңес алуға болатын Call-орталық жұмыс істейді», деді кандидаттың Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы Әлия Садырбаева.

Бүгінде ел аумағындағы 227 қабылдау бөлмесінде сайлаушылармен кездесулер өтіп жатыр. Атап айтқанда, осы уақыт аралығында 689 кездесу ұйымдастырылып, 2 мыңнан астам адам қабылданды. Айта кетейік, кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесіне жеке келумен қатар, азаматтар Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнаған ұсыныстарын, тілек хаттарын toqaev2022.kz сайтына жолдай алады немесе бейнехабарлама жүктеуіне болады.