Қоғам • 31 Қазан, 2022

Қызыл кітапқа енген аққуларды атқан азамат ұсталды

285 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысында Қызыл кітапқа енген екі аққуды атқан аңшы ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызыл кітапқа енген аққуларды атқан азамат ұсталды

сурет: Polisia.kz

Polisia.kz хабарлағандай, Журавлев ауылдық округі аумағында жүргізілген рейд барысында 67 жастағы жергілікті тұрғын басқарған «ИЖ-Юпитер 5» мотоциклын Бұланды аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары тоқтатқан.

Мотоциклді тінту барысында екі аққудың өлексесі мен 12 калибрлі ТОЗ 34 тегіс ұңғылы аңшы мылтығы табылды. Айта кетейік, қару полиция бөлімінде тіркелген, бұдан бөлек ауыл тұрғынында тиісті аңшы куәлігі бар. Ақмолалықтардың айтуынша, ол Қызыл кітапқа енген аққуларды аулауға тыйым салынғанын білген, алайда құстарды атып тастаған.

«Бұл дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабының 1-бөлігі (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Полицейлер өңірде суда жүзетін құстарды аулауға тыйым салынғанын ескертеді. Аққулар саны азайып бара жатқан құстың түрі ретінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.