
Қазақ ақыл-естің адасуын жақауратпай, өз атауымен «алжу» дейді. Коронавирус індетінен кейін әсіресе, Альцгеймер белгілері пациенттердің жасына қарамай, тіпті өрши түскен. Мұндай жағдайда мамандар қандай кеңес бере алады? Жуырда Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен «Көп жаса» қоғамдық қоры, Невроздар мен альцгеймер ауруын емдеу орталығы, Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы және «Ацино Каз» компаниясы бірігіп өткізген келелі жиында осы түйткілді мәселелер айтылды.
«Егер әлемді екі жылдан астам уақыт бойы тырп еткізбеген коронавирус пандемиясы болмаса, бүгінде індет деп Альцгеймер дертін атар едік. Әлемде деменцияға душар болған 55 млн-дай қарт адам бар. Жыл сайын жаңадан 10 млн жанға осы диагноз қойылады немесе әр 3 секунд сайын бір адамнан осы ауру табылады. Бізде қатып қалған қағидалар бар. Мысалы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі үлкен кісілерге тән деп есептейміз. Тіпті дәрігерлердің өзі «бұл – кәрілік, емделмейді» деп жатады». Шын мәнінде, ақыл-есіңмен қартаю үдерісі көптеген танымдық функциялардың жақсаруымен сипатталады. Мысалы, ауызша есте сақтау мен практикалық интеллект (қиындықтарды жеңе білу) жасына қарай жақсара түсуі керек. Өйткені тәжірибе мен білім кристалданады», дейді дәрігер-психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты, Невроздар мен альцгеймер ауруларын емдеу орталығының жетекшісі әрі «Көп жаса» қоғамдық қорының негізін қалаушы Жібек Жолдасова.
Сонда адамды қарттық келмей жатып қинайтын алжудың зардабын азайту үшін әрқайсысымыз не істей аламыз? Бұл кеселді қалай тануға болады? Дәрігерге қашан бару керек? Осы тектес сұрақтарға дәрігерлер Дүниежүзілік альцгеймер дертінің күніне арналған баспасөз конференциясында жауап беруге тырысты.
– Бұрын үйреншікті болмаған іспен айналысу, тіл үйрену адамдардың қартайған шағында ақыл-есінің дұрыс болуына әсер етеді. Бұрын екі тілде еркін сөйлей алатын пациентке үшінші, төртінші тілді меңгеруге кеңес берер едім. Тіл үйрену үдерісі миға жаттығу залында бұлшық етті шынықтырғандай әсер етеді. Ми да белсенді жұмыс істегенде құрылымы өзгереді, кейбір қызметі жақсарады. Сондықтан тіл үйренген кезде мидың тиісті аймағы дамиды. Әсіресе мидағы көптеген нейрондық байланыстардан тұратын ақ және сұр зат көбейеді. Әдетте біз көңіл аудармай келген жайттар миға әсер етеді. Мысалы, бір тілден екінші тілге «ауысу». Екі тілде еркін сөйлей алатын адамдарға бұл аса байқалмайтын болар. Бірақ бұл кәдімгідей күрделі жаттығу, негізгі нейрондық байланыстардан құралған мидың тиісті бөліктерінде сұр және ақ заттардың өсуіне ықпал етеді. Арнайы зерттеулер, тіл үйрену мидың аса күрделі «орындау» қызметіне жауап беретін аймағын дамытатынын дәлелдеді. Мұның басты артықшылығы, ми жаңа байланыстар түзе отырып, үйреншікті емес әрекет «үйреншікті болмаған» бөліктерге әсер етіп, деменция мен альцгеймер аурулары сияқты дегенеративтік ауруларды жеңуге тырысады. Әрине, екі тілде сөйлейтін адамдарда да бұл аурулар кездеседі. Бірақ теңгеруші тетіктер арқылы олардың миы мұндай кеселден жылдам құтыла алады, – дейді Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханасының Паркинсон ауруларын хирургиялық емдеу орталығының функционалдық нейрохирургі Шыңғыс Шашкин.
Қалай болғанда да, бүгінде талай адам әке-шешесінің ерте бастан есте сақтау қабілетінен айырылғанына, яки жақын туыстарының қартаймай жатып ақыл кемістігіне душар болып жатқанына алаңдайды. Бәріміз де бала сияқты болып қалған, яғни «балалық шағына оралған» атақты саясаткерлер мен танымал тұлғалар туралы естідік, оқыдық. Дегенмен беті аулақ, 2050 жылға қарай төрткүл дүниеде 150 млн-нан аса адам алжудан азап шегеді деген болжам да бар.
Деменцияның алдын алу үшін оның дамуының қауіп факторларын білу қажет. Сізде қандай да бір шара қолдануға болатын 16 жылдан 25 жылға дейін созылатын симптомсыз кезең бар. Бірінші – адамның жасы, неғұрлым ересек болсаңыз, қауіп-қатер соғұрлым жоғары болмақ. Әрине, адам қартаймай тұрмайды, табиғат өз дегенін жасайды. Екіншісі – генетика. Егер үлкен кісілер жадынан айырылып, өз-өзіне қарай алмайтын жағдай орын алып жатса, бала-шағасы, жақындары қол қусырып қарап отырмауы қажет. Өйткені бұл – дерт. Қарттықтан басқа қауіпті факторлар қатарында – гипертония, жоғары холестерин (дислипидемия), атеросклероз, қант диабеті, семіздік, дұрыс тамақтанбау, аз қозғалу, бас жарақаттары, дәрі-дәрмектер (седативтер), шылым шегу, әсіресе пассивті темекі шегу, лас ауа, пестицидтер бар.
Сондай-ақ мамандар бірінші кезекте деменцияны мүмкіндігінше ертерек анықтап, дәрі-дәрмексіз ем-дом бастап кету де маңызды екенін айтады. Өйткені бұл қадам препараттарға тәуелді болып қалуды біраз жылға шегереді әрі ауруханаға апаратын жолдың мерзімін төрт есе қысқартады.
Заманауи медицинаға жүгінетін болсақ, арнаулы мамандар тобы аталған кеселдердің белгілерін ерте бастан байқап, қауіп факторларын бағалау үшін Қазақстанға myMind тестін бейімдеп, ұсынып отыр. Халықаралық қолданыстағы сауалдама арқылы кез келген адамға дәрігерге бару-бармау қажеттігін анықтай алады.
«Балалар мен жастар, орта жастағы адамдардың қауіп факторларын анықтауда, сондай-ақ халық арасында альцгеймер ауруы бойынша сақтықты арттыруда отбасылық дәрігер мен мейірбикелердің рөлі үлкен. Жалпы тәжірибелік дәрігер бүкіл отбасын, оның ішінде үлкен кісілерді бақылай отырып, отбасы мүшелерінің қаперіне салып, қауіп факторларымен күресуге көмектеседі. Сондай-ақ учаскелік дәрігер де деменцияны ерте анықтауға септесе алады, ұсыныстар береді, емдеуді тағайындайды және қажет болған жағдайда маманға жібереді. Артериялық гипертензия, дислипидемия, предиабет пен қант диабеті, семіздік, темекі шегу сияқты деменцияның басқарылатын немесе модификацияланатын қауіп факторларының алдын алу және емдеудегі бастапқы денсаулық сақтаудың рөлі ерекше маңызды. Дегенмен дәрігерлер өз тарапынан тек дәрілік немесе дәрілік емес ем-дом тағайындай алады. Негізгі жауапкершілік адамның өзіне, оның отбасына артылады. Мамандардың кеңесіне құлақ асып, ұсыныстарын орындау-орындамау өзіңізге керек. Бұл кеселдерге шалдықпау қарекетін жасап, салауатты өмір салтын неғұрлым ертерек бастасаңыз, соғұрлым миыңыздағы апаттан арыласыз», дейді Қазақстан отбасылық дәрігерлер қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы Дамиля Нұғманова.
Баспасөз мәслихатында көтерілген мәселеге қатысты қойылған сауалдардың біріне медицина ғылымдарының докторы, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ неврология, нейрохирургия кафедрасының профессоры, «Невропатологтер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркін Нұрғожаев былай деп жауап берді: «Мен невролог-дәрігер ретінде тұрақты неврологиялық және когнитивті тапшылықты қалыптастыратын басты факторлардың біріне назар аударғым келеді. Бұл фактор – инсульт. Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан аса адамның инсульт алғаны тіркеледі. Бұл өлім-жітім көрсеткішін ғана көтеріп отырған жоқ, салдары да қорқынышты ауру. Тіпті нәтижесі дұрыс болған, зақымдану ошағының көлемі аз пациенттердің көпшілігінде инсульттан кейінгі когнитивті бұзылулар дамиды. Жадының, ой жинақтау мен атқарушы функциялардың нашарлауы – инсульттан кейін физикалық оңалтуды қажет ететін пациенттерге осы бағдарламаны меңгеруіне кедергі келтіреді. Тіпті деменция белгілері белең алған пациенттерде оңалту шараларын жүргізу мүмкін емес, тіпті тиімділігі мен өзектілігін жоғалтады деуге болады», дейді.
Ол барлық мамандықтағы дәрігерлер – психологтер, логопедтер және реабилитологтер арасындағы салааралық өзара әрекет пен байланыстардың маңызды екенін айтады. Науқастар мен туыстарының назарын осы мәселеге аударып, аурудың бастапқы сатысында асқынуын болдырмау, сол арқылы пациенттердің ешкімге тәуелді болып қалмай, өмір сүру сапасын жақсарту үшін когнитивті бұзылыстарды анықтауға арналған тестілерді қолдана білудің өзектілігін жеткізді.
«Дәрігерлер қартайғанда да ширақ дене қимылы адамның өзін сақтауға көмектесетініне сенеді. Үнемі серуендеу, гимнастика, пазл жинау, дәнді дақылдарды сұрыптау, арифметикалық есептеу, үй жұмысы, сондай-ақ қай істе де белсенді болу сау зейнеткерлерге ғана емес, деменция белгілері байқала бастағандарға да ұсынылады. Жасына жетпей алжудан қорғайтын тағы бір түсінік бар. Бұл – танымдық қоры, яғни адамның зердесі мен тәжірибесі. Көрген-білгеніміз, өмірден түйгеніміз неғұрлым көп болса, альцгеймер ауруы соғұрлым алыс болады. Сондықтан үнемі жаңа дағдыларды игеру мен дамыту адамның жасы мен кеселдерден қорғай алады», дейді швейцариялық ACINO фармацевтикалық тобының компаниялары «Ацино Каз» компаниясының бас директоры Людмила Жангельдина.
Әрине, көтеріліп отырған мәселенің қыры көп, адам өзімен кететін ең үлкен байлығы – ақыл-есі мен естеліктері, өмірге деген құштарлығынан айырылмауы үшін тоқырап қалмай, миды да азықтандырып, жаттықтырып тұруы керек.
АЛМАТЫ