Алдағы 29 мамырда Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қойылуы маңызды тарихи оқиға болады, деп атап өтті Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Парламенттік ынтымақтастық комиссиясының бесінші отырысына қатысушылармен кездесуі кезінде.
Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 20 жыл бұрын одақ құру туралы бастама көтеріп, сөз сөйлегенін, енді оның қажырлы еңбегінің нәтижесінде бұл идея жүзеге асып жатқанын еске салды. Төрағаның пікірінше, ең бастысы, жаңа тарихи және геосаяси жағдайда бір-бірімен достық және келісімде өмір сүргісі келетін үш мемлекет халықтарының мұқтажына толықтай жауап беретін экономикалық одақтың құрылуы болып табылады. «Экономикалық ықпалдастықты дамыту одақтың барлық қатысушыларына да тиімді, оның үстіне әлемдік экономикаға экономикалық және қаржы дағдарыстары теріс әсерін тигізуді жалғастырып келеді», деді ол.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, бүгінгі күні әлемде құрылып, қызмет етіп жатқан 200 ықпалдастық бірлестіктер арасында ЕАЭО-ның өзін мейлінше тиімді және табысты етіп көрсететініне толық негіз бар. Бірақ, ол үшін қажырлы қызмет етуге тура келеді.
«Көп нәрсе ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттер биліктерінің барлық тармақтарының жұмыстарына байланысты болады. Біз, Қазақстан мен Ресей парламенттері жоғарғы палаталарының депутаттары жан-жақты ықпалдастықты заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктерді жасаймыз. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Еуразиялық экономикалық одақ – әлемдік қаржы және экономикалық дағдарыстарға лайықты жауап болмақ», деді ол.
Кездесу барысында Сенат Төрағасы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге бірлесе әзірлік жасауға Қазақстан және Ресей сенаторларының назарын аударды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия екі елдің Жоғары заң шығару органдары жоғарғы палаталары арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында қызмет етеді. Оның қазіргі кезде бесінші отырысы өтіп отыр. Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов, Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Төрағасының орынбасары Ильяс Умаханов және екі елдің басқа да парламентшілері қатысты.
Астанадағы отырыстың күн тәртібінде мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың келешегі, Ресейден Қазақстанға су беру қызметіне тариф қалыптастыру мәселелері, еуразиялық ықпалдастық бірлестік идеясын түсіндіру және ілгерілету саласындағы бірлескен ақпараттық жұмыстарды іске асыру міндеттері, сондай-ақ, бірқатар ұйымдастыру мәселелері бар, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.