Қоғам • 01 Қараша, 2022

Ғасыр айнасы

441 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңір баспасөзінің қара шаңырағына айналған облыстық «Aq jol» газетінің жарық көргеніне биыл жүз жыл толды. Ғасыр бойы өңір тарихын тасқа таңбалаған басылымның мерейтойы Баласағұн атындағы орталық концерт залында сән-салтанатымен өтті. Іс-шараға өңір басшысы Нұржан Нұржігітов арнайы қатысты.

Ғасыр айнасы

Атауы облыстық демесек, кезінде Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаров сынды Алаштың айтулы аза­­маттарының басына іс түс­кенде үнсіз қалмай, қайраткер тұлғаларға алғашқылардың бірі болып араша түскен басылымның беделі қай кезде де биік. Содан да болар, өңірдің бас басылымының 100 жылдық мерейтойына еліміздің әр қиырынан мәр­тебелі меймандар келіп, ақжарма тілектерін ақтарды.

Баласағұн атындағы ор­талық концерт залына жинал­ған жұртшылық алдымен «Aq jol» газетінің фото­тіл­шісі Ақәділ Рысмаханның «Тас­пада қалған тарих» атты фотокөрмесін тамашалады. Көрмеге өңірдің өмірі мен талайлы тарихынан сыр шертетін елуге жетеғабыл сурет қойылыпты. Жиналғандар әр фотоның тарихына үңіліп жатты. Кейіннен басылымда ұзақ жыл бойы еңбек еткен ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы құрастырған «Ғасыр шежіресі» атты жи­нақ­тың тұсауы кесілді.

Салтанатты іс-шарада өңір басшысы Нұржан Нұр­жігітов газет ардагері Тұрсын­хан Толқынбайұлына «Қазақ­станның Құрметті журналисі» төсбелгісін тапсырса, басылым қызметкерлері Шәрбану Да­ниярова, Есен Өтеулиев, Сәндібек Піренов облыс әкі­мінің Алғыс хатына ие болды.

Бұл күні газеттің 100 жыл­­дығына орай ұйымдас­тырылған «Aq jol» газеті: Қазақ баспасөзінің бүгіні мен ертеңі» тақырыбындағы республикалық журналистер байқауының қорытындысы шығарылды. Қазылар алқа­сының шешімімен елордадан келген Олжас Сәндібек, Асхат Райқұл, жергілікті журналистер Ақмарал Шағатай, Ақтоты Жаңабай, Марат Ди­хан­бай жүлдегерлер қата­ры­нан көрінді. Олардың әр­қай­сысына 500 мың теңге­нің сертификаты тапсырылды.

Салтанатты жиын барысында сөз алған сенатор Абдалы Нұралиев басылым қызметкерлері Оразкүл Әбдікерімова мен Шынар Сағиеваны Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Ал­ғыс хатымен марапаттады. Мәжіліс депутаттары Жанар­бек Әшімжан, Мей­рамбек Төлепберген, Гүл­дара Нұрымованың құт­тық­таулары да әріптестердің мерейін асырды. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың сәлемін жеткізген Жанарбек Әшімжан газет қызметкерлері Динара Балаева мен Есет До­салыға Алғыс хат тапсырды.

Мерейтойлық іс-шарада сөз сөйлеген «Egemen Qazaq­stan» республикалық газеті» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы әріп­тес­терін мерей­тойымен құттықтады.

«Халықтың көзі, құла­ғы, тілі» болып жүрген әріптес­терге деген алғысым зор. Қазақ хандығы қасиетті Жамбыл жерінде құрылды. Дін мен дәстүрдің үйлесім тапқан жері де Әулиеата өңірі саналады. Жүз жылдан әріде жатқан тарихтың бәрі балбал тастарда, санамызда, елдің көмейінде тұр. Басы­лым атаулы бізді барлық кезеңде біріктірген. Әлі талай биік­тер мен жақсы­лықтарға бас­тайтыны даусыз», деді Д.Қамзабекұлы. Сондай-ақ «Хабар» агенттігі басқарма төр­аға­сы Берік Уәли де әріп­тес­теріне деген лебізін жеткізді.

Іс-шара соңында газет ардагері Маханбетәлі Дүй­себаев, «Aq jol» газеті бас редак­торының орынбасары Фариза Әбдікерімова, «Ar-ai» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

 

Тараз