Саясат • 02 Қараша, 2022

Адал бизнес ақталады

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Қазақстан Республикасы президенттігінен үміткер Нұрлан Әуесбаев Шымкент қаласының Қазығұрт шағын ауданында сайлаушылармен кездесті.

Адал бизнес ақталады

Жиын №66 мектептің мәжіліс залында өтті. Іс-шара барысында үміткер жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасы жайында баяндап берді. Аудитория алдында сөз сөйлеген Н.Әуесбаев Қазақстандағы басты мәселе адал бизнесті тұншықтыратын, экономиканың дамуына жол бермейтін, халықтың әл-ауқатына кері әсер ететін жаппай сыбайлас жемқорлық екенін атап өтті.

«Елде бенефициарлары қайта өңдеу салаларын дамытуға мүдделі емес корпоративтік, олигархиялық экономика қалыптасты. Соның салдарынан жекелеген адамдар ғана байып, миллиондаған адам кедейшілік жағдайында өмір сүріп жатыр. Бұл ретте, егжей-тегжей тергеу жүргізіп, ұрланған және оффшорларға шығарылғанның бәрін қазақстандықтарға қайтару қажет», деді кандидат.

Сонымен қатар Нұрлан Әуесбаев тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, 90-жылдары көптеген ірі кәсіпорындардың күлкілі сомаға жекешелендірілгенін айтты. Сондықтан да ол өзінің сайлауалды бағдарламасында осындай компаниялардың акцияларын халыққа өткізу туралы мәселені қарастырады. Бұған IPO арқылы қол жеткізуге болады. Үміткер активтерді ұлттық экономиканың жаңа негізіне айналуға тиіс орта бизнес өкілдері арасында бөлу керек деп есептейді.

Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасында саяси реформалар жүргізу қажеттілігі туралы да айтылады.