Қазақстан • 02 Қараша, 2022

Маңызы мол курс

182 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астаналық әуе базасының әскери ұшқыштары аман қалу курсынан өтті. Алпыстан астам әскери қызметші өмір сүру негіздері бойынша практика­лық сабақтарға қатысты. Олардың қатарында құтқару-іздестіру командалары, ұшуды басқару тобы, ұшу және инженерлік-техникалық құрам, медициналық қызмет мамандары, сон­дай-ақ бөлім психологі бар.

Маңызы мол курс

Курстың негізгі міндеті – апатқа ұшы­раған әуе кемесінің экипажына көмек көрсе­тудегі жеке құрамның дағдылары мен ма­шығын жетілдіру. Одан бөлек зардап шек­кендерге алғашқы медициналық кө­мек көр­сету және оларды эвакуациялау мәсе­лелері де пысықталды. Экипаж мүшелері жара­лылардың жарасын тазартып таңу, тасы­малдау дағдыларын жетілдірді. Аман қалу­ды оқытудың маңызды бағыты – әуе кеме­сі­нің орналасқан жерін анықтау кезінде топо­графиялық бағдарлау негіздерін қайталау, әске­ри қызметшілердің авиациялық апаттық іздес­тіруде басшылықпен байланыс үшін ультра қысқа толқынды радиостансаны пайдалану.

– Бұл дағдылардың бәрін тек ұшу құра­мы ғана емес, экипаждың әрбір мүшесі меңге­руі қажет. Сабақ барысында жеке құрам топтар­ға бөлінді. Аман қалу бойынша жаттығу­лар жарыс режімінде өткізілді. Өйткені дәл осы әдіс штаттан тыс жағдай туындаған кезде практикалық дағдыларды қолдануда жақсы нәтиже береді, – деп түсіндірді елор­далық авиациялық база командирінің ұшу қауіпсіздігі жөніндегі орынбасары, подполковник Талғат Тұрғамбаев.

Аман қалу – авиациялық бөлімшелердің жеке құрамын дайындаудағы маңызды эле­менттердің бірі. Мұндай кешенді жаттығулар жүйелі түрде жүргізіліп, әскери қызметшілерді әртүрлі метеожағдайлардағы ықтимал дағда­рыстық жағдайларға дайындауға көмектеседі.