Қазақстан • 02 Қараша, 2022

«Жас бүркіттің» мерейі

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында орналасқан Қазақстан Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-пат­риоттық орталығында №25 орта мек­тебінің «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті.

«Жас бүркіттің» мерейі

Іс-шараға Ұлттық ұланның Бас қолбас­шылығы мен елордалық әскери бөлімдерінің өкілдері, сондай-ақ №25 орта мектептің оқу­шылары мен олардың ата-аналары қатысты.

«Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы­ның қалыптасуы мен қызметіне, сондай-ақ әскерге дейінгі жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне аталған білім ордасының және Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің басшылығы елеулі үлес қосып келеді.

– Құқықтық тәртіп әскерінің өкілі ретін­де, оқушыларды «Жас бүркіт» киімімен ­ғана емес, Ұлттық ұланның формасымен көргені­ме өте қуаныш­тымын. Мектепте алғашқы әскери дайындықты өткізуге қажетті материалдық-техникалық база бар. Оқушылардың бойына үлкендерді құрметтеу, ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық тарих пен мәдениетті тану сынды құндылықтарды сіңіреміз. Бұл олардың өз елінің патриоттары ретінде қалыптасуына оң әсер етері сөзсіз. Тәрбиеленушілерге жан-жақты білім алуға, спортпен және қолданбалы ғылымдармен шұғылдануға, әскери салада өз дағдыларын жетілдіруге шын жүректен тілектеспін, – дейді Ұлттық ұлан Бас қол­басшылығы Тәрбие және әлеуметтік-құқық­тық жұмыстар бас басқармасының бастығы, полковник Александр Крамар.

Бүгінгі таңда Ұлттық ұлан мен «Жас бүркіт» клубы бірлесіп, жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімдері, әскери борышын өтеген жауынгерлерді құрметтеу кештері, мерекелік салтанатты жиындар, тақырыптық викториналар мен байқаулар, «Ерлік сабақтары», «Ашық есік күндері» акциялары сияқты әскери-пат­риот­тық мазмұндағы көптеген іс-шаралар өткізуде.

1995 жылғы 7 сәуірде тәжік-ауған шека­расында қаза тапқан Ішкі әскердің 17 жа­уын­­герін еске алуға арналған жыл са­йын­ғы еске алу шеруіне әскери-патриоттық сынып­тардың қатысуы дәс­түрге айналған. Әскери-патриоттық клуб өздеріне жетекшілік ететін 6636 әскери бөлімінің қоғамдық өміріне белсенді қатысып қана қоймай, елорда аумағында ауқымды іс-шаралар өткізеді.

Жиын соңында Ұлттық ұлан Бас қолбас­шы­лығының өкілдері алғашқы әскери даяр­лықтың ең белсенді оқушылары мен оқытушыларын «Құқықтық тәртіп әскерлеріне – 30 жыл» мерей­тойлық медальдары және грамоталармен марапаттады.