АСТАНА. 27 мамыр. Павлодар облысы мен Ресей арасындағы сауда көлемі биыл 2 есеге өсіп отыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов мәлімдеді.
Аймақ басшысының бірінші орынбасары «Еуразиялық интеграция аясындағы өңіраралық өзара іс-қимыл мәселелері» тақырыбына арналған бұл басқосуда мұның облыс үшін тиімді жақтарына тоқталды. «Біз Ресей мен Беларусьтен тауарды сатып алғаннан гөрі, оларға сататын тауарымыз басым. Біздің негізгі сауда серіктесіміз – Ресей. Бұл елмен сауда көлемі үш жылда екі есе өскен. Өткен жылы ол 3 млрд. доллар шамасында болды. Біздің өңірге машина жасау, химия, металлургия, құрылыс материалдары, азық-түлік және халықтық тұтыну тауарлары жеткізеледі. Экспорт бойынша негізгі тауарлар – алюминий, электр энергиясы, көмір және өзге де бірқатар тауарлар. Соңғы жылдары Ресейге жеткізілетін электр энергиясының көлемі артты. Егер 2009 жылы 800 млн. кВт.сағат болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 2,5 млрд. кВт.сағатқа жетті», - деді ол.
Бұдан бөлек, көмірдің жылдық экспорты 16 млн. тоннадан 24 млн. тоннаға дейін өскен.
Мұрат Айтқожа.
Дереккөз: Primeminister.kz.
Фото: forbes.kz.