Әнші айтады: – Маған «Қай ел жүрегіңе жақын?» деп жиі сұрақ қояды. Сонда ойланбастан қазақ елі деп жауап беремін. Неге? Өйткені қазақ – мәдениеті, музыкасы, фольклоры, тіпті аңыз-әңгімесі жағынан бізге жақын ел. Жандүниеміз бен руханиятымыз да бірге тыныстап тұрғандай. Кешегі өткен Қатаған мен Сүйінбай, Тоқтағұл мен Жамбыл, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов сынды таутұлғалардың қай-қайсысы да екі елдің рухани, әдеби-мәдени байланысының жарқын үлгісіндей, біртуған бауырластығымыздың көнеден келе жатқан көркем көрінісіндей. Аталған қайраткерлердің екі елдің мәдени дамуына қосқан үлесі зор. Ол турасында аңызға бергісіз әңгіме айтуға болады. Күні бүгінге дейін сол рухани берік байланысымыздың үзілмей, керісінше жылдармен бірге жанданып келе жатқаны жүрекке керемет шаттық сыйлайды. Өзеннің егіз сағасы, қыздың қос бұрымындай қатар жасасқан екі елдің мәдени өмірін, ағайындық ағеділ пейілін ешкім, ешқандай күш өзгерте алмаса керек. Лайым солай болсын деп тілеймін. Күні кеше Астанада өткен Қырғыз елінің Қазақстандағы мәдениет күндері де сол мызғымас мәңгілік достығымыздың, бұзылмас бауырластығымыздың жарқын үлгісіндей көңілге тамаша жақты. Осы бір қасиетімен де Қазақстан маған ерекше жақын, айрықша ыстық.
Мен ойладым: Шынымен де, әншінің ә дегеннен қазақ елі жайлы бұлайша тебірене толғануының мәні тереңде. Ол ең әуелі бабалардан жеткен рухани бауырластық шарапаты болса, екінші жағынан өнер иесінің өзі де өмірінің ең бір сәулелі шақтарын Алматыда өткізіп, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының аспирантурасын тәмамдап, әншілікпен қатар ғалымдық жолдың да соқпағын қатар игеруінде жатса керек. Сонда жүріп қазақ ішінен талай жаны ізгі, адал дос тапты. Талантты ортада ғылыммен айналысып қана қоймай, шығармашылық тұрғыдан да іргелі ізденістерге бастамашы болған талай сәтті жобаларды іске асырды.
Әнші айтады: – Қырғыздар дәстүрлі әнді салтты музыка деп атайды. Менің әу бастағы мамандығым – қомызшы. Бірақ бір ғана саламен шектеліп қалмай, бойдағы бар дарынымды, қабілетімді сарқа пайдаланғым келді. Сол үшін де ғылым жолына келдім. Тарихқа бай тамырлы өнерімізді зерттесем, шаң басқан архивтерде жатқан құндылықтарымызға жан бітірсем деген асқақ арман Алматыға алып келген болатын. 1998 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваторияны бітірдім. Профессор Саида Еламанқызының шеберханасында тәлім алып, этномузыкатану саласындағы білімімді толықтырдым. 2006 жылы «Қырғыздың ұлттық музыкасы» деген тақырыптағы диссертациямды сәтті қорғап шықтым. Ғылыми жұмысымда жанр өзгешелігі, классификациясы туралы бірқатар мәселе көтердім. Фольклордағы мысалдардың ұлттық музыкамен үндесін, айырмашылығын да зерттедім. Әлі есімде, сонау бір жылы Алматыға оқуға өз көлігіммен келдім. Сонда қиялымдағы Роза ақбозатқа мініп менің алдымда кетіп бара жатқандай сезілді. Осы ғаламат әсер «бұл қадамымның соңы қандай болады, алдымда не күтіп тұр?» деген санамдағы сеңдей соғылысқан сан сауалға нүкте қойғандай болды. Күмән сейіліп, бойыма сенімділік орнады. Кейін осы сапарым туралы «Алматыға бара жатқан қыз» деген ән жаздым. Сол әнімнің астарында Тоқтағұл менен Жамбылдай, Кенен менен Әсеттей, өнер мен шығармашылықты өз шыңында алып жүретін өнер адамы болсақ деген тілек жатқан еді.
Мен ойладым: Талант топырақтан дариды деген сөз рас болса керек. Қырғыз Республикасының халық әртісі Роза Аманованы өмірге әкеліп, бар асылын дарытқан киелі өлке де қасиеттен кенде емес. Тоқтағұл, Ешманбет, Бекназар, Қорғол, Тууганбай, Сейдана сынды өнерпаздарды тудырған Кетмен-Төбеде өмір есігін ашқан өрелі жанға туған өлкенің киесі қонса керек, жастайынан жалындап, жанып тұрған жас дарын өнер әлеміне ерте араласып, шығармашылықтағы шуақты жолын қалыптастырды. Ән әлемінде өзінің ғаламат дауыс, қайталанбас қолтаңбасымен көп ішінен дараланса, ғылым жолында қомыз күйлеріндегі оң қол қағысындағы 28 түрлі ойнау тәсілін зерттеп, зерделеуі шын мәніндегі өнердің үлкен жаңалығы болғаны анық.
Әнші айтады: – Жастайымнан арманшыл болдым. Бала кезімде көк аспанда бұлттардың қозғалғанын тамашалағанды жақсы көретінмін. Олар маған төбешік арасында жиын өткізетіндей көрінетін. Сол жиынға өзімнің қатысқанымды, сөз сөйлегенімді елестетемін. Әлі күнге дейін сол аспан түсіме кіреді. Сондай сәтте балалық шағымды, өскен ортамды, ата-анамды сағынамын. Сол сағыныш маған шабыт береді, содан жаныма қуат аламын. Тек деген сөзді жақсы айттыңыз. Туған жерімнің қасиетінен бөлек, менің тегім де тегін емес. Әкем жағынан да, анам жағынан да әншілік өнер қатар дарыған. Нағашы атам Асан Аманов жиені болғаныма қарамастан, мені өз атына жаздырып алған. Өмірден ерте кеткен ұлдарының орнына ұл көріп, бала кезімнен тілеуімді тілеп, үкілеп өсірді.
Ал енді өзіңіз айтқан ғылыми ізденістеріме келсек, қомыз күйлеріндегі оң қол қағысындағы 28 түрлі ойнау тәсілін жан-жақты зерттеп, осы тақырыпта 2017 жылы докторлық диссертациямды қорғадым. Қомыз күйі шеберлерінің арқасында бізге түрлі қағыс жеткен. Сол кісілермен кездесіп, мәлімет жинау арқылы оң қол қағысындағы 28 түрлі ойнау тәсілін қағазға түсірдім. Бұған қомыздағы «қол биі» деп атау берсек болады. Себебі мұнда мнемотехника мен синкрезис бар. Ол музыканың бірегейлігін білдіреді. Көбіне еліміздегі қомыз күйлері, қағыс түрлері Ниязалы мектебінің арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Оның айтуынша, қолдың әр қимылының мағынасы бар. Мысалы, ертеректе аңға шыққан қырғыздар жемтікті үркітіп алмау үшін бір-біріне қолмен ымдап сөйлеген. Байқасақ, сол кездегі ым-ишараттар қомыз күйлерінде сақталып қалған. Негізінен осы тұжырымдар ғылыми жұмысыма арқау болды.
Мен ойладым: Иә, сағыныш деген ұлы сезім – әнші Роза Аманованың шығармашылығының өзегі десе де болғандай. Ол балалық шағына, ата-анасына, сүйген жар мен бала-шағасына деген махаббаттан басталып, күллі шығармашылығында тамаша көрініс береді. Оның айқын дәлелі – ел сүйіп тыңдайтын әншінің әйгілі «Мен сені сағынғым келеді» туындысы. Бұл әннің әнші шығармашылығынан алар орны айрықша. 25 жасында өмірге келген туынды Роза Амановаға ерекше танымалдылықпен қатар, «Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атақты да қоса әкелді.
Әнші айтады: – Біз ыр дейміз, сіздерде ән. Бұл әнге биыл 25 жыл болады. Осы әнім үшін 25 жасымда «Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі» атандым. Әннің сөзін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық ақыны Анатай Өмірханов жазған. Шын мәнінде, бұл әннің өзі де, тарихы да, тағдыры да мен үшін өте қымбат. Неге десеңіз, бұл шығарма үлкен махаббатпен байланысты. Сол жылдары өмірік жарыммен жолығып, ғаламат бір ғашықтық хикаясын басымыздан кешіп жүргенде жан дүниемнің көрінісіндей болып осы бір ән өмірге келген еді. «Жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді» деген рас шығар, әнім ел арасына тез тарады. Аз ғана уақыт ішінде халық сүйіп тыңдайтын әнге айналды. Бүгінде, міне, ширек ғасыр өтті, бала-шағалы болып, ұл-қыздарымызды тәрбиелеп отырмыз. Ән де, сезім де ескірген жоқ. Керісінше, жылдармен бірге жанданып, жаңарып келе жатқандай көрінеді. Ал бұл әнді ең алғаш қазақ еліне таныстарған журналист, қазіргі сенатор Дана Нұржігіт болатын. «Хабар» телеарнасы арқылы тараған туындымды қазақтың қалың көрермені де зор ықыласпен қарсы алды. Қазақ бауырлардан осы ән турасында көп жылы сөз естідім. Әрбір жылы лебіз бен мемлекет тарапынан беріліп жатқан атақ-марапаттың барлығы маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Атақ алдым, атақты болдым деп мастанып кетпей, керісінше сол бағаға лайықты қалыбыңды сақтап, тыңдарманыңа өрелі өнеріңді ұсына алсаң, меніңше, әнші үшін одан асқан бақыт жоқ. Келесі жылы сахнада жүргеніме 35 жыл толады екен. Осы мерейлі оқиғаға орай екі елде өнер жолымнан жан-жақты сыр шертетін мазмұнды шығармашылық кешімді өткізсем деймін.
Мен ойладым: «Әннің де естісі бар, есері бар» деген Абайдың әншіге де, тыңдарманға да қояр талабы таудай. Заман өзгерді, тыңдарман талғамы осы екен деп, жеңіл әуенге бас қоймай, керісінше дәстүрлі өнердің көсегесін көгертіп, көпшілік арасында кеңінен насихаттап жүрген әншінің қырғыздың ұлттық өнерін насихаттау жолында ғана емес, ән тарихын зерттеп-зерделеп, оны келер ұрпақтың қажетіне жарату жолында да сіңіріп жатқан еңбегі ерен. Сахнада ән салып қана қоймай, оны ғылыми тұрғыдан тұжырымдап, түйіндеуде де атқарып жатқан жұмыстары мақтануға һәм мақтауға тұрарлық. Мұның барлығы қырғыз елінің рухани мұрасына қосылып жатқан теңдессіз олжа екені және даусыз.
Әнші айтады: – Жақында ғана Бельгияда өткен өнер симпозиумына қатысып қайттым. Симпозиумды халықаралық дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңес ұйымдастырды. Аталған кеңес 1947 жылдан бері ЮНЕСКО-ның қолдауымен жұмыс істейді. Кеңес төңірегінде түрлі топқа бөлініп, тақырып талқылаймыз. Кезекті жиын архив материалдарына арналды. Дәстүрлі музыка үшін архив материалы нағыз құнды қазына. Мысалы, өзім архив материалын білім беру бағытында қолдану туралы баяндама жасадым. Әрине, оқушылар дәстүрлі өнерді насихаттап жүргендермен тікелей сұхбаттасса жақсы. Бірақ олардың көбі бұл дүниеде жоқ. Сол үшін архивтегі бейне, жазба, ән – құндылық мәнін түсіну үшін таптырмас құрал. Аталған симпозиумға қатысқанымда бір дүниеге тағы да көзім жетті. Дәстүрлі ән тек ұлттың өнердегі бойтұмары ғана емес, тілдің шұрайын, мәйегін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуші халықтың нағыз рухани қайнар көзі болып отыр. Әсіресе қырғыз халқы үшін мұның маңызы зор. Дәстүрлі музыканы насихаттап жүргендер ұрпақтар сабақтастығын сақтағаны жөн. Бірақ олар еркін жұмыс істеп, өркен жаюы үшін мемлекет ұлттық өнерді қанатының астына алғаны абзал. Егер қандай да бір осыған қатысты мемлекеттік бағдарлама болса, дәстүрлі ән өкілдері өзінің маңызды тұлға екенін сезінуі керек. Неге? Себебі саф өнерді ғасырдан-ғасырға таратып, жаңғыртып жүргендер тек қошеметке лайық. Бұл – Мәдениет министрлігінде қаралып, Үкімет назар аударатын өзекті мәселелердің бірі деп санаймын.
Мен ойладым: Әдетте өнер адамдарының сахна мен ғылымды қатар бағындырып, шығармашылықтың қай саласында да бірдей жетістікке жететіні сирек. Жетіп жатқан күннің өзінде де ол ізденушісінен есепсіз қажыр-қайратты талап етері және анық. Ал соны өз биігінде бағындырып, қай саланың да мұзартына шығу – тек мықтылардың ғана үлесіне бұйырған нығметі мол несібе болса керек. Бұл тұрғыдан келгенде Роза Аманова бақытты жан. Сахнадағы шығармашылық жолы мен ғылымдағы ізденісін де жемісті игеріп, әйел, жар, ана ретінде де шынайы бақытқа қол жеткізе алған әншінің әрбір әрекеті мен жеңіске толы жетістігінің артында есепсіз төгілген маңдай тер мен қыруар қажыр-қайраттың жатқаны сөзсіз.
Әнші айтады: – Өнер жолы – қиын жол. Әсіресе шығармашылық пен отбасын қатар алып жүрген әйел заты үшін өнердің салмағы зіл батпан. Бірақ соған қарамастан, жолыңда кездескен қиындықтың бәрін еңсеріп, қатарыңнан жарқ етіп шыға алсаң – ол жеңістің дәмін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әйтсе де уақыт, өмір ағысы, күйбең тіршіліктегі жағдай мен жолдардың түрлі ойға жетелейтіні даусыз. Сол үшін халқымыз «керексіз ойдан сақта» деп бекер айтпаған. Мұны неге айтып отырмын? Шығармашыл ортада жүрген әйелдерді табиғаттан бөліп қарау мүмкін емес. Табиғаттың төрт мезгілі де әсерлі. Әр мезгіл жанға өзінше шуақ сыйлайды. Табиғаттың өзі ағартушы екенін, онымен үндестікте өмір сүру үлгісін көшпелілер өркениетін құрған ата-бабамыздың жүрген жолынан аңғарамыз. Аллаға шүкір, менің бағыма орай тағдырыма шығармашылығымды түсініп, қолдайтын, үнемі демеу білдіруге әзір тамаша жар бұйыртты. Ақылды балалардың анасы атану бақытына ие болдым. Шығармашылық жолымда да жаны ізгі жақсы жандарға жолықтырған Жаратқанға алғысым шексіз. Жаныңды түсінетін жақсы адамдардың ортасында жүрсең, жаныңа құйылар жігердің де қуаты мықты болмақ. Мен сол шарапатты отбасым мен өнердегі жақындарымның, достарымның қолдауынан анық сеземін. Соның ішінде, әсіресе Алматыда жолықтырған достарымның орны бөлек. Олар мемлекетте шекара болғанымен, өнерде шекара жоқ екенін дәлелдеп жүрген нағыз талантты жандар. Өз басым консерваторияда бірге оқыған курстастарыммен қарым-қатынасымды үзгенім жоқ. Қазір өнерде бірге жол салып жүрміз. Соның бірі де бірегейі – бірге оқыған жақын құрбым Елмұра Жаңабергенова. Бізден бір курс төмен оқыса да Бағлан Бәбіжан, Айгүл Байбек, Раушан Малдыбаеваны да ерекше атап өткім келеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосановамен шығармашылық байланысымыз берік. Қызығы сол, қырғыз қыздары да Роза Рымбаева мен Бағдат Сәмединованы өнердегі әпкеміз деп атайды. Одан бөлек, Майра Ілиясова Қазақстанда қандай да бір мерекелік кеш ұйымдастыра қалса, үнемі мені шақырады. Өзім де бауырлас елге барып ән шырқап, арқа-жарқа болып қайтқанды жақсы көремін. Алдағы уақытта да бұл шығармашылық байланысымыз үзілмей, керісінше қарыштап дами береді деп сенемін. Осыған қатысты бірқатар жобаны жүзеге асырсақ керемет болар еді. Алайда дәстүрлі өнер, ән әлемінде екі елдің музыкадағы ерекшелігін, мәдени байланысын жеткізетіндей дүние әлі өмірге келмеді. Соны жандандырсақ деймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»