Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Батыс елінің заңгерлері рақымшылықты «жақсылықтың әділеттілікті жеңуі» деп бағалайды. Дәл осы бағамның биігінен қарайтын болсақ, ел билігі соңғы рет Тәуелсіздіктің 30 жылдығында осындай үлкен «жақсылық» жасаған екен. Ал «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2016 жылғы заңға сәйкес 1 220 сотталушы босатылып, 2 338 адамның жаза мерзімі қысқартылған.
Рақымшылық елде негізінен заңдардың қабылдануына және мемлекеттің маңызды күндерін атап өтуге байланысты жүргізілді. Ең үлкен рақымшылық 1999 жылы жасалды. Бұл жолы Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылына байланысты 15 705 сотталушы бостандыққа шықты. Ал жазаға тартылғандардың ең азы ел тарихындағы алғашқы рақымшылық кезінде босатылған екен, яғни 1994 жылы. Бұл жылы Халықаралық отбасы жылына байланысты 1 380 сотталушы бостандыққа шыққан. Жалпы тәуелсіздік жылдарында 55 мыңдай қазақстандық рақымшылық бойынша бостандыққа шықса, 11 мыңнан астам адамның жазасы қысқарған.
Ал қаңтар қырғыны Қазақстан тарихын дейін және кейін деп екіге жарды. Бүкіл елді үрей мен қорқыныштың уысында ұстаған сол санаулы күн бүкіл жұрттың сана-сезімін, ертеңге деген көзқарасы мен жалпы таным-түсінігін түбегейлі өзгертті. Бұл күндер бізге бейбіт өмірдің қаншалықты маңызды әрі құнды екенін көрсетті. Қанды оқиға аз уақыттан кейін өткен жылдың қойнауына енеді. Алайда «Қасіретті қаңтар» салып кеткен жүректегі жара әлі жазыла қойған жоқ, сан тағдырға түскен сызаты әлі өшкен жоқ.
Естеріңізде болса, биыл 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы: «Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым», деген еді.
Бұл – бүкіл қоғам күткен оң қадам еді. Өйткені рақымшылық жасау – адамгершіліктің ғана емес, мемлекеттің қоғамға, халыққа деген үлкен сенімінің бір көрінісі. Бұл жөнінде Президенттің өзі: «Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз», деді.
Ресми деректерге сүйенсек, қаңтар оқиғалары кезінде тергеу органдары жалпы саны 1 600-дей адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптап, қамауға алған. Осы уақытқа дейін оның 1 112-іне сот үкімі шығарылса, қалғандарының ісі тергеу сатысында. Бір айта кетерлігі, заң қабылданғаннан кейін рақымшылық актісі сот барысында да, тергеуде де қолданылады. Бұл «Рақымшылық жасау туралы» Заң күшіне енгенде осы 1 600 адамның 1 500-не мейірім актісінің шапағаты тиеді дегенді білдіреді. Ал бұлардың дені қаңтар қырғыны кезінде қалың нөпірге еріп ұрлық, бүлік жасағандар, ғимараттарға өрт қойып, заңсыз үгіт-насихаттың соңында кеткендер. Қаңтар оқиғалары кезінде тергеу изоляторына барып, ұсталғандармен бетпе-бет сөйлескен адвокаттар мен заңгерлер, депутаттар, қоғам белсенділері алаңға шыққан азаматтардың дені арандатушылыққа ұрынып, шалыс қадам басқандар екенін айтып, араша түсті. Сот процестері кезінде бұл азаматтардың көбі жазаның неғұрлым жеңіл түріне тартылғанмен, үкімнің аты – үкім.
Алдымен заңның екі ерекшелігіне тоқталсақ. Біріншісі – рақымшылыққа ілігетін адамдарға келтірген залалын толық өтеу туралы талап қойылмайды. Ал бұрындары жарияланған рақымшылық кезінде айыпталушы міндетті түрде келтірілген шығынды өтеуге тиіс еді. Алайда мүлік иесі материалдық шығынды сот арқылы азаматтық-құқықтық тәртіпте өндіріп алуға құқылы.
Екіншісі – бұл жолы жазаны өтеу тәртiбiн қасақана бұзғандарға да рақымшылық қолданылады. Қалыптасқан тәжірибе бойынша бұрын бас бостандығынан айыру мекемесінде жазасын өтеп жатқан адамға рақымшылық жасау үшін міндетті түрде оның жүріс-тұрысы, тәртібі ескерілетін. Қаңтар оқиғасына орай ұсынылған заңда мұндай талаптар алынып тасталған.
Заңгерлер бұл екі ерекшелік те рақымшылық барысында маңызды екенін алға тартады. Себебі мамандардың айтуынша, алдағы уақытта қаңтар оқиғасындағы қылмыстар ашылған жағдайда және осы заңда көзделген баптарға сәйкес азаматтың соттылығы болған жағдайда ол адамға рақымшылық жасала береді.
Сенат депутаты Владимир Волков қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жариялау туралы заң аясында 40-тан астам адам түрмеден шығатынын мәлімдеді. Бүгінде қаңтар оқиғасы бойынша сотталған 1 112 адамның ішінде 128 адам ғана бас бостандығынан айырылған.
«Рақымшылық туралы» Заң қабылданғаннан кейін бас бостандығынан айыру орындарынан 40-тан астам адам шығады. Бұдан бөлек, шамамен 50 адам жарты жылдың ішінде босатылады. Ал орташа және ауыр емес қылмыстық тәртіп бұзушылық жасаған 170-тен астам адам жазадан құтылады», деді В.Волков. Сенатордың айтуынша, рақымшылыққа полицейлер мен әскерилер де ілігеді. Бірақ адам азаптауға қатысы бар адамдар жауаптан босатылмайды. Сондай-ақ рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға, сондай-ақ лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға қолданылмайды.
Заңға сәйкес теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін қысқарту көзделген. Атап айтқанда, ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін жазаның жартысы қысқарады. Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толық босатылады.
Осы жолғы рақымшылықтың тағы бір ерекшелігі – заңда босатылатын адамдарды әлеуметтендіру туралы норма қарастырылған. Рақымшылыққа іліккендерді жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету, құжаттарды ресімдеу секілді әлеуметтік көмек көрсету Үкіметке жүктеліп отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта қаңтар оқиғасындағы қылмыстар ашылған жағдайда және осы Заңда көзделген баптарға сәйкес азаматтың соттылығы болған жағдайда ол адамға рақымшылық жасала береді.
Мәжіліс мақұлдаған Заң туралы Сенаттың жалпы отырысында баяндама жасаған Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Ләззат Сүлеймен: «қаңтар оқиғасы еліміз үшін нағыз сынақ болды. Сондықтан бүкіл қоғам болып бұл сынақтан оң қорытынды шығаруға тиіспіз. Болашақта қаңтар оқиғасын, оның себеп-салдарын қайтып болдырмау – біздің парызымыз. Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған тапсырмасы да осы. Бір жолғы рақымшылық жасау – қоғамымыздағы гуманизм, түсіністік, тұрақтылық сынды маңызды құндылықтарымызды сақтауға қосылған үлкен үлес», деген еді.
Ал оған дейін Президент Жолдауына байланысты «Аманат» тәуелсіз комиссиясының мүшелері арнайы мәлімдеме жасады. Естеріңізге сала кетейік, «Аманат» – қаңтар оқиғаларына байланысты құрылып, бүгінгі күнге дейін жазықсыз қамалған 500-ден астам азаматтың бостандыққа шығуына түрткі болған комиссия. Түптеп келгенде, қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы алғаш бастама көтерген де аманаттықтар еді. Білікті заңгер, адвокаттардан құрылған комиссия өз алдына тек жазықсыз азаматтарды шығаруды ғана мақсат етіп қоймағанын әу баста-ақ айтқан еді.
«Осы уақыт ішінде жүздеген қамалғандармен тілдесіп, тағдырларына үңіліп, болған жағдайды әбден саралап, зерттеп, қаңтар оқиғаларына қатысушыларға тұтас рақымшылық жасау жөніндегі ұсынысымызды Президент атына жолдаған болатынбыз. Бізді қолдап, сенім артып, ұлдарының тағдырын аманат еткен халықтың үмітін ақтау – біз үшін ең басты міндет. Ұсынысымыз ең жоғарғы деңгейде қолдау тауып, қаңтар оқиғаларына қатысып, қапасқа қамалған азаматтарымызға қатысты бір реттік рақымшылық жасау жайында тиісті шешім қабылданды. Мыңдаған жанға қуаныш сыйлаған бұл сүйінші хабарды біз әділеттің салтанат құруы, гуманизм актісі деп қабылдаймыз!
Бұл – «Аманат» комиссиясы жұмысының шешуші қорытындысы, бірақ жұмысымыз мұнымен аяқталмайды, алдағы уақытта комиссиямыз рақымшылық туралы заңның жасақталуына, қолданылуына қатысты заң орындарымен бірлесе жұмыс істелетін болады», дейді комиссия мүшелері – белгілі заңгерлер Абзал Құспан, Мәди Мырзағараев пен Уайс Ерсайынұлы.
ТҮЙІН. Белгілі режиссер Дестин Креттонның «Just Mercy», яғни «Тек рақымшылық» деген шынайы оқиғалар желісімен түсірілген киносында қойылатын басты бір сұрақ бар. Ол – «Біз ашу-ызамен, қорқынышпен өмір сүреміз бе? Әлде заңға сәйкес ғұмыр кешеміз бе?» деген сауал. Яғни кімнің қандай жолға түсетіні – өмірлік таңдауына тікелей байланысты екенін түсіндіреді. Рақымшылық туралы сөз қозғалғанда міндетті түрде оның екі жағы: экономикалық әсері мен қоғам үшін салдары қатар айтылады. Жасыратыны жоқ, қоғамда «Қаңтар қырғыны кезінде күдікке ілінгендерді жаппай бостандыққа шығару қылмыстың өршуіне алып келмей ме?» деген сұрақ та қызу талқыланды. Қаңтар қырғыны – қоғамның басына түскен үлкен сынақ. Ал бұл сынақтан қалай өтеміз, қандай қорытынды шығарамыз, қай жолға түсеміз – ол да қоғамның еншісіндегі таңдау.