Экономика • 02 Қараша, 2022

Жаңа цехтың мүмкіндігі

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірдегі ғана емес, еліміздегі химия өнеркәсібінің локомотиві саналатын «Қазфосфат» ЖШС бүгінде 7 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтып отырған алпауыт компания саналады. Серіктестік өнімдері бүгінгі таңда елімізге ғана емес, әлемнің бірқатар еліне экспортталып жатыр. Жыл өткен сайын жаңару мен жаңғырудың жолына түскен компания басшылығы тағы бір цехты іске қосты.

Жаңа цехтың мүмкіндігі

Тараз қаласында орна­лас­қан «Қаз­фосфат» ЖШС-ға қарасты мине­ралды ты­ңайт­­­қыш­тар өндіретін «Аммофос-2» цехының әлеуе­ті қандай? Деректерге сү­йен­сек, жаңа­дан ашылған цех тағы да 500 адам­ды жұ­мыс­пен қамтуға қау­­­қарлы.

«Өңірде ашылған жаңа цех Жамбыл облысы үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін де үлкен өндіріс ала­ңына айналады. Жалпы, Жамбыл өңірінде қолға алын­ған ауқымды жұмыс оң нә­тижесін беріп отыр. Со­ның нәтижесінде соңғы бірнеше жылда агрохимия саласындағы өндірілетін өнім көлемі еселеп өсті. Өзге мемлекеттерге жөнелтіліп жатқан өнім көлемі 1,8 есеге артқанын да айта кет­кен ләзім.

Бұл ретте жамбылдық ең­бек­кер­лер­дің еселі еңбегі­нің зор екенін айрықша атап өткен дұрыс. Жаңа өндіріс цехы өнім көлемін бұрынғыдан да еселей түсетіні талас тудырмаса керек. Елі­міз бойынша атқарылып жатқан ірі жобалардың бір бөлшегі қасиет дарып, құт қонған Әулиета өңірімен тығыз байланысты болып тұрғаны қуантады. Жалпы, серіктестіктің ел экономикасын өркендетуде өзіндік орны бар екенін бәріміз білеміз», дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Өңір басшысы Нұржан Нұр­жігі­тов­тің айтуынша, «Қазфосфат» ЖШС қыз­мет­­керлерінің қолға алған жұмыс ауқымы өте зор. Бұл өз кезегінде өңір эко­но­ми­ка­сының өркендей түсуіне ай­тар­лықтай үлес қоспақ. Ал өндірі­ле­тін өнім көлемі жыл өткен сайын арта түспек. Сол бағыттағы жұмыстар бү­гін­нен бастап нақты қолға алынған.

«Нақтырақ айтар болсақ, 7 мыңнан астам тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Қазфосфат» ЖШС өңір­дегі химия саласын өркендетуде үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Жыл­дар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан серіктестікпен қалай мақтан­сақ та жарасады. Өңіріміз бойынша өндіріліп жатқан өнімнің 30 пайызының дәл осы серіктестікке тиесілі болуы – сөзімізге бұлтартпас дәлел.

Дамудың даңғыл жолынан адаспа­ған серіктестік алдағы жылдарда елі­міздің барлық қиырын минералды тыңайтқыштармен қам­тамасыз ететін болады. Бүгінде облысымызда тынбай жұмыс істеп жат­қан мыңдаған шаруа қожалығының басшылары да серік­тестік өнімінің шарапатын көріп отырғанын айта кеткен жөн. Түйіп айтар болсақ, «Аммофос-2» цехы өңір экономикасын өркендетуде айрықша рөл атқаратын болады», дейді өңір басшысы.

Жаңадан ашылған цехта жылына 500 мың тонна аммафос өндірілмек. Ал жалпы кәсіпорындағы минералды тыңайтқыштар өн­ді­рісінің жылдық қуаты 1 млн тоннаға дейін ұлғайып отыр. Осылайша, жалпы құны 72 млрд теңгені құрайтын цех алдағы уақытта ішкі және сыртқы нарықты минералды тыңайтқышпен қамтымақ.

 

ТАРАЗ