Саясат • 02 Қараша, 2022

Байқаушылармен байланыс

129 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров онлайн форматта ТМД Парламентаралық ассамблеясы кеңесінің бас хатшысы Дмитрий Кобицкий бастаған байқаушылар тобымен кездесті.

Байқаушылармен байланыс

Кездесуге Орталық сайлау комис­сиясының мүшелері Шавкат Өтемісов пен Анастасия Щегорцова, Астана және Алматы қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары Бақыт Бектемісова, Жанна Асанова, сондай-ақ демократия, парламентаризм және азаматтардың сайлау құқығын сақтау жөніндегі Халықаралық байқаушы институтының директоры - ТМД ПАА кеңесі хатшылығы басшысының орынбасары Иван Мушкет қатысты.

Н.Әбдіров байқаушыларды сайлау науқанына дайындық барысымен, оның негізгі кезеңдері туралы хабардар етті, сондай-ақ осы уақытқа дейін президенттікке кандидаттарды тіркеу аяқталғанын және штабтар сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Дмитрий Кобицкий Орт­сайлаукомға кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. ТМД ПАА өкіл­дері Қазақстан Республикасы Прези­дентінің сайлауын әзірлеу мен өткізуге, оның ішінде кандидаттардың сайлау алдындағы пікірсайыстарын ұйым­дастыру мен өткізуге, сайлаушылар санына, берілген есептен шығару куәліктерінің санына, сайлау комиссияларының дауыс беру күніне дайындығына қатысты түрлі сұрақтар қойды.

Кездесу барысында Нұрлан Әбді­ров ТМД ПАА байқаушыларын Ортсай­лау­комның отырыстары мен оқыту іс-шараларына қатысуға шақырды, сондай-ақ өздерін қызықтырған мәселелер бо­йынша ОСК мүшелерімен және аппаратымен кездесулерін өткізуге дайын екенін жеткізді.

ТМД ПАА өкілдері ҚР ОСК жанынан құрылған Сарапшы кеңестің жұмысына онлайн форматта қатысуға мүдделілігі мен дайындығын білдірді, сондай-ақ жастардың сайлау белсенділігін арттыру бойынша бірлескен жобаларды пысықтауды ұсынды. Кездесу соңында екі тарап сайлауды ұйымдастыру мен өткізу және оларды байқау бойынша жұ­мыс­тарға  өзара табыс тіледі.

Сайлау комиссияларына әдістемелік көмек көрсету, электоралдық оқыту үдерісін үйлестіру және дауыс беру күніне олардың дайындығын анықтау үшін сайлау учаскелеріне бару мақсатында Ортсайлауком мүшелері ел өңірлеріне сапарларын жалғастыруда. Осылайша, 1-3 қарашада ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров пен ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина Ұлытау облысына, ОСК хатшысы Мұхтар Ерман Жамбыл облысына барды. 

Өңірлерде Ортсайлауком мүшелері аумақтық және учаскелік сайлау комис­сия­ларының, мемлекеттік органдардың, кандидаттардың сайлауалды штаб­тарының, саяси партиялар мен БАҚ өкілдерімен семинар-кеңестер өткізді. ОСК мүшелері қатысушыларды Пре­зидент сайлауын дайындау мен өткізудің ерекшеліктері туралы хабардар етті. Сайлау науқанының негізгі кезеңдерінің ерекшеліктері, прези­дент­тікке кандидаттарды ұсыну және тіркеу қо­рытындылары, мүгедектігі бар адам­дардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, электоралдық оқыту және басқа да мәселелер егжей-тегжейлі қаралды.

Өз кезегінде уәкілетті мемлекеттік ор­гандар ОСК мүшелеріне өңірлерде сайлаушылар тізімдері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сайлау үдерісіне қатысушылардың сайлау заңнамасын заңдылықтың сақталуын қадағалауды жүзеге асыру, дауыс беру күні сайлау учаскелерінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сайлау бюл­ле­теньдерін күзету және жеткізу туралы баяндады.