Қоғам • 03 Қараша, 2022

310 мыңнан астам қызмет көрсетті

79 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шамамен 276,4 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ), 7,1 мың – ымдау тілі қызметін, 26,5 мың – жеке көмекшінің қызметін алды. Сондай-ақ портал арқылы кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға 87 мың тапсырыс рәсімделді.

310 мыңнан астам қызмет көрсетті

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі бас­пасөз қызметінің мәліметінше, портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдар­ды оңалту құралдарымен қам­тамасыз ету протездік-ортопе­диялық, сурдотехникалық, тиф­ло­техникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінде Порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 825 медициналық-әлеуметтік меке­ме (бөлімшелер), 279 ОТҚ жет­кізуші, 25 мыңнан астам жеке кө­мекші, 650 ымдау тілі қыз­метін, 92 санаторлық-курорт­тық емдеуді, 66 кепілдік беріл­ген әлеуметтік топтаманы жеткі­зу­ші­лер тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпа­раттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қам­та­масыз ету және өмір сүру сапа­сын жақсарту жөніндегі ұлт­тық жос­пар шеңберінде қарас­тырылған.

Қолдауға арналған байланыс орталығына 1414 бірыңғай нөміріне қоңырау шалып, тілді таңдау және 5 санын басу арқылы Порталды пайдалану бойынша кеңес алуға болады.