Соңғы жылдары елімізде үшемдердің дүниеге келуі қалыпты құбылысқа айнала бастаған секілді. Деректерге сүйенсек, 2020 жылы 43 үшем дүниеге келсе, 2021 жылы дүние есігін айқара ашқан үшемдердің саны – 45.
Жақында облыстық көпсалалы аурухананың перинаталдық блогынан Жалпақтөбе ауылында тұратын Абдуллаевтар отбасы шаңырақтарына үлкен қуанышпен оралды. Бір емес үш бірдей арудың әкесі атанған Әлинұр Абдуллаев супервайзер болып еңбек етсе, анасы Үмида Әшірова – зертханашы. Бұған дейін Айлану және Амелия есімді қыздарды дүниеге әкелген анасы бірден үшемнің анасы атанам деп ойламаса керек. Осылайша, отбасы бүгінде бес балдырғанның қызығына тоймай жүр.
Үшем қыздар мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 35-аптасында дүниеге келді. Олардың бірінің салмағы 1 980 грамм болса, екіншісінікі – 2 120, үшіншісінікі 2 020 грамға жеткен. Шексіз қуанышқа кенелген отбасы қыздарының есімдерін Айлин, Алия және Алиф деп қойыпты.
Шала туған нәрестелерді тексеру, күтіп-баптау жұмыстары қызметкерлер тарапынан дер кезінде қолға алынған. Иә, аурухана қызметкерлері бұл жұмысқа жұдырықтай жұмылған. Әуелде неонатология бөліміне ауыстырылып, сәбилердің жағдайы толық, жан-жақты зерделенген. Нәтижесінде, үшемнің денсаулығына ешқандай қауіп төнбегені нақтыланған.
Жалпы, Жамбыл облысында соңғы үш айдың бедерінде екінші рет үшем дүниеге келді. Бұған дейін тамыз айында Мақсат Ерімбетов пен Айткүл Қыдырбаеваның отбасы Кәусар, Сезім, Үмітім есімді үш бірдей арудың ата-анасы атанған болатын.
Жамбыл облысы