Қазақ боксшылары арасында Азия чемпионатының шымылдығын 57 кило салмақтағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2021), жастар арасындағы Азия чемпионы Серік Теміржанов ашып берді. Түрікменстанның үкілеп қосқан үміті Ихлас Гылычжановпен шаршы алаңда жолы түйіскен жерлесіміз қарсыласын үш раундта да бет қаратпай жеңді. Бес төреші жеңісті бірауыздан қазақ боксшысына берді – 5:0. Алғашқы айналымда Абукузаил Туркиден (Кувейт) басым түскен Ихлас екінші жекпе-жегінде жерлесімізге қарсы еш айла-тәсіл қолдана алмады.
Енді С.Теміржанов ширек финалда жарыс қожайыны Юсеф Иашашпен күш сынаспақ. Иорданиялық боксшы чемпионаттың екінші айналымында 2014 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері филиппиндік Марио Фернандесті төрешілердің аралас шешімімен тізе бүктірген болатын. Бұл кездесу 6 қарашаға жоспарланған.
Қазақстандықтардан рингке екінші болып 2019 жылы Тайландта ұйымдастырылған Азия чемпионатының қола жүлдегері Санатәлі Төлтаев (63,5 кило) шықты. Жарысты бірінші айналымнан бастаған Руслан Абдуллаев алғашқы кезеңде жапониялық Шунсуке Китамотомен жұдырықтасып, 5:0 есебімен айқын жеңіске жетсе, 1/8 финалда да дәл сондай есеппен жерлесімізден айласын асырды. Жекпе-жектің бірінші раундында екі боксшы да тең дәрежеде жұдырықтасқанымен, бес төрешінің үшеуі жеңісті Абдуллаевқа берсе, екеуі Төлтаев жеңді деп есептеді. Дегенмен, екінші және үшінші раундтарда отандасымыздың осал тұсын тауып, қарқынын арттырған Руслан чемпионаттағы екінші жеңісіне қол жеткізді. Осылайша, Амманға 13 салмақта барған ұлттық құрама боксшыларының біреуі жарыс жолынан шығып қалды. Ал осы чемпионатта Қазақстанның басты қарсыласы саналатын Өзбекстан Азия біріншілігін толық құрамда жалғастырып жатыр.
Ал кешкі сессияда жарыс жолына шыққан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сəкен Бибосынов жанкүйерлерін қуантты. Отандасымыз үндістандық Кумар Спаршты 4:1 есебімен жеңгенімен, алғашқы раундтарда көрермендерді біраз алаңдатып қойды. Себебі бірінші раундта төрешілер 2:3 есебімен жеңісті Кумарға берді. Үзілісте бапкерлердің керекті ақыл-кеңесін тыңдап шыққан Сәкен екінші раундта қарсыласын бұрыштан бұрышқа тықсырып, үнді боксшысын әбден соққының астына алды. Бойы мен қолының ұзындығын дұрыс пайдаланып, алыстан жүріп ұрыс салған Сәкен кейінгі екі раундта айқын басымдық танытып, қарсыласынан жеңісті жұлып алды. Жерлесіміз 5 қараша күні ширек финалдық жекпе-жекте малайзиялық Кайюм Ариффинмен жұдырықтасады.
Сондай-ақ дәл осы салмақта Бахрейн құрамасының намысын қорғайтын қазақстандық боксшы Азат Махметов та шаршы алаңға шықты. Өкінішке қарай, Азат өзінің алғашқы кездесуінде былтырғы әлем чемпионатында 54 кило салмақта топ жарған жапониялық Томое Цубоидан жеңіліп қалды. Жапония боксшысы осымен екі жылдың ішінде екі қазақ боксшысын тізе бүктіріп отыр. Сербиядағы әлем чемпионатының финалында ол Сабырхан Махмұдты жеңіп, алтыннан алқа таққан болатын. Томое биылғы Азия біріншілігінде 51 кило салмақта өнер көрсетіп жатқандықтан, Сабырханмен жолы түйіспейді. Есесіне, Сәкен Бибосыновпен шаршы алаңда кездесуі ықтимал.
Кеше қыздар құрамасының өкілі, əлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай Тайланд боксшысы Раксат Чутаматпен қолғап түйістірді.
Қазақстандық бокс жанкүйерлері бүгін аса жеңіл салмақта (48 кило) жұдырықтасатын отандасымыз Санжар Тәшкенбай, 67 килодағы Дулат Бекбауов және 71 килода өнер көрсететін Асланбек Шымбергеновтің жекпе-жектерін тамашалай алады. С.Тәшкенбай екінші айналымда өзбекстандық Асылбек Жалиловпен кездессе, Д.Бекбауов Азияның және Өзбекстанның бірінші нөмірлі боксшысы Асадхужа Муйдинхужаевпен шеберлік байқасады. Ал Асланбек Шымбергенов Филиппин өкілі Пианар Маржонмен шаршы алаңға шығады.