Франциялық көрермен 27-30 қазан аралығында Lincoln кинотеатрынан «Паралимпиадашы» спорттық драмасын, «Ұлы дала таңы» тарихи блокбастерін, «Соңғы сеанс», «От», «Зояның оралуы», «Тарлан» (Қазақстан мен Татарстанның бірлесіп шығарған фильмі) картиналарын тамашалап, қазақ кино өнерінің бүгінгі аяқалысына баға берді. Сондай-ақ Франция, Бельгия, Қазақстан, Украина және басқа да елдердің кинематографистері бірлесіп шығарған «Инфинити» жобасының эксклюзивті көрсетілімі мен «Қызғалдақ» фильмінің ретроспективті көрсетіліміне көзайым болды.
Фестивальдың салтанатты ашылуына отандық фильмдердің авторлары, олардың франциялық әріптестері, Франциядағы Қазақстан елшілігі мен кино орталығының өкілдері, журналистер қатысты. Атап айтсақ, іс-шараға қатысушылар мен қонақтар қатарында актриса Самал Еслямова, режиссерлер – Дәрежан Өмірбаев, Сергей Дворцевой, Алдияр Байракимов, Айжан Қасымбек, продюсерлер – Диана Әшімова мен Лаура Ерғалиева және тағы да басқа кино мамандары бар.
Ұлттық киноны қолдау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов бастаған Кино орталығы делегациясының іскерлік бағдарламасы ауқымды болды. Алдын ала дайындалған жоспар бойынша кино өкілдері Францияның кинотеатр желілерінің басшылығымен кездесу, француз кино бизнесі өкілдерінің іскерлік алаңының жұмысына қатысу, бірлесіп шығаруға арналған жобаларды ұсыну және CNC (Францияның ұлттық кинематография және анимация орталығы) мен UniFrance (Француз киносын бүкіл әлемде насихаттауға жауапты ұйым) өкілдерімен келіссөздер жүргізу сынды бірқатар маңызды іскерлік шараны да табысты жүзеге асырды.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған Париждегі Қазақстан киносының күндерін өткізуге Франциядағы Қазақстан Республикасының елшілігі тікелей мұрындық болды. Сондай-ақ Андре Рафаэль Иванов басқаратын Қазақстандық киноның француздық қауымдастығының да сіңірген еңбегі зор.
Бұдан бөлек, айрықша атап өтерлік тағы бір қуанышты жаңалық – биыл Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орайластырылған қазақ киносының дүниежүзілік думаны өз шекарасын кеңейтті. Ұлттық кино фестивалі енді Париж, Страсбург, Брюссель, Люксембург, Женева қалаларында өткізілетін болады.