Аймақтар • 03 Қараша, 2022

Бірлік алаңындағы айшықты істер

167 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жуырда Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен қалалық Достық үйі базасында «Бірлік алаңы» коворкинг орталығы ашылды.

Бірлік алаңындағы айшықты істер

Орталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес құрылды.

 Аталған мекеменің салтанатты ашы­луына әкімнің бірінші орынбасары Ш.Мұ­қан, ішкі саясат және жастар істері жөнін­дегі басқарма басшылығы, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Ассамблея мүшелері мен Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың жетекшілері, студент жастар қатысты.

«Бірлік алаңы» коворкинг орталығы – бірлік пен келісімнің жалпыұлттық біріктіруші құндылықтарын қоғамдық санада нығайтуға және азаматтық қоғам институттарының сындарлы диалогін орнықтыруға бағытталған.

Орталық төрт негізгі бағыт бойынша жұ­мыс жүргізеді. Біріншісі, қалалық Қа­зақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 7 қоғамдық құрылым мен 17 этномәдени бірлестіктің қатысуымен тұрақты негізде брифингтер ұйымдастыру.

Брифинг барысында ҚХА мүше­лерінің елдегі саяси реформаларды іске асыру жөніндегі сарапшы пікірлері, Ассамблея құрылымдарының атқарып жатқан жұмыстары, этномәдени бірлес­тіктер мен Ассамблеяның бастамалары және жобалары қалың бұқараға таныс­тырылады.

Екіншіден, қоғам тұрақтылығын ны­ғайтуда халықтық жобаларды іріктеу, олар­ға қолдау көрсету мүмкіндіктері қарас­тырылады.

Азаматтық бастамалар, оның ішінде жастар ұсынған қоғамдық мәні бар әлеу­меттік стартап жобалар қолдауға ие болады. Жан-жақты ұтымды, қоғам тұрақ­тылығын сақтауға тиімді жобаларды мемлекеттік салалық бағдарламалар мен әлеуметтік гранттар арқылы қаржы­ландыруға ұсынымдар беріледі. Солардан үздік деп танылғандарына Ассамблея мүшелері серіктес меценаттар табуға ықпал етеді.

Үшіншіден, «Ассамблея жастары» ұйымы шеңберінде жастардың диалог алаңын қалыптастыру, дебаттар мен пікір-сайыстар ұйымдастыру қолға алынады.

Бұл бағытта қазақ халқының ұлттық тарихы, мәдениеті, салт-санасы жөніндегі іс-шаралар өткізіліп, этнос жастарын жоғары мәдени-эстетикалық, патриоттық және елжандылық рухта тәрбиелеу жос­парлануда.

Төртіншіден, мемлекеттік тілді үйрету мақсатында түрлі тәсілдер бойынша семинар-тренингтер жүргізіледі. Оның ішінде этнос өкілдеріне базалық негізде қазақ тілін оқып-үйренуіне жағдай жасалады. Бұл үшін қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарымен келісім орнатылмақ. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сондықтан оған деген қамқорлық мемлекет тұрғысында жылдан-жылға күшейіп келеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы құрылтайда да баса айтқан болатын.

«Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдау­шылық елдегі жағдайды дұрыс түсін­бегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемдік коммуникация құралдары қазақ тіліне маңыз бере бастады», деген еді Мемлекет басшысы.

Өзара қатынас тілі қазақ тілі болатын болған соң жастардың, әсіресе өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі жоғары болу керек. Бір жағынан осынау жоспарды іске асыру мақсатында аталған коворкинг орталығы ашылып отыр. «Елу жылда ел жаңа» демекші, бүгінде қоғам өзгерген. Жастардың көзқарасы, пікірі басқа. Өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыратын этностардың ішінде қазақша оқып үйренгісі, сөйлескісі келетін жас буын өкілдері өте көп. Оларға тиісті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Жоғарыда аталған коворкинг орталығы арқылы қа­зақ тілін дамытуға үлкен үлес қосылып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңей­ту одан сайын нығая түспек.

Коворкинг орталығының ашылу рәсі­мінен соң іс-шара этнос жастары арасын­дағы тартысты дебатпен жалғасты.

Осы орайда М.Әуезов атындағы ОҚУ жастар орталығы директорының орын­басары Е.Анарханұлы ұлттық мерекеге айналған Республика күнінің маңыз­дылығына айрықша тоқталып өтті.

Биыл Ұлытауда өткен Ұлттық құрыл­тайдың алғашқы отырысында Президент Республика күні мерекесіне ұлттық мәртебесін қайтаруды ұсынды. «Бұл дата ел аумағында 2009 жылға дейін кең көлемде аталып өтті. Кейіннен енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік мерекелер қатарынан алынған болатын. Енді араға 13 жыл салып, Республика күні мерекесімен қайта қауыштық. Сондықтан Тәуелсіз ел екенімізді еске салып тұратын бұл мерекені әр жыл сайын мәнді де сәнді етіп өткізуіміз керек. Қазақ үшін тәуел­сіздіктен артық бақыт жоқ. Адамдар осы­ны ұғынып, ел ағалары жастардың сана­сына азаттықты сақтаудың жолында күре­су керектігін құйып отыруы қажет. Еге­­мен ел барда халықтың арман-тілегі орын­далып, алдына қойған мақсат-мүд­десі іске аса береді. Рас, тәуелсіздікті алу оңай да, оны ұстап тұру қиын. Сол себепті егемендікті қызғыштай қору – халықтың мойнына артылған жүк. Әсіресе келешекте ел тізгінін қолына алатын жастардың бұл тұрғыда жауапкершілігі мол болуға тиіс», деді ол.

Жалпы, «Ассамблея жастары» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық өкілдігі 2022 жылғы 1 ақпан күні құрылып, оның жетекшісі болып Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының 2-курс студенті Нұрболат Мейірбеков тағайындалды. Ұйым қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік құндылықтары негізінде жастар бастамашылдығын қолдау, оларды мемлекеттік құндылықтар аясына топтастыру, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі шеңберінде жастарды жұмылдыру және қазақстандық жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту бағытында жұмыстар атқарып келеді.

Мәселен, жыл басынан бері «Ас­самблея жастары» РҚБ Шымкент қалалық өкілдігі мүшелерінің қатысуымен 38 іс-шара ұйымдастырылып, белсенді жас­тар мен ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерімен 24 кездесу өткізілді. Де­бат соңында «Ассамблея жастары» ұйымы­ның жыл соңына дейін өткізетін іс-шара­лары мен жобалары таныстырылып, жас­тар белсенділігін арттыру маңызы түсіндірілді.

Дебатқа түскен ойыншылар мен көрермен жастар еліміздің өскелең ұрпағы отансүйгіш, туған жерінің нағыз патриоты болуға тиіс. Ол үшін әділетті Қазақстан бас­тамасымен бірге адамдардың қоғамдағы бір-бірімен қарым-қатынасы, билік пен қарапайым халық арасындағы байланыс­тар ғана емес, сана-сезім, ішкі ой-түйсік те қоса өзгеруі керек. Ал бұл мақсатқа жету үшін алдымен қоғамда әділеттілік, заң, ұлттық құндылықтар мен ар-намыс үстем құруы қажет. Әділетті қоғам құруға қазақ мемлекетінің толық мүмкіндігі бар. Өйткені оған қажетті күш-қуат елде толық жеткілікті. Адами ресурс, капитал, саяи-экономикалық тұрақтылық, бейтараптық, жан-жақты интеграция Қазақстанды алдына қойған мақсатына міндетті түрде жеткізеді. Ендігі керегі – адал еңбек, тынымсыз ізденіс, мықты менеджмент пен жастар тәрбиесі. Жасампаздыққа ұмтылу – қазақтың бойында бұрыннан бар қасиет. Әділетті Қазақстанды қалыптастыруда осы қасиетті халықтың бойында қайтадан ояту керек. Әсіресе ел жастардан саяси белсенділік пен қайраткерлікті күтеді. Өз кезегінде жастар халықтың осы сенімін ақтап, үдеден шыға білуі керек деген қорытындыға келді.

к

Сонымен бірге Достық үйі ғима­ра­тында Шымкент қаласы әкімінің бі­рін­ші орынбасары, қалалық ҚХА төр­аға­сының орынбасары арнайы кездесу өткізіп, ел бірлігі мен татулықты ны­ғайтуға елеулі үлес қосқан 8 азаматты жоға­ры наградамен марапаттады.

Еліміз ширек ғасырда толағай табыстар мен жетіс­тіктерге қол жеткізді. Оның ішінде Қазақ­станда өмір сүріп жатқан этнос өкілдері қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, берекелі бірлік жолында қазақстандық дамудың өзіндік моделін қалыптастырды.

Соның бір айғағы, бүгінде Ассамблея мүшелері ел игілігіне бағытталған байсалды бастамаларға қолдау көрсетіп, ішкі бірлік пен татулықты нығайту жолында жемісті жұмыс жүргізіп келеді.

Осы орайда, Қазақстан Республика­сында ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақ­стан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен Шымкент қалалық өз­бек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахир­жан Хакимбеков, Әл-Фараби аудан­дық өзбек этномәдени бірлестігінің төр­айымы Нуриниса Досметова және еврей этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Белла Атран марапатталды. Сон­дай-ақ «Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Динмұхамед Искендировке Қазақстан  Президентінің Қазақстан халқы Ассам­блеясының Құрмет грамотасы, ал Нұр­болат Мейірбековке Алғысхаты тапсырылды.

Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассам­блеясы төрағасының орынбаса­ры-Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассам­блеясы хатшылығының меңгерушісі М.Әзіл­хановтың атынан бірқатар Алғысхаттар табысталды.

 

ШЫМКЕНТ