Сұхбат • 03 Қараша, 2022

Берік Асылов: Комиссияның көздегені – заңсыз капиталды елге қайтару

519 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

«Мемлекеттің байлығы белгілі бір адамдарға емес, барша халыққа тиесілі. Сондықтан, бүкіл халықтың әл-ауқатын арттыру – алдымызда тұрған аса маңызды міндет». Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы кезінде айтқан болатын. Жақында комиссия құрылғалы бері атқарған жұмыстарының қорытындысын жариялады. Құрамына құқық қорғау, орталық атқарушы органдар мен ведомстволардың бірінші басшылары кіретін комиссия бес айдан бері жұмыс істеп келеді. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, осы уақыт ішінде елге кем дегенде 630 млрд теңге қайтарылған. Бұл қомақты капиталдың артында қандай жұмыс тұр? Қайтарылған қаржы кімдерге тиесілі болған? Бұған дейін нормативтік актілер кімнің пайдасына шешіліп келген? Алдағы уақытта комиссия қанша уақыт жұмыс істейді? Шыны керек, активтерді қайтару жөніндегі комиссияның қызметіне қатысты бұл сұрақтар мен мәселелер бүкіл қоғамды қызықтырады. Халықтың жіті назарында тұрған осы сауалдарды біз ведомствоаралық комиссия басшысы, Бас прокурор Берік АСЫЛОВҚА қойған едік.

Берік Асылов: Комиссияның көздегені – заңсыз капиталды елге қайтару

– Берік Ноғайұлы, сөз басында комиссияның қандай мақсатта құрылғаны туралы айтып өтсеңіз. Сіздердің алдарыңызға бірінші кезекте қандай міндеттер қойылып отыр?

– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жүргізілуде. Биыл бүкілхалықтық референдумда ел Конституциясына түзетулер енгізілді, ре­фор­малар үшін қажетті заңдар қабыл­дануда, сондай-ақ қоғамды одан әрі де­мо­кра­тияландыруға бағытталған басқа да ма­ңызды бастамалар іске асырылып келеді.

Президент Жолдауда: «Жаңа Қазақ­станның іргетасы саяси және эконо­микалық реформалардың үйлесімді бай­ланысы негізінде қалануға тиіс. Бұл біздің елімізді дәйекті түрде ілгері дамытуды және азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді», деп атап өтті. Сондықтан бүгінгі таңда экономикада шынайы және әділетті «ойын ережелерін» қалыптастыру, эконо­микалық ресурстардың монополиялық шоғырлануын жою, заңсыз шығарылған капиталды қайтару секілді мәселелер ерекше өзекті.

Осы бағыттағы мемлекеттік орган­дардың жүйелі жұмысын қамтамасыз ету үшін 2022 жылғы 5 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Эко­номикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәсе­лелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Бас прокуратура – осы комиссияның жұмыс органы.

Комиссия құрамына Ұлттық қауіп­сіздік комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық Банк, Ішкі істер, Сыртқы істер, Қаржы, Әділет министрліктерінің, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның бірінші басшылары кірді. Бұл органдар үшін активтерді қайтару басым міндеттердің біріне айналды.

Ел Президенті комиссияның алдына заңсыз шығарылған активтерді қайтару, әділдікті қалпына келтіру және барлығына бірдей мүмкіндіктері бар қоғам құру үшін қажетті жағдайлар жасау сияқты нақты міндеттер қойды. Бұл ретте, бүкіл заңдық рәсімдерді сақтау қажет және тұтастай алғанда, комиссияның қызметі барлық құқықтық нормаларға толық сәйкес келуге тиіс.

Прокуратура органдары негізінен қадағалау және үйлестіру функцияларын жүзеге асыратыны белгілі. Ал комиссия шеңберінде ведомство жүргізіп жатқан жұмыстар қандай?

– Комиссия мүшелерінің жұмысын үйлестірумен қатар прокуратура органдары өз бетінше талдау және тексеру іс-шараларын жүргізеді. Бүгінгі күні белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді.

Атап айтқанда, заңсыз иеліктен шығарылған объектілерді, берілген жер учаскелерін қайтару туралы 13 талап қою енгізілді. Қадағалау актілері бойынша 5 млрд теңге сомасына 140 мың гектардан астам заңсыз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскелері қайтарылды.

Бұдан бөлек, олигополиялардың пайдасына негізсіз шығарылған сот акті­лерінің күшін жоюға 23 наразылық енгі­зілді. Прокурорлық тексеру нәтижелері бо­йынша қылмыстық қудалау органдары әртүрлі теріс пайдалану, мемлекеттік мүлік пен бюджет қаражатын ұрлау фак­тілері бойынша 12 сотқа дейінгі тергеп-тек­серуді бастады. Сондай-ақ арнайы про­ку­рорлар олигополия өкілдеріне қатыс­ты 4 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүр­гізуде.

– Прокурорлар қандай бағыттар бойынша тексеріс жүргізуде, нақты нәтижелері бар ма?

– Бағыттар әртүрлі, олар – салық және кеден салалары, монополияға қарсы заңнама, жер қойнауын пайдалану, құрылыс саласы және тағы басқалары. Мысалы, кеден саласындағы тексеріс кезінде артықшылықтарды пайдалана отырып, импорттаушы 10 компанияның Қытайдан тауарларды әкелу нарығын монополияландырғаны анықталып отыр. Басқа кәсіпкерлер тауарларды өз бетінше әкеле алмаған және тек солар арқылы жұмыс істеуге мәжбүр болған. Ал бұл «артықшылық» оларға пайданың көп бөлігін береді.

Бұл ретте, кедендік төлемдерден жалтару үшін компаниялар әкелінетін тауарлардың құнын жүйелі түрде төмен­детіп, мемлекетке 107 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірді. Бүгінгі күні қабылданған шаралардың нәтижесінде осы сомадан 57 млрд теңгеге залал өтелді. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда.

Басқа жағдайда, көлік-логистикалық компаниясы Қытаймен шекарадағы кеден бекеті арқылы тауарларды тасымалдау нарығын монополияландырған. Өзінің жағдайын пайдалана отырып, картельдік келісім жасасу арқылы ол қызметтерге жоғары баға белгілеп, 4,3 млрд теңге сомасына монополиялық табыс алған.

Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 221-бабы (монополиялық қызмет) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өкінішке қарай, мұндай мысалдар аз емес.

– Активтерді қайтару бойынша жалпы жұмыс қалай жүргізіледі? Сонда комиссия қазіргі таңда ел ішінде жұмыс істеп отыр ма?

– Жоқ, жұмыс ел ішінде де, шетелде де жүргізілуде. Мысалы, комиссия жұмыс істеген бес ай ішінде мемлекетке жалпы сомасы 630 млрд теңгеден астам залал өтелді және активтер қайтарылды. Қылмыстық қудалау аясында шетелдік юрисдикциялардан 400 миллионнан астам доллар қайтарылды. Атап айтқанда, Лихтенштейннен – 170 млн доллар, Гонконг пен БАӘ-ден шамамен 3 млн доллар қайтарылды, сондай-ақ алыс шетелдерден шамамен 230 млн доллар сомасындағы зергерлік бұйымдарды қайтаруға мүмкіндік туды.

Сонымен бірге шетелде активтерді сатып алуға болатын барлық қаражат біздің еліміздегі экономикалық қызмет есебінен қалыптасқанын ескеру қажет. Қылмыстық активтерді қайтару бойынша жұмысты осы жерде заңсыз әрекеттерді анықтаудан бастау керек екені анық.

Шетелдегі активтерді Қазақстанның пайдасына тәркілеу – айтарлықтай ұзақ процесс. Өйткені шетелдік әріптестеріміз «тыйым салуды сұраймыз» деген біздің хатымыздың негізінде ғана мүлікке ты­йым сала алмайды.

Егер біз жымқыру немесе басқа предикаттық қылмыс фактісін анықтау, ұрланған қаражатты оффшорлық аймақ­тарды қоса есептегенде шетелге шығару, осы қаражатты белгілі бір объект үшін төлеу үшін аудару тәрізді бүкіл тізбекті дәлелдемесек, онда бізге бұл мүлікке тыйым салудан да, қайтарудан да бас тартады. Осылайша, алдымен ықтимал заңсыз табыс анықталады, содан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру, содан кейін сот болады, одан кейін ғана сот шешімі шығарылады. Егер сот активтің заңсыздығын мойындап, оны тәркілеу туралы шешім шығарса, сонда ғана Бас прокуратура істің егжей-тегжейімен және барлық дәлелдермен растай отырып, ты­йым салу туралы халықаралық тергеу тапсырмасын жібереді. Бұл өте ауыр және қиын процесс екенін түсіну маңызды.

– Біраз уақыт бұрын БАҚ-та оли­гополиялардың мүддесі үшін арнайы нормативтік актілер қабылданғаны туралы хабарланды. Осыған қатысты түсініктеме бере аласыз ба?

– Иә, жекелеген нормативтік құжаттар олигополиялардың мүдделеріне қарай «бейімделген» жағдайлар бар. Мысалы, жақында «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ты жекешелендіру туралы Үкімет қаулысының күші жойылды. Бұл құжат нақты бір олигополияның мүддесі үшін шығарылғаны дәлелденіп, сотта анықталды.

Активтерді төмен бағамен сатып алудың көптеген мысалдары бар. Алматыда «Барыс-4» ірі көтерме сау­да базарындағы мемлекеттік үлесті төмен­детілген бағамен заңсыз сату да анықталды. Сот прокуратураның жеке­шелендіру шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қанағат­тан­дырды. Сондай-ақ елордалық «Шапағат» коммуналдық базарын сату кезінде бұзушылықтар анықталып отыр. Сот прокуратураның мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырды. Сот актілері заңды күшіне енгеннен кейін бұл объектілер мемлекет меншігіне қайтарылады.

Кейбір басқа да жекешелендірілген объектілер бойынша қабылданған ше­шім­дердің заңдылығын тексеру жалғасуда. Жалпы, соттардың қарауында 10 млрд теңгеден астам сомаға мүлікті мемлекетке қайтару туралы прокуратураның тағы 10 талап қоюы бар.

Аймақтық органдар да белгілі бір адам­дардың пайдасына шешім қабыл­даған. Айталық, олигополияда белгілі бір коммерциялық мүдде туындаған және оны жүзеге асыру үшін жергілікті органның құжаты қажет болған – сол кезде оны шығарған.

Мысалы, Алматы қаласының халық­аралық әуежайында сауда дүкендері, барлар мен мейрамханалар аймағын заңсыз сату анықталды. Олар 2003 жылы Алматы қаласының әкімі В.Хра­пуновтың жеке компанияға 333,7 млн теңге сомасында жоқ берешекті өтеу есебінен заңсыз берген. Біз әуе­жай тер­миналының 1601,1 шаршы метрлік үй-жайларына қатысты құқық белгілейтін құ­жаттарды заңсыз деп тану туралы сотқа талап қою бердік.

Қайтарылған ақша қайда кетеді? Активтер бір адамнан екіншісіне ауысады деген пікірлер де айтылып жүр. Бұл қаншалықты рас?

– Жоқ әрине, олай емес. Мемлекет басшысының негізгі мақсаты мен қағидаттық ұстанымы – әділ қоғам құру. Егер бұрын актив мемлекеттік меншікте болса, ол сонда қайтарылады. Егер ұлттық компанияның меншігінде болса, тиісінше ұлттық компанияға беріледі. Мысалы, жер учаскелері, егер біз оларды бөлу кезінде бұзушылықтарды анықтасақ, оларды жойып, мемлекетке қайтарамыз. Осыған дейін атап өткенімдей, құны 5 млрд теңге болатын 140 мың гектардан астам жер мемлекет пайдасына қайтарылды.

Біздің міндет – нақты мақсаттар үшін және жекелеген адамдар үшін жасалған құжаттарды, шешімдер мен схемаларды анықтау және жою. Айталық, олигополиялардың белгілі өкілі 600-ден астам темір жол тұйықтарын сатып алған. Сатып алу процесінің өзі заңды сияқты: Үкіметтің қаулысы болды, тендерлік рәсімдер, бағалау бәрі бар. Біз әрбір кезеңді қарастырамыз. Бағалаудың қандай әдісі қолданылды? Рәсімдер бұзылды ма? Тізбектен саналы түрде жеке сегмент шығарылды ма? Барлық жұмыстың қорытындысы бо­йынша мүлікті заңды иелеріне, яғни бұл жағдайда «ҚТЖ» ұлттық компаниясына қайтарып бердік.

Жақын арада жұртқа белгілі есімдермен жаңа әрі үлкен істер ашыла ма? Қарапайым халық бұл туралы хабардар бола ма?

– Заң бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің деректері жария етуге жатпайды. Содан кейін белгілі бір адамның айналасында шу шығара бастағанда олар жасырынып, белгілі бір активтерді қайта жаза алады немесе тез сата алады. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Қазір деректерді зерттеу және талдау жүр­гізілуде, тиісті жұмыстар жасалуда, нәти­желері болған кезде біз міндетті түрде хабарлаймыз. Әрбір қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін жұртшылық нәтижелер туралы хабардар болады.

– Олигархтар деп аталатын жекелеген адамдарға тыйым салулар немесе шектеулер болуы мүмкін бе?

– Комиссия жұмысында қандай да бір шектеу жоқ. Біз оны экономикалық ресурстардың тар шеңбердің қолында шоғырлануы тоқтатылғанша және адал бәсекелестік пайда болғанша соңына дейін жүргіземіз. Жұмыс тұрақты, дәйекті жүргізіледі.

Елу адамнан тұратын тізімді анықтап, оларды қамауға алуға және олардың актив­теріне тыйым салуға болмайды. Бұл заңсыз. Мемлекет басшысы бізден дәйекті, ең бастысы, заңды жұмысты талап етеді.

– Комиссияға берілген нақты бір мерзім бар ма?

– Комиссия қызметінің мерзімін белгілеу, шектеу дұрыс болмауы мүмкін. Комиссияның өзі неліктен құрылды – өйткені мемлекеттік органдардың үлкен тобының қызметін үйлестіру қажет еді. Бұл артық хат алмасумен және басқа бюрократиялық нәрселермен айналыспауымыз үшін керек.

– Заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері бойынша шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл қалай жүзеге асырылуда? Қазақстанға қандай елдер және қалай көмектесуде?

– Шетелдегі әріптестермен өзара іс-қимылдың негізі – шарттық база. Бүгінгі күні 33 елмен қылмыстық-құқықтық салада 70 екіжақты шарт жасалды. Бұл – ұстап беру, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және сотталған адамдарды беру туралы шарттар.

Жақында Кипр Республикасымен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек беру туралы шарттарға қол қойылды. Бұл құжаттар бізге күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсі туралы дәлелдер алуға, соның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражаттары мен басқа да мүліктерге тыйым салуға және оларды тәркілеуге, сондай-ақ іздеуде жүрген адамдарды жауапқа тарту үшін экстрадициялауға мүмкіндік береді.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің әріптестерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырудамыз. Осы жылдың қыркүйегінде Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Бас прокурорларының мерейтойлық 20-шы отырысы өтті. Отырыс кезінде тәжірибе алмасу және қылмыстық активтерді қайтару кезіндегі озық тәжірибелер мен проблемалар талқыланды.

Сонымен қатар БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының көмегімен біз активтерін қайтарудың Еуропадағы «Carin», Азия мен Океаниядағы «Arin-ap», Батыс және Орталық Азиядағы «Arin-wca» желілеріне қосылдық. Бұл желілер – прокурорлар мен тергеушілердің бейресми клубтары. Оларға мүшелік әлемдегі кез келген прокурормен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Осындай шаралардың арқасында сұрау салулардың орындалуы жеделдеді. Оффшорлық орталықтардан қажетті дәлелдерді алудамыз.

Сондай-ақ біздің елдің құқық қорғау органдары әлемнің 166 қаржылық барлауын қамтитын «ЭГМОНТ» тобын белсенді қолдана бастады. Бұл желі жекелеген жағдайларда қысқа мерзімде шетелге шығарылған қылмыстық кірістер, күдікті операциялар және банктік шоттар туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.

Шетелде қылмыстық кірістерді іздеу, оларға тыйым салу және тәркілеу әдістемесін және құқықтық көмек туралы сұрау салудың бірыңғай стандартын әзірледік. Бұл құжаттар Еуропалық Одақтың, АҚШ-тың, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің талаптарына негізделген және оларды БҰҰ мен Дүниежүзілік Банктің сарапшылары мақұлдаған. Олар нақты құрылымдалған және қазақстандық сұраныстардың сапасын арттырады.

– Десек те әлі де комиссиядан келетін ақпарат көп емес. Осы тұрғыдан келгенде комиссия жұмысының ашық­тығы жөнінде білуге бола ма?

– Комиссия жұмысының жария­лылығы туралы айтатын болсақ, БАҚ біздің әрбір қадамымызды көрсете алмайтынымызды түсінуі керек. Қазіргі таңда тексеру іс-шаралары, ақпаратты мұқият талдау және құжаттарды зерделеу жүріп жатыр. Сонымен қатар расталған ақпарат болған кезде біз комиссия жұмысының жекелеген нәтижелері туралы жұртшылықты жүйелі түрде хабардар етіп отырмыз.

Тергеудің құпиясы, кінәсіздік презумпциясы, яғни адал азаматтардың беделіне мерзімінен бұрын зиян келтірмеу үшін заңнамалық шектеулер бар екенін ескеру қажет. Сондықтан біз соттардың шешімдерімен расталған активтерді қайтарудың нақты фактілері туралы міндетті түрде хабарлаймыз. Осы мақсатта комиссияның ресми өкілі анықталып, веб-сайты да іске қосылды.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»