Аймақтар • 03 Қараша, 2022

Апат айтып келмейді

242 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай, Қарағанды шахтасындағы апат тағы бес кеншінің ғұмырын қиды. Қарашаның 3-іне қараған түні сағат 3.00-де болған «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты Ленин атындағы шахтадағы нәубет орны толмас аса ауыр қайғыға душар етті. Газдренаждық ұңғыма бұрғылау кезінде кенеттен жоғары концентратты метан газы бөлініп, шахтадағы 106 адамның 101-і дереу эвакуацияланды. Ресми ақпараттар алғаш 4 адамның қаза тапқанын жариялаған еді. Таңертең сағат 9:09 минутта бесінші адамның денесі табылғаны хабарланды.

Апат айтып келмейді

«Жер астындағы 106 адам­ның 9-ы зардап шекті. 4-еуі – ау­руханада, 5 адам қаза тапты. Қазір апаттық-құтқару жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Біз қаза тапқан кеншілердің отбасы­ларына көңіл айта­мыз. Зар­дап шеккендердің барлы­ғына тиісті көмек көрсетіледі», дейді «АрселорМиттал Темір­тау» АҚ Көмір департамен­тінің директоры Арман Қалықов.

«КӘАҚҚ РОШ» ЖШС Қара­ғанды филиалының алты құт­қа­рушы бөлімшесі – 35 құтқарушы 830 метр терең­дікте құтқару жұ­мыстарына жұмыл­дырылды. Құт­қарушылардың айтуынша, апат аяқ астынан шыққандықтан кеншілер өзін-өзі құтқару құ­рыл­ғыларына қосыла алмай қалған.

– Алғашқыда үш адамның денесін таптық. Біраз уақыттан кейін тағы біреуін, содан соң бесінші кеншіні тауып алдық. Апат кенеттен болғандықтан кеншілер өзін-өзі құтқару құрыл­ғыларына қосылып үлгер­меген, – деді «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС Қарағанды филиалы ди­рек­торының орынбасары Жұмат Өкенов.

Алғашқыда апат орнынан Шах­тинск қаласының орталық ауру­ха­­насына зардап шеккен 4 адам жет­кізілді. Оның екеуіне метанмен у­ланған диагнозы алдын ала қойылып, Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың токсикология бөліміне дереу ауыстырылған-ды. Дәрігерлер консилиумынан соң қалған екі кенші де осы ауруханаға алдырылды. Себебі оларда уланумен қатар бастың ашық жарақаты бар.

– Екі науқаста бастың ашық жара­қаты және улану бар. Оларды опера­ция­ға дайындауда. Бір сағаттан соң операция жасалады. Естерін біледі. Дегенмен жағдайлары ауыр, реанимацияда. Жарақаттың ауырлығын ескерсек, нақты болжам жасау қиын, – деді Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Талғат Жүкен. Қалған екі кеншінің жағдайы тұрақты.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Ленин атындағы шахтадағы төтенше жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 277-бабы 3-тармағына сәйкес қыл­мыс­тық іс қозғалғанын хабарлады. Оқиға орнында Қарағанды облыстық полиция департаментінің жедел-тергеу тобы тергеу жұмыс жүргізуде.

Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«АрселорМиттал Теміртау» ак­­цио­нерлік қоғамының шахтасында бол­ған апат салдарынан қаза тап­қан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарының қайғысына ор­тақ­та­сып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Үкі­мет­­ке және Қарағанды облысының әкі­міне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырдым», деп жазылған жеделхатта.

Апаттың себептерін анықтау үшін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин басқарған үкіметтік комиссия құрылды. Қаза болған кеншілер отбасына облыс әкімі Жеңіс Қасымбек те көңіл айтып, көмек көрсетілетінін жеткізді.

Қаза тапқан кеншілердің жасының алды 42-де болса, ең жасы 26-да.

Ленин атындағы шахтада қаза тапқандар тізімі

  1. Бойченко Дмитрий Игоревич, 1991 жылы туған, жерасты бұрғылау қондырғысының машинисі. Жұмыс өтілі – 8 жыл. Артында анасы қалды.
  2. Санжаров Андрей Павлович, 1980 жылы туған, жерасты бұрғылау қондырғысының машинисі. Жұмыс өтілі – 21 жыл. Ата-анасы мен екі баласы қалды.
  3. Инкин Денис Анатольевич, 1984 жылы туған, жерасты бұрғылау қондырғысының машинисі. Жұмыс өтілі – 13 жыл. Марқұмның соңын­да әкесі, жұбайы, қызы және асырауын­дағы тағы бір адам қалды.
  4. Қашкей Арман Қадыржанұлы, 1993 жылы туған, жерасты бұрғылау қондырғысының машинисі. Жұмыс өтілі – 8 жыл. Артында ата-анасы қалды.
  5. Ынтыбеков Марғұлан Серікұлы, 1996 жылы туған, бұрғылау қондыр­ғысы машинисінің көмекшісі. Жұмыс өтілі – екі ай. Марқұмның артында әкесі қалды.

Еске сала кетейік. Былтыр, дәлі­рек айтқанда, осы уақытта қара­шаның 7-інде сағат 08.30-да Абай шах­та­сын­дағы жарылыстан 6 адам қаза тапқан-ды. Мұнда апатқа көмір мен газдың кенеттен жарылуы себепкер болған еді.

 

Қарағанды облысы