Қаңтар оқиғасына көбінесе «атойлағандардың желеуіне» еріп, тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың шын ниетін бірден түсінбеген немесе өздерінің заңсыз әрекеттерінің зардабын бағамдай алмаған азаматтарымыз қатысты. Осындай оқиғалардың қасіреті мемлекетіміздің ең жоғары құндылықтары – оның егемендігі, тұтастығы, конституциялық құқығы мен қоғамдық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, елдің бірлігіне іріткі салды.
Қазіргі уақытта жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылардың (ұйымдастырушыларды есептемегенде) саны 1 600 адамға жетіп отыр. Оның ішінде 1 500 адам рақымшылыққа ілінген. Рақымшылық заңы тек 4-7 қаңтар аралығында өткен жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан, сол жерде болып тұтқындалған азаматтарды қамтиды.
Бір ескеретін нәрсе – рақымшылыққа іліккен қылмыстық істердің барлығы толық ақталуға жатқызылмайды. Рақымшылық жасау адамды ақтамайды және оны заң тұрғысынан ақтай алмайды, оның мақсаты – жазадан босату немесе оның мерзімін қысқарту.
Заң нормаларына сәйкес, қылмыстық істерді тек ауыр емес қылмыстар немесе ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстар жасаған адамдарға қатысты ғана емес, сонымен қатар ауыр қылмыстар үшін жазаны 3/4-ке қысқарту көзделіп отыр. Сонымен қатар егер сотталғанның жазасын өтеуге бір жылдан аспайтын уақыт қалса, жаза мерзімі өтелмеген барлық мерзімге қысқартылады.
«Рақымшылық жасау туралы» заңның адамгершілік тұрғысынан да маңызы зор. Мәселен, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар мекемелерден босатылғандарды жұмысқа тұрғызу, тұрақты тұрғылықты жері жоқтарды арнайы орталықтарға орналастыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға әлеуметтік және өзге де көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
Рақымшылық актісі қоғамымызды біріктіру мақсатында Әдлетті Қазақстанның болашағы үшін қабылданды.
Индира ӘУБӘКІРОВА,
М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ профессоры,
заң ғылымдарының докторы