Қоғам • 04 Қараша, 2022

Сәбиді судан құтқарды

1157 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда естіген мына бір хабар жүрекке жылу ұялатып, «осындай жайтты көбірек насихат­тасақ, ел ішінде жақсылыққа деген сенім жоғалмас еді-ау» деген ойға келдік. Әлеуметтік желіні парақтап отырып оқыған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін білуі мүмкін деген адам­дарға хабарластық. Өстіп отырып өзіміз іздеген ауыл дәрігерінің де телефон нөмірін тауып алдық.

Сәбиді судан құтқарды

Кейіпкеріміз Аралбай Мәм­­бет­жанов Қазалы ауда­нын­дағы Майдакөл ауылында тұратын тіс дәрігері. Ауылда тұрса да әлеуметтік желі мен мерзімді баспасөз арқылы қоғамдағы үлкенді-кішілі оқиғаларға үн қосып отыратын азамат.

Кеш біліп жүрген біз екен, ауыл дәрігерінің айтуынша, соңы қайғылы аяқтала жаз­даған оқыс жағдай осы жыл­ғы тамыз айында болыпты. Осындағы ерлі-зайыптылар жақындары қайтыс болып, соған көңіл айтуға кетеді. Қа­ла­дағыдай құрдай қатынап жатқан көлік болмаған соң да ауылдағылардың алаңы аздау ғой. Сонда да үйдегі бір жарым жасар кішкентайды ересектерге тапсырып ке­тіпті. Күнде болмаса да ініле­ріне жиі бас-көз болып қалатын ес­тияр екі ұл да алаңсыз ойнап, кішкентайды көзден таса қылып алса керек. Барған жерінен тез оралған әке-шешесі 1,5 жасар баланың үйге жақын жармада ағып бара жатқанын бір-ақ көреді ғой.

– Баланың шешесі маған телефон шалып, баладан тіршілік белгісі байқал­майтынын хабарлады, – дейді Аралбай Аяған­ұлы. – Дереу жеттім, шынымен де сәл кешіксек баладан айырылып қалғандай екенбіз. Тез арада ес-түссіз жатқан сәби­дің су киімдерін шешкізіп, қарысқан аузын ашып, тілінің ұшынан басып тұрып жұтқан суын құстырдым. Тұншығып қалған бала бірден шар етіп жылап қоя берді. Жедел жасанды дем беріп, жүрекке жанама массаж жасап, аяқ-қолын уқалап, аудандық ауруханаға аттандырдық.

Еңбек жолын жаңа бас­таған маман болса, мұндай сәтте абдырап қалар ма еді, сәбиді сақтап қалам деген дәрігер бірінші тәжірибеге сүйенді. Ауруханаға жеткенге дейінгі 60 шақырымдық жолды уайымдап, тыным таппай кеткен ол «бала жансақтау бөліміне қабылданды» деген хабар жет­кенде арқасынан ауыр жүк түскендей болған еді. Ауру­ханада ем алған сәби аз күнде сауығып, үйіне оралды.

Осыдан екі жыл бұрын­ғы пандемия кезінде Арал­бай Аяғанұлының ауыл сыртындағы бекеттен Астана­дан келе жат­қан азаматтың бойынан дерт белгісін бай­қап, дабыл қаққан екен. Оның болжамы дәл шы­ғып, науқас дер кезінде оқшау­ландырылыпты. Жуырда ауыл дәрігері «Құрмет» орденімен марапатталды.

Кейде дәрігер қызметінен мін тапсақ, «оу, сонда Гип­пократ серті қайда қал­ды?» деп жататынымыз бар. Әсілі, ақ халат киген маман­­ның кәсібилігі сертпен емес, жақсылық жасауға асыққан ниетпен, қиын сәтте қаймықпайтын жүрекпен өлшенсе керек.

 

Қызылорда облысы