«Экономиканы монополиядан арылту – біздің ұлттық басымдығымыз. Біз дұрыс жолдамыз. Жетекші халықаралық қаржы агенттіктері Қазақстанның экономикалық өсімді ынталандыру жөніндегі күш-жігерін оң бағалады және Қазақстанның егемен рейтингін «тұрақты» болжаммен растады. Біз ашық экономика қағидатын ұстанамыз. Әлемнің 180 елімен сауда қатынастарын жүргіземіз. Бүкіл әлемдегі экономикалық күйзелістерге қарамастан, біздің шикізаттық емес өнім экспорты шамамен 40 пайызға өсті. Біз инвестиция тарту бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылық позициямызды одан әрі нығайтуға ниеттіміз», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесіне арнайы тоқталды. Сонымен қатар сауда-экономикалық ынтымақтастық перспективаларына назар аударып, еліміздің аграрлық, өндірістік сектор, энергетика, «жасыл» қаржы салаларындағы әлеуеті зор екенін атап өтті.
Қазақстан жыл сайын 5 млн тоннадан астам бидай мен 1,5 млн тонна ұн экспорттайды.
«Әлемнің ең ірі он астық экспорттаушы елдің қатарына кіреміз. Қазақстан – зығыр тұқымын ірі өндірушілердің және майлы дақыл экспорттаушылардың бірі. Сонымен қатар бізді шетелдік азық-түлік импортының жоғары деңгейі алаңдатады. Бұл инфляцияның өсуіне алып келеді. Сарапшылар Қазақстандағы инфляцияға сыртқы факторлар ықпал ететінін айтып отыр», деді Мемлекет басшысы шетелдік дипломаттармен кездесу барысында.