Қостанай қаласында Қазақстан Республикасы Судьялар одағы VII спартакиадасының іріктеу ойындары өз мәресіне жетті. Саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткен іріктеу ойындарының жабылу салтанатында Қостанай облыстық сотының төрағасы Ғ.Мырзаке аталған шараға белсене қатысқан командаларға алғысын айтып, жеңімпаздарды құттықтады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасында халықты саламатты өмір салтына ынталандыруды басым бағыттың бірі ретінде атап көрсетті. Мемлекет саясатының стратегиялық бағытының бірі бұқаралық спорт қозғалысын кеңейту аясында судьялар арасында спорт жарыстарын өткізу дәстүрге айналған. Соған орай Қазақстан Республикасы Судьялар одағының спартакиадасы 2003 жылдан өткізіліп келеді.
Игі шара денсаулықты жақсартумен қатар, судьялар арасындағы сыйластықты қалыптастырады, олардың араласуын, достық қарым-қатынасты нығайта түсті. Күші мен ептілігін, шыныққан шымыр екенін байқататын нағыз спорт мерекесінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысы соттарының құрама командалары спорттың волейбол, мини-футбол, бильярд, үлкен теннис, үстел теннисі, шахмат, дойбы түрлері бойынша бақ сынасты. Үлкен бәйгеде озып, өңір намысын қолдан бермеген ең үздік командалар мен спортшылар анықталды.
Шағын футбол мен волейболдан Қостанай облысы сотының командасы бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, үлкен теннистен Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Б.Ордабаев ешкімге дес бермеді. Үстел теннистен Жоғарғы сот судьясы О.Қожабаев, әйелдер арасында Ақмола облысындағы Жақсы аудандық сотының судьясы З.Жоламанова, бильярдтан Жоғарғы Соттың судьясы Р.Мамырбаев, шахматтан ерлер арасында Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Б.Кенженов, әйелдер арасында Қостанай қаласы №2 сотының судьясы А.Байжұманова, дойбыдан ерлер арасында Жоғарғы Соттың судьясы Б.Мақұлбеков, әйелдер арасында Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар аудандық сотының судьясы А.Досымова үздік көрсеткішке қол жеткізді.
Іріктеу ойындарының жеңімпаздары қыркүйек айында Алматыда өтетін финалдық ойындарда өз өңірлерінің намысын қорғайтын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.