28 Мамыр, 2014

Үйренуге тұратын үлгі

359 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Адамзат тарихында ғылым мен білім үздіксіз дамып отыратын, сарқылмайтын процесс екені анық. Біз осы білім мен ғылым туралы Парламент Сенатының депутаты, профессор Елеусін Сағындықовты әңгімеге тартқан едік. Сағындықовтың суреті– Елеусін Наурызбайұлы, сіз білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, оның барлық сатыларынан өтіп қана қоймай, қай уақытта да педагогикалық қызметте елең еткізерлік жаңалықтар енгізіп, тың ізденістеріңізбен танылдыңыз. Бүгінгі күні тәуелсіз еліміздің жалпы білім беру ісіндегі ахуалға қандай баға берген болар едіңіз? – Айтуыңыз орынды. Маған білім саласы етене жақын. Өйткені, онымен ширек ғасырға жуық уақыт тікелей айналыстым. Ел­басы Н.Назарбаев еліміз тәуелсіздік табалдырығын аттаған алғашқы күннен-ақ жас ұрпақтың болашағына, оқу-тәрбие ісіне баса назар аударып келеді. Қазір білім беру саласының көшбасшысы болып отырған жоғары оқу орындары, интеллектуалдық мектептер, кәсіптік-техникалық және қазақ-түрік лицейлері, гимназиялар соның айғағы. Қазақстан өзінің егемендігін жа­рия­лағанда ең бірінші болып тәуел­сіздігімізді таныған – Түркия болатын. Бауырлас екі ел бір-біріне қақпасын ашты, алыс-беріс, қарым-қатынас басталды. Қазақ жерін бүкіл түркі жұртының Отаны деп таныған сол кездегі Түркия мемлекетінің басшысы Тұрғыт Өзал өз еліндегі жетістіктерді ұлтымызға ұсынумен болды. Түрік қағанатының ұлан-байтақ даласын мекендеген бауырластардың Анадолы топырағымен тамырымыз қайта жалғасты. Білім министрлігінің тікелей бас­шылығымен 1992 жылы қазақ-түрік лицейі алғаш рет Алматыда, сонан соң Көкшетау, Ақтөбе, Ақмола, Түркістан қалаларында ашылды. Қазір олардың саны 30-ға жетті. Оқушылар саны 10 мыңға жуық. Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Астана мен Өскемен қалаларында халықаралық мектептер, Алматы мен Таразда колледж­дер және оңтүстік астанада Сүлеймен Демирел атындағы университет оқу-тәрбие, білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сай жүргізуде. Олардың барлығы да 1997 жылы «KATEV» Ха­лықаралық қоғамдық қорына бірік­тіріліп, Қазақстан мен Түркия арасына рухани көпір салынды. Астанада 2007-2008 оқу жылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұсауын кесіп, жаңадан халықаралық «Нұр Ор­да» білім кешенінің ашылуы, еліміздің білім беру саласын­да айтулы оқиға болды. Білім кеше­ні­нің ашылу салтанатында Елбасы «Интеллектуалдық мектептерге айрықша мәртебе беріледі, олар айрық­ша жабдықталады, ұстаздар да ай­рық­ша іріктеуден өтеді», деп атап көрсетті. Сол уақыттан бергі қысқа мерзім ішінде халықтың ілтипатына бөленіп, құзырлы орындардың жоға­ры бағасына ие болып үлгерген «Нұр Орданың» қанаты қатая түсті.  – Осы білім ордасының басқа қазақ-түрік лицейлерінен айыр­ма­шылығы қандай? Нендей өзгешелігі бар? – Кезінде Білім министрінің орынбасары болғанымда, тәуелсіз еліміздің жаңа орта білімінің базистік оқу жос­пары мен бағдарламасын әзірлеген топқа жетекшілік еттім. Осы үлкен іске Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдарын тартып, барлық пәндерді қамтыған 120 жаңа оқулық әзірледік. Олар мазмұн-мағынасы жағынан әлемдік деңгейге көтерілді. Осылайша білім беру саласында қайнап-піскендіктен «Нұр Ордадағы» ерекшелік, жаңалық мені қатты қызықтырып, кешеннің барлық нысандарын араладым, тәжірибесімен таныстым. Білім берудегі интеграцияны, жаңа модульді айқын көрдім. Осы білім кешенінің басшысы Орхан Озтумсуктың әр жас өскіннің бойындағы қабілет ұшқынын тауып, оны әрі қарай дамытуға ықыласы өзгеше. Педагог осындай болуы керек. «Нұр Орданың» ең бірінші ерек­шелігі, ол балабақша – қазақ-түрік лицейі – халықаралық мектеп тіз­бегі жасалған. Бұрынғы қазақ-түрік лицейлеріндегідей 6-7 сыныптан емес, бала мұнда үш жастан қабылданады. Білім беру мазмұны үш сатыда, яғни, бірінші балабақшада, сосын 1-6 сыныптарда жүзеге асырылады. 7-11 сынып оқушылары Білім және ғы­лым министрлігі мен «KATEV» халық­аралық қоғамдық қоры бірлесіп әзірлеген мемлекеттің жалпы білім беру стандартына сәйкес жоспарлармен оқытылады. 1-6 сынып оқу жоспарының вариативтік бөліміне сәйкес 3 сағаттан ағылшын тілі, шахмат, информатика пәндері жүргізіледі. «Нұр Орда» түлектері төрт тілді – қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін толық меңгеріп шығады. Оқу үдерісіндегі тағы бір басты ерекшелік – жетілдірілген оқыту жүйесі негізінде енгізілген интеллектум пәні. Пәннің мақсаты жаңа ортаға бойындағы қабілеттерімен бейімделіп, абстракты тұжырымдаманы түсініп және оны қолданысқа енгізіп, шешім қабылдай алатын, өзін-өзі басқару үшін өз білімін қолдана алатын адамдар қалыптастыру.  – Алғаш рет қазақ-түрік лицейлері ашыла бастағанда ел ішінде оған күмәнмен қараушылар да болғаны жасырын емес. Күмән былай қалып, ҚТЛ қазір жалпы білім беруде көш басына шықты. Жалпы білім берудің жаңаша үрдісін әкелген «Нұр Орда» оқушыларының жетістіктері қандай екен? – Ашылғаннан бері оқу жылының алтыншы кезеңін аяқтағалы отырған «Нұр Орда» кешеніндегі лицей оқу­шылары жер-жаһанның түкпір-түк­пірінде өткізілетін халықаралық білім жарыстарында өздерін Қазақ­станның үкілі үміті мен жарқын болашағы екенін дәлелдеп үлгерді. 2011-2012 оқу жылындағы 58 түлектің 24-і еліміздің жоғары оқу орындарына, 34-і АҚШ, Швейцария, Корея, Англия, Қытай, Ресей, Сингапур, Канада, Малайзия, Түркия, Шотландия, Германия мемлекеттерінің әлемге танымал, алдыңғы қатарлы оқу орындарына түскен. Өткен оқу жылында лицейді 43 оқушы бітіріп шыққан. Ұлттық бірыңғай тестілеуде түлектер 106,4 орта баллмен Қазақстандағы үздік мектептердің ондығына енген. Лицейдің жетістіктерге ие болу сыры мынада деп білемін, ол – халықаралық іс-тәжірибелерді зерделеп, зияткер, рухани жағынан жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, ұлтын сүйетін, мінез-құлық қағидаларына берік сауатты ұрпақ қалыптастыруды мақсат еткен. «Нұр Орда» кешенінде мектеп жасына дейінгі балаларға арналған балабақша бар. 16 топтың әрқайсысына 14-16 баладан жинақталған. Балалар кішкентайынан-ақ «Өзін-өзі тану», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» бағдарламалары мен оқу жоспарлары бойынша мектепке дейінгі дайындықтан өтіп шығады. Бүлдіршіндер қысқа мерзім ішінде-ақ тілді игеріп, тіпті шебер сөйлеуге дағдыланады. Бала­бақшадағы халықаралық топтарда қазақстандық және Кэмбридж білім беру бағдарламаларының біріктірілген нұсқасы қолданылады. Балабақша меңгерушісі Жанар Молдабаеваның мектепке дейінгі бала тәрбиесін жетік білетінін байқадым. – Елеусін Наурызбайұлы, аталған білім кешенінде оқушылар төрт тілді тең меңгеріп шығады дедіңіз. Бұл оқу ордасының қабырғасынан үлкен өмір жолына аттанған түлек үшін керемет жетістік қой. – Әрине. Ел Президенті «Болашақ­тың іргесін бірге қалаймыз!» деп аталатын 2011 жылғы Жолдауында: «Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады», деген еді. Оның шынайы көрінісін осы білім ордасынан көруге болады. Қазақ-түрік лицейлерінің қызметін үйлестіріп отырған «KATEV» халық­аралық қоғамдық қоры мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында 2008 жылдан бастап республикалық қазақ тілі олимпиадасын өткізуді дәс­түрге айналдырды. Биыл осы үлкен іс-шараны алтыншы мәрте өткізді. Мұны мәдени-рухани интеграция жолындағы сәтті қадамдардың бірі деп атауға болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Болашақта бүкіл азаматтардың мемлекеттік тілді білуі бізді бұрын­ғыдан бетер үндестіріп, бірлікті ны­ғайта түседі», деп атап көрсетті. Тіл мәселесіне келгенде дәйексіз дауға бармай, оған басқа жағынан қарау керек. Мемлекеттік тіл – біздің тіліміз – қазақ тілі. – Өткен ғасырдың 90-шы жылдары елімізде алғаш лицей, гимназия ашыла бастағаны белгілі. Соған сіздер ұйытқы болдыңыздар. Сонда қандай тәжірибеге сүйендіңіздер? – Менің өсу, қалыптасу жылдарым кәсіптік білім беру ісімен тікелей байланысты. Кезінде кәсіптік-техникалық училищелерде оқу өндірісі шебері, индустриялдық-педагогикалық техникумды бітірген соң сонда оқытушы болдым. Маған оқушылардың оқу-тәрбиесі де, тұрмысы да, мінез-құлқы да бес саусақтай белгілі, алақандағыдай аян. Сол кездері кәсіптік-техникалық училищеге тәртібі мен оқу үлгерімі төмен жастарды жіберу үрдіс алды. Әрине, олардың арасында отбасы жағдайына байланысты бір кәсіпті игеріп, ертерек еңбекке араласуды көздеген ұл-қыздар да болды. Біздің ұлтымыздың бұрыннан сақ­талып келе жатқан қазынасы мол. Бір ғана Абайдың өзін елеп-екшеп, оқи берсең – маржаны көп, арзаны жоқ. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында мен Ақтөбе облыстық білім басқармасын басқарған уақыт тәуелсіздік туын тұғырына қондырған, үлкен өзгерістер, санадағы сілкіністер кезеңімен тұстас болды. Сондықтан көп ізденуге тура келді. Біз бұрынғы мен бүгінгі озық тәжірибелерден үйренуден қашпауымыз керек. Мәселен, көршілес Ресейдің білім беру жүйесінде ХІХ ғасырдың басында ашылған император лицейінің өзіндік орны бар. Мұнда дворяндардың балаларын мемлекеттік қызметке дайындау мақсат болған. Лицейдің құқығы университетпен теңестірілген. Лицей оқушылары өнер, сурет салу, таза жазу, би, семсер, мергендік, атқа міну, жүзумен айналысқан. Тәртіп – қат­ты, талап – қатаң! Лицейді басқар­ған граф А.Разумовскийдің әскери шені – бас қолбасшы. Бақылау Ресей импе­раторының өз қолында болған. Ли­цейге қабылдау талаптары қатаң бол­ғаны сонша, талапкерлерді дайындай­тын оқу орны ашылған. Осында оқып-тәрбиеленіп шыққан А.Пуш­кин, А.Дельвиг, А.Горчаков, декабристер – В.Кюхельбекер, И.Пуш­кин, мемлекеттік қайраткерлер, елші­лер, сенаторлар – ағайынды Гире, А.Го­ловнин, Д.Замятин, Н.Корсаков, М.Корф, Д.Толстой, оқымыстылар – К.Весе­ловский, Я.Корт, Н.Данилевский, тағы басқа да әйгілі тұлғалардың есімдері лицейдің даңқын асырған. Осы оқу орнының тарихы, білім сапасы, жалпы оқу-тәрбие тұжырымы мені қатты қызықтырды. Ресей Федера­циясының ғылыми-зерттеу институттарымен келісім жүргізе отырып, Царицын гимназиясымен жете таныстық. Өзіміз де бардық, мамандарымызды жібердік. Осы іске отандық ғалымдарымызды тарттық. Сол уақытта Жезқазған облысында кәсіптік білім беруді жаңа жол, тың сүрлеуге салған Болат Әбдікәрімовтің есімін әріптестеріміз аңыз қылып айтып отыратын. Бұл ағаның тәжірибесімен де тікелей танысып, көп үйрендік. Нәтижесінде Қазақстанда алғашқылардың бірі болып, Ақтөбе қаласында №107 кәсіптік-техникалық училище-лицей, 11-ші шағын ауданда мектеп-гимназия аштық. – Бүгінгі күні сол кездегі еңбектің нәтижесін көріп отырмыз ғой. – Әрине! Мысал ретінде бір ғана Ақтөбедегі дарынды жасөспірімдерге арналған облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатын алып қараңыз. Лицей өзінің жиырма жылдан асқан тарихында үнемі алға ұмтылумен, шыңға көтерілумен келеді. Президенттік «Болашақ» стипендиясына ие болған 37 түлек әлемнің озық оқу орындарында жоғары білім алуда. Тағы да соншама жігіттер мен қыздар Назарбаев Университетіне оқуға түсті. Бүгінгі таңда еліміздегі қазақ-түрік лицейлерінің шәкірттері түрлі дүниежүзілік білім додаларында Қазақстанның атын әлемге танытып жүр. Қазірге дейін қазақ-түрік лицейлерінің оқушылары қанжығаға 10097 медаль байлады. Жыл сайын өткізілетін ҰБТ сына­ғының нәтижесі бойынша ҚТЛ респуб­ликада көш басында. ЖОО-ға түсу көрсеткіші – 100 пайыз. Өткен оқу жылында қазақ-түрік лицейлерінің ҰБТ бойынша орташа көрсеткіші 100 пайызға жуық балл құрады. – Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». АҚТӨБЕ.