Қоғам • 06 Қараша, 2022

№5 жатақхана қайта жаңғырды

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университеті қала­шығындағы тарихи №5 жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, журналистика факультетінің студенттеріне қайта берілді.

№5 жатақхана қайта жаңғырды

Бүгінде университет кампусы шағын қала кейпінде түрленіп келеді. ҚазҰЗУ қалашығында 7 ғы­лыми-зерттеу институты, 29 ғы­­­лыми орталық, 2 ұжымдық пай­­далану орталығы, 125 ғылыми және оқу зерттеу зертханалары ор­­наласқан. Мұнымен қоса «Кере­мет» қызмет көрсету және меди­циналық орталығында да сту­дент­тер үшін қолайлы жағдай жасалған.

Биыл қалашықтағы жатақхана­лар жеңіл және күрделі жөн­деу­­ден өтті. Заманауи талап­тар­ға сай жарақталған №5 жатақ­ха­на­ның ашылуына университет басшылығы, оқытушы-профес­сорлар құрамымен қатар қара шаңырақты әр жылдары бітірген түлектер қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰЗУ-дың басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев студенттерді жаңа қонысымен құттықтап, бес қабатты ғимараттың жайымен таныстырды. Ректор атап өткендей, бүгінде 26 мың студент білім алып жатқан ұлттық университетте 6 мың орынға арналған жа­тақ­хана бар. Алдағы уақытта ҚазҰЗУ қалашығында тағы да жаңа ғимараттар бой түзеп, сту­денттердің сапалы білім алуымен қатар, шығармашылық дамуына да мүмкіндік жасалатын болады.

«QS жаһандық рейтингінде 150-орында тұрған университеттің Ыстанбұл, Бішкек қалаларында филиалы ашылып, ендігі кезекте Өзбекстанда ашу жоспарда тұр. Мемлекет басшысы өзінің сайлау­алды бағдарламасында еліміздегі студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету міндетін қойғаны белгілі. Осы орайда Президенттің Алматыға сапары барысында студенттерге қолайлы жағдай жасау мақсатында әзірленген ҚазҰЗУ Бас жоспары таныстырылған бо­латын. Алдағы жылдарда қала­шықта тағы да 10-нан астам жа­тақха­на мен әлеуметтік нысан­дар салу көзделіп отыр», деді ректор.

Бүгінде университетте 3 мың­­дай шетелдік студент білім алуда. Өткен жылы 100-ден астам шетелдік профессор келіп сабақ берді. Таяу келешекте осы кон­тингентті көбейтіп, қос дип­ломды бағдарламаларды жетілдіру ба­ғытындағы жұмыс жалғасады. Бүгінде аталған оқу орнының Испания, Франция, Ресейдің оқу орындарымен қос дипломды бағ­дарламалары жалғасын тауып келеді.

Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы университетте оқимын деген студентке жайлы жағдайдың бәрі жасалғанын жеткізді.

«Жаңа тұрпатты жатақхана заманауи бөлмелермен ғана емес, шығармашылық орталықтар­мен де қамтамасыз етіліп отыр. Оқу орнында кәсіподақ, жастар ұйым­­д­арының жұмысы жатақ­ханадағы рухани мәдени кештерге ұласып жатады. Әр сенбі сайын өтететін әдеби кештер, Фараби клубы, Жайдарман студенттік клубтарының жастар белсенділігін арттырудағы ықпалы зор», деді Н.Қуантайұлы.

Жаңа жатақхананың тұрғы­ны, журналистика факультетінің 1-курс студенті Хамза Ерден өз әсе­рі­мен бөлісе келіп: «Біз №5 жатақханадан қазақ журна­лис­тикасының тарихы өрбіген қасиетті мекенге қайта оралдық. Бұл жатақханада көптеген зиялы қауым өкілі тұрған. Мұнда студенттер жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалып отыр», деп атап өтті.

Соңғы бес жылда №5 жатақ­ханада физика-техникалық фа­­куль­тет студенттері тұрып кел­ген болатын. Университет басшы­лығының атына түлектер тарапынан жатақхананы журналистика факультетіне қайта беру туралы ұсыныс түскеннен кейін, тиісті шешім қабылданып, күрделі жөндеуден өткен жатақхана бола­шақ журналистерге қайта пайдалануға берілді. Бүгінде жуы­натын бөлме, жиһазына дейін жаңарған жатақхана интернет желісіне қосылып, әр секцияға заманауи душ кабиналары қойы­лып, санитарлық-техникалық жаб­дықтар ауыстырылды.

 

АЛМАТЫ