Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы уақытта өңірдің Чех Республикасымен арадағы іскерлік байланыс аясы кеңеймек. Ресми қонақтарды қарсы алған Бейбіт Исабаев облыс екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуға дайын екенін жеткізді.
«Біздің өңірге арнайы келгендеріңізге ризашылығымды білдіремін. Қос тараптың да серіктестік қатынас орнатуға, өз елдеріміздің игілігі үшін жаңа әлеуметтік-экономикалық жобаларды бірлесіп іске асыруға ниетіміз бар. Мәселен, Текелідегі ашытқы зауыты чехиялық қондырғылармен жабдықталған, асыл тұқымды ірі қара өсіру саласын дамытуда да екі ел арасында байланыс орнаған. Алдағы уақытта ұзақмерзімді қарым-қатынасты орнықтыруға мүмкіндіктер мол», деді Б.Исабаев. Сол сияқты өңірдің Алматы қаласында кеңсесі бар екенін, қажет болса инвесторлармен, бизнесмендермен сол жерде іскерлік кездесулер өткізуге болатынын да айтып өтті.
Өз кезегінде Рудольф Гикл жылы қабылдау үшін алғысын жеткізіп, тек ауыл шаруашылығы мен сауда өнеркәсібінде ғана емес, чехиялықтар технология саласында да ынтымақтасуға дайын екендігін айтты. Сол сияқты туризм мен білім беру салаларында да екі елдің дамыған базасының болуы үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ. Осы ретте Бейбіт Исабаев Жетісу облысы өңір халқының әлеуметтік-экономикалық игілігі үшін ынтымақтастыққа ашық екенін жеткізді.
Жалпы, Жетісу облысына сапары барысында Чех Республикасының ресми делегациясы өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, оларға өз елінде өндірілетін ауыл шаруашылығы техникаларын таныстырды.
Жетісу облысы