Саясат • 06 Қараша, 2022

Татулық жолы

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шымкентте қа­лалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық құрылымдардың же­текшілері, этномәдени бірлес­тік­тердің төрағаларымен кездесті.

Татулық жолы

Ведомство басшысы өңірге сапары барысында «Достық үйі» базасындағы «Бірлік алаңының» жұмысымен танысып, жергілікті этнос өкілдерімен дөңгелек үстел басында ашық пікір алмасты.

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында бірлесе атқаратын жұмыстарға тоқталған министр үшінші мегаполис тұрғындарының берекелі бірлік жолын жалғап отырғанына алғыс айтты.

– Ұлысымыздың ұйытқысы атанған оңтүстік жұртшылығы әрдайым игі істердің бастамашысы болып отыр. Қалалық ассамблея мүшелері қоғамдағы тұғырлы татулығымызды бекемдеп, қайырымдылық бағытындағы жұмыстарға тұрақты атсалысуда, –деді Дархан Қуандықұлы.

Жиында Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Икрамжан Хашимжанов қалалық ассамблеяның атқарған жұмыстарын баяндап, өзара бауырластықты нығайтуға арналған іс-шараларды республикалық деңгейде ақпараттық қолдау көрсетуге шақырды. Ал славян этномәдени бірлестігінің төрағасы Наталья Романова «Қазақтану» жобасы бойынша іске асып жатқан бастамаларды айтып, министрлік арқылы «Қазақтану» арнайы ақпараттық ресурсын құруды ұсынды. Түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов инвестиция тарту, «Ассамблея жас­тары» ұйымы қалалық өкілдігінің басшысы Нұрболат Мейірбеков жастарды қолдау туралы сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін айтты.

Ассамблея мүшелерін тыңдаған министр ұлтымызды ұйыстыратын тың жобаларға мемлекет тарапынан әрдайым демеу болатынын жеткізіп, этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді дамыту мен «Қазақтану» жобасын жаңғыртып, дамытуға қолдау білдіретінін атап өтті.

– Шымкент – шырайлы шаһар болуымен қатар, шұғылалы өңір. Бүгінде қала аумағында тұратын этнос өкілдері берекелі бірлік жолындағы бастамалар аясына топтасып, елдік жолындағы істерге атсалысып келеді. Тіліміз – татулықтың тілі болуы тиіс. Бұл бағытта шымкенттік ассамблея мүшелері өзге аймақтарға үлгі бола алады, – деді министр.

Айта кетейік, бүгінде Шымкентте 1 миллион 112 мыңнан астам халық тұрады. Ұлттық құрамы бойынша тұрғындардың 30 пайыздан астамын өзге этнос өкілдері құрайды. Қала аумағында 17 этномәдени бірлестік  және олардың жанында 19 шығармашылық ұйым мен 3 жексенбілік мектеп жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024