Саясат • 06 Қараша, 2022

«Атамекеннің» мемлекетшіл бағдары

197 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордада Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың қатысуымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Х съезі өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың съезге орай бизнес өкілдеріне жолдаған үндеуін оқып берді.

«Атамекеннің» мемлекетшіл бағдары

Президент кәсіпкерлерге жолдаған Үндеуінде Қазақ­станда шағын және орта биз­несті өркендетуге баса мән берілетінін айтып, кәсіп­керлер палатасының отан­дық бизнестің бәсекеге қабі­лет­тілігін арттырудағы маңызына тоқталған.

«Отандық бизнес еліміздің экономикасын өркендетуге айрықша ықпал етеді. Біз нарықтық экономика құрып жа­тырмыз. Сол себепті өнер­кәсіп саласында, экономикада өзгерістер жасау және елі­мізді дамыту жолында жауап­ты әрі мықты кәсіпкерлер қауымы басты рөл атқарады. Қазақстанда шағын және орта бизнесті өркендетуге баса мән беріледі. Соңғы он жылда осы саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі екі есе өсіп, 34 пайызға жетті. Бүгінде бизнесте 3,5 млн-нан астам адам еңбек етіп жүр. Осы уақыт ішін­де ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы мемлекеттің толық­қанды әріптесіне айналды. «Атамекеннің» микро және шағын бизнесті қолдаудағы, өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуда басымдық бере отырып, жасап жатқан ауқымды өзгерістері еліміздің алдында тұрған мақсат-міндеттерге толық сай келеді. Сіздердің алдарыңызда мемлекеттік және салалық бағдарламалар қабылдап, жү­зеге асыру, нарыққа сапалы са­раптама жасау үдерісіне қаты­су үшін жаңа тәсілдер әзір­леу міндеті тұр», делінген Прези­денттің үндеуінде.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шысының үнедеуінде кәсіп­керлер палатасы отандық бизнестің бәсекеге қабілет­тілігін арттыруға, қызметін жауапкершілікпен атқаруға ынталандыруға және жұмыс орын­дарын ашуға атсалыса отырып, билік пен іскер азамат­тарды байланыстыратын тиімді арнаға айналу тиіс екені ай­тылған. «Атамекен» тауар өт­кізу нарығын кеңейтуге рұқсат беру рәсімдерін жеңілдетуге, мемлекеттік сатып алу жұмы­сының қолжетімді болуына және сыбайлас жемқорлық қаперін азайтуға барынша септігін тигізуі керек.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде палата отандық кәсіпкерлерліктің бетке ұстар өкілдері мен ша­ғын және орта бизнес субъек­тілері арасында өзара тиімді ық­палдастық орнатып, үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолында маңызды рөл атқа­ра­тыны мәлімделген. Микро және шағын бизнес өкілдерін тексеруге жарияланған мараторий тағы бір жылға ұзартылғанын да атап өтіпті.

«Мемлекет шағын және орта бизнестің дамуына барынша жағдай жасап, кез келген заңды кәсіпкерлік қыз­метке қолдау көрсетеді, оны қорғайды. Елімізде адал бәсеке, әлеуметтік жауапкершілік, жасампаз еңбек құндылықтарын басшылыққа алатын кәсіп­керлердің жаңа қауымы қа­лыптасуы өте маңызды. Қазақстанда бизнесті өңірлік қана емес, жаһандық деңгейде өркендетуге мол мүмкіндік бар. Мемлекет палатамен бірлесіп, ұлттық экономиканы монополиядан арылту, нарықтарды игеру, барлығына түсінікті әділ ойын ережесін қалыптастыру үшін жүйелі жұмысты жал­ғас­тырады. Мемлекет пен биз­нестің бірлесіп жұмыс істеуі елімізді әлеуметтік-эконо­ми­калық тұрғыдан дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады деген сенімдемін», делінген үндеуде.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өз сөзінде нақты сектор экономика өсімі­нің маңызды драйвері болып қала беретінін жеткізді. Атап айтқанда, салалар бойынша ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен сауда жоғары өсуді көрсетіп келеді.

– Жеке бастамаларды қолдау және дамыту экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін 2021 жылы 34 пайызға де­йін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Ұлттық палатаның бел­сенді қатысуымен 2021-2025 жылдарға арналған кәсіп­керлікті дамыту жөніндегі ұлт­тық жоба әзірленіп, іске асы­рылуда. Оның шеңберінде бизнесті қолдау жөніндегі түрлі құралдар шоғырландырылды. Сондай-ақ кәсіпкерлік белсен­ділікті ынталандыруға және кә­сіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағыт­талған шағын және орта биз­несті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабыл­данды. Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Инвес­тициялық саясат тұжы­рым­дамасы бекітілді. Осы ба­ғыттағы жұмыстың негізгі век­торлары айқындалды және шамамен 30 трлн теңгеге 850 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа Салық кодексін әзірлеу басталды. Арнайы жұмыс тобы құрылды, оның құ­рамына ұлттық палата мен биз­нес-қауымдастықтардың өкілдері кірді. Салықтық әкім­шілендіруді жетілдіруге ерекше назар аударылатын болады, – деді Е.Жамаубаев.

«Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының съезіне республиканың бар­лық өңірінен 300-ден аса кәсіп­кер қатысты. Онда тоғыз мә­селе қаралды. Палатаның атқа­рылған жұмысының есебі тың­далды. Трансформациядан кейінгі ұлттық палатаның жаңа тәсілдері пысықталды. Сондай-ақ жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында палатаның өңірлік филиалдары іске қосылды.

– Биылғы съезд тарихи ерекше кезеңде – еліміздің стра­тегиялық дамуын айқын­дай­тын үлкен науқан кезінде ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстан» құрудағы бағыт-бағдары белгіленді. Осы баста­маның шеңберінде «Әділетті экономика» қағидасына сүйене отырып, біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ретінде еліміздің кәсіпкерлеріне толық­тай жағдай жасау мақса­тында трансформация кезе­ңнен өтіп жатырмыз. Трансфор­мацияны сапалы іске асыру үшін күш-жігерімізді жұ­мылдырып, үлкен мақсатқа жетуіміз қажет. Бұл – ортақ міндет және жауапкершілік, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Райымбек Баталов.