Экономика • 06 Қараша, 2022

Мақсат – шетел инвестициясын жүйелі тарту

560 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан соңғы бес жылда жыл сайын шамамен 20 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартқан. Бұл – Ұлттық банк ұсынған ресми дерек. Ендігі міндет – осы көрсеткішті 25 млрд долларға жеткізу. Үкімет 2026 жылға қарай аталған межені бағындыруды жоспарлап отыр. Шетел инвесторларының берекелі елге үйір екенін ескерсек, тұрақты қалпынан танбаған Қазақстан үшін бұл межені бағындыруға мүмкіндік мол.

Мақсат – шетел инвестициясын жүйелі тарту

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Жоғарыда айтқанымыздай, соңғы бес жылдағы көрсеткіш көп-көрім. Тек 2020 жылы ғана COVID-19 пандемия­сына байланысты инвестиция ағыны тө­мендепті. Яғни 17,2 млрд долларды құра­ған. Мұндай жағдай жалпы әлем бойын­ша қалыптасқанын ескерсек, дүрлі­герлік ештеңе жоқ. Естеріңізде болса, 2020 жылы әлемдегі инвестиция ағыны 35 пайызға, ал Қазақстанда 29,8 пайыз­ға қысқарған болатын. Дегенмен 2021 жылы Қазақстан жағдайды жедел түзеп алды. Былтыр тікелей шетелдік инвес­тицияның жалпы ағынының 23,8 млрд долларды құрауы соған дәлел. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 38,9 пайызға жоғары. Негізі соңғы бес жыл­дағы ең жоғары көрсеткіш 2019 жылы тіркелген екен – 24,4 млрд доллар.

Осы жылдың тамызында АҚШ Мемле­кеттік департаменті Қазақс­тан­да­ғы инвес­тициялық ахуалды жоғары бағалап, өз баяндамасында нарықтық экономиканы құрудағы елеулі прогресті атап өтті. Қазақстанға бағыт­талған тіке­лей шетелдік инвести­ция ағынының мұн­шалықты ұлғаюы экономиканың қал­пына келуі­мен және корона дағдары­сы­на дейінгі белсенділікке қайта оралуы­мен түсіндірілді.

Расында да, 2022 жылдың қаң­тарында Қазақстан 54 ел­дің, соның ішінде АҚШ, Ұлы­британия, Германия және Жа­по­нияның азаматтары үшін визасыз режімді қалпына келтірді. Ал өткен жылы кәсіп­кер­лерге салықты үш жылға дейін кейінге қал­дыруға мүм­кін­­дік беретін ин­вес­т­ициялық салық несие­сін енгізді.

Мемлекеттік департаменттің сарап­шы­лары тікелей шетелдік инвестиция өсіміне электронды үкімет порталы арқылы кез келген бизнесті онлайн тір­кеу және жаңа инвестициялық келісім жасау сияқты бизнесті ашу мен жүргізу процедураларын жеңілдету бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі де ықпал етті деп санайды. Шынында да, көптеген процедура қазір онлайн режімде қолжетімді. Бұрын ше­тел­дік ин­весторлар келісімшарттар мен лицен­зиялық мәселелерге қатысты жиі шағым­да­натын.

Шетелдік инвестиция тарту – Қазақ­стан­ның басты басым­дық­тарының бірі. 2022 жылғы маусымда Үкімет 2026 жылға дейінгі жаңа инвес­ти­ция­лық сая­сатты бекітті. Соған сәйкес Қа­зақстан қо­сыл­ған құны жоғары тауарлардың бәсе­кеге қабілетті өндірісіне инвестиция салумен басқаша жұмыс істемек.

Биыл тікелей шетелдік инвестиция көлемі қандай болатыны әлі белгісіз. Бірінші жарты­жыл­дықта бұл көрсеткіш 14,5 млрд долларды құрады. Бұл бір жыл бұрынғы деңгейден 28,2 пайызға артық. Атап өтерлігі, биылғы көрсеткіштер бірінші тоқсанда да, екінші тоқсанда да былтырғыдан асып түскен.

АҚШ-тың Мемлекеттік де­пар­тамен­ті­нің баяндамасында мәселеге кері әсер ететін жағ­дайлар да атап өтілген. Әсі­ресе сая­си жағдай мәселені ушық­ты­рып жібе­руі мүмкін екен.

«Қаңтардағы толқулар, Украи­наға қарсы соғыс ашқан Ресеймен кең ауқым­ды экономикалық байланыс­тар және Ресейге қарсы санкциялар Қазақ­станға әсер етіп, инвесторларды алаңдатып отыр. Кей­бір инвесторлар Қазақ­станға инвестиция салуға құ­лықсыз болуы мүмкін. Ал бас­қа­лары Қазақстанды Ресейде биз­нес жүргізуге тартымды балама деп санауы да ықтимал», делінген АҚШ Мемлекеттік департаментінің баян­­­дамасында.­

Бұл ретте, Қазақстан Үкіметі Батыс­тың Ресейге қарсы санкция­ла­рын орын­дауға дайын екенін білдіріп, Батыс ин­вес­торларын Ресей­ден Қазақстанға көшуге ша­­қыр­ғаны есімізде. Атап айт­­қан­да, 2022 жылдың қыркүйек айы­­ның соңында Премьер-Министр Әлихан Смайылов кей­бір шетелдік ком­пания­лар­дың Қазақ­станға көшуге дайын екенін мәлімдеді.

– Қазіргі саяси жағдай ұлттық эконо­ми­каға кері әсер етіп қана қоймайды. Бү­гінгі таңда 50-ге жуық шетелдік ком­­­­пания көрші елдегі өндірісін жауып, өндірісі мен кеңселерін Қазақ­стан­­ға кө­­ші­руге ниет білдірді, – деді Ә.Смайылов.

Инвесторлардың алаң­дау­шы­лығын ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақпан айында тұрақты және тар­­тымды инвестициялық ахуалды қам­­­та­­масыз ететініне уәде берген болатын және сол уәде­сін­де тұрды. Осы мақсатта эконо­ми­кадағы монополия­лар мен оли­­го­полиялардың шектен тыс рөлін тоқтатуға кіріскені сөзімізге дәлел. Сондай-ақ Президент наурыз айында жекешелендіруді кеңейту және сыбайлас жемқор­лық­пен күресу арқылы инвестиция тартуға болатын реформаларды жариялады.

Finprom.kz-тің хабарлауынша, былтыр салалар бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың ең көп көлемі өнер­кә­сіпте, сау­да­да, сондай-ақ қаржы және сақ­тан­­дыру қызметі, көлік және құ­­рылыс салаларында тіркелген екен. Жалпы, салалық құрылымда әдет­тегідей тау-кен өнеркәсібі басым – 2021 жылы барлық тікелей шетелдік инвестицияның 40,8 пайызын иеленді (мұнай және газ өндіру – 28 пайыз). Екінші орында өңдеу өнеркәсібі тұр. Порт­фельдің 22 пайызы осы са­лаға тиесілі. Айтпақшы, жаңа инвестициялық саясатқа сәйкес өңдеу сегменті бәсекеге қабі­лет­тілікті арттырудың негізгі драй­ве­ріне айналады.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2021 жылы тау-кен өндіру өнер­кә­сібіндегі тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде – 68,1 па­йыз­ға, сауда және автокөлік жөн­деу­де – 47,2 пайызға, қаржы және сақтандыру қызметінде – 57,2 пайызға, көлік-логистика секторында – 12,8 пайызға, құрылыста 42,6 пайызға өскен. Білім, денсаулық және әлеуметтік қызметтерге, өнерге, ойын-сауық пен демалысқа салынған инвестиция 2020 жылғы 23,2 млн доллардан былтыр 8,9 млн долларға дейін азайған.

Жалпы, Қазақстан Орталық Азиядағы шетелдік инвестиция­лар ағыны бо­йын­ша көш­бас­шы­лықты сақтап қалуға ниетті. Өйткені биылғы жоспарға сәй­кес, көрсеткіш 25 млрд долларға же­тіп жығылуы керек. Астанада жаһан­дық инвес­тицияларға арналған дөң­гелек үстел­де Сыртқы істер ми­нис­трінің орынбасары Алмас Айдаров осыны аңғартты.

Сарапшылардың пікірінше, ел айналасында болып жатқан оқиға­ларға қарамастан, инвести­ция­ның өсуі әзірше 28 пайызды құраған. Негізгі инвестор елдердің қатарында Батыс Еуропа, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай және Ресей бар. Барлық инвес­ти­цияның шамамен 90 пайызы елі­мізге аталған мемлекеттерден келеді. Бірақ геосаяси ахуал­ мен санкциялар жағдайды өзгер­тіп жіберуі де әбден мүмкін. Алмас Айдаров айтқандай, біз­дің міндет – инвесторлар үшін тұрақтылық аралы болып қала беру және айналада болып жат­қан оқиғалар инвестициялық міндет­те­мелерімізге әсер етпейтінін көр­сету.

– Қазақстан ауыл шаруашы­лы­ғы алқа­бының көлемі бо­йын­ша әлемде 6-орында, ондағы жер­дің 80 пайыздан астамы немесе 220 млн гектары өнді­рісте пай­да­­ланылады және бұл ба­ғытта еліміз агроөнеркәсіп сала­сын­дағы халықаралық тә­жірибе мен жоба­лар­ға үлкен қызығу­шы­­лық танытып отыр. Логистика са­ла­­­сын­дағы ынтымақтастықты да­мы­ту перспективаларына келетін болсақ, еліміз Орталық Азиядағы ең ірі транзиттік хаб болып саналады. Қазақстан Еуразиялық эко­номикалық одақ, Орталық Азия және Қытай елдерін қоса алғанда, мил­лиардтан астам тұ­ты­ну­шы­лардың тікелей нарығына қол жеткізе алады. Еліміздің мультимодальды логистика мүмкіндігін ұсынатын ірі нарықтарға жол ашуға толықтай мүмкіндігі бар, – дейді А.Айдаров.

Қазірдің өзінде Қазақстан Орта­лық Азиядағы барлық инвес­ти­цияның 70 пайызын тартып отыр. Инвестициялық экожүйені одан әрі жақсарту үшін Үкімет 2026 жылға дейінгі инвестициялық сая­сат­тың жаңа тұжырымдамасын қабыл­дады. Оны іске асыру 2025 жылға қарай 25 млрд долларға дейін тікелей шетелдік ин­вес­тициялар ағынын тартуға мүм­кін­дік береді. Тұжырымдама қо­сылған құны жоғары тауар­лар­ды өндіру жағына қарай инвестициялардың құрылымын өзгер­туге мүмкіндік беретін шаралар кешенін көздейді. ESG (environmental – қоршаған орта, social – әлеуметтік жауапкершілік, governance – корпоративтік бас­қару) принциптерін қолдану тен­ден­циясының маңыздылығына сүйене отырып, тұжы­рымдамада тұрақты даму жобаларына инвестицияларды ынталандыруға баса назар аударылмақ.

– Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасында негі­зінен жеке инвес­ти­цияларға ба­сым­дық беріледі. Еліміздің экономикасын қалпына келтіру мен да­мы­тудың драйвері болатын жобаларға басымдық берілетін болады. Осы орайда мемлекет өз кезе­гінде жекеменшіктің және заң үстем­дігінің тұрақтылығына кепілдік беруге тиіс. Инфра­құ­рылым бизнестің бәріне бір­ей қолжетімді болуы қажет. Жал­пы, Мемлекет басшысының жағ­­дай­ды жақсарту жөніндегі берген тап­сырмаларының нәти­же­сінде эконо­ми­каның бо­йына қан жүгіре бастады. Инвестиция тарту мәселесі де біршама жолға қойылып келеді. Шетелдік тіке­лей инвестиция да тартыла бастады. Мысалы, соңғы жылдары Қазақстан экономикасына тартылған шетелдік тікелей инвестиция көлемі 20 млрд доллардың шамасында болатын болса, биыл бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 28 пайызға артып отыр. Мұның өзі шетелдік инвесторлардың Қазақстанда соңғы кезде жүр­гі­зі­ліп жатқан саяси, эконо­микалық және әлеу­меттік саясатқа деген сенімдерінің ұлғая түскенін біл­діреді. Елімізге ин­­вестиция көп тар­тылатын болса, со­ғұр­лым эко­номикамыз дамитынын естен шы­­ғармауымыз керек, – дейді экономист Жақсыбек Құлекеев.