Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық архив ұйымдастырған конференция «Архив-2025» фотоқұжат көрмесіне шолудан басталды. Көрмеге шетелдерден алынған отандық тарихқа байланысты фотолар мен құнды құжаттар және ежелден қалыптасқан Қазақ елінің аумағын айғақтайтын карта, тағы басқалар қойылыпты. Сондай-ақ іс-шара барысында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары топтастырылған 12 томдық пен «Отанына оралған құжаттық қазына» құжаттар мен материалдар жинағының тұсауы кесілді. Тарихшы ғалымдар ұлт тарихына қатысты маңызды баяндамалар жасады. Сондай-ақ мұнда археографиялық зерттеулер, шетелден құжаттарды сатып алу және құжаттық дереккөздерді ғылыми айналымға енгізу мәселелері талқыланды. Алғашқы құттықтау сөзді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев сөйледі.
«Көшпелі ғұмыр кешкен ата-баба жолын зерделеуде кез келген тарихи жәдігер біз үшін баға жетпес байлық, құнды қазына. Кейде архивтік құжаттағы жалғыз жазба тұтас ұлттың тағдырын шешіп кетуі мүмкін. Сондықтан бүгінгі басқосумыздың мәні осы тұрғыдан айрықша.
Архившілерден құралған ғылыми экспедиция мүшелері бүгінде 7000-нан астам құжат, оның ішінде 445 фотоқұжат, 206 кітап пен сирек қолжазбаларды сатып алды. Әкелінген құжаттар мен материалдардың хронологиялық кезеңі 918-1990 жылдар аралығын қамтиды. Құжаттар цифрландырылды және олардың негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне мемлекеттік сақтауға қабылданды. Бұл жұмыстың маңызы жоғары», – деп атап өтті Дәурен Абаев.
Еліміздің мемлекеттік архивтері Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қызметі аясында қосымша жұмыстар жүргізді. Алдағы уақытта Мемлекеттік комиссия қызметінің қорытындысы бойынша ғылыми еңбектер мен құжаттар жинақтары шығады.
«Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» серіктестігінің бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы тарихи жад төңірегінде татымды дүниелер айтты. «Тарихи жадты бірінші ғылым-білім қалыптастырады деп келдік. Бұл шынында да солай. Ахмет Байтұрсынұлы оқу құралдарына қазақтың тарихы мен этнографиясына байланысты дүниелерді енгізген. Бұл бекер емес. Тіпті Міржақып Дулатұлының «Есеп құралының» өзінен қаншама тарихи ақпарат алуға болады. Бір қарағанда, бала есеп шығарып отырған сияқты. Ар жағында ұлт тарихына қатысты қаншама дүниелер жатыр.
Бүгінде заман өзгерді, коммуникация дамыды. Тарихи жадты қалыптастыруға қазір бұқаралық ақпарат құралдары да еңбек сіңіруі керек. Бұрынғы «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», сосын мына «Архив-2025» қаншама дүниелерді алып келді. Бірақ олардың бәрін сол күйінде бере салу – оқырманды адастыруы мүмкін. Оқырманға белгісіз немесе сырын білмейтін бір жәдігерді ұстата салғандай. Оның тарихы қандай, түпкі мазмұны қалай? Екінші жағынан, архивтегі дүниенің бәрі керемет деп ойлауға болмайды, бұл – менің жеке пікірім. Ол қалай жазылды, қалай қатталды, кім қандай мүддемен қаттады? Оның ішінде адамдардың, халықтың тағдыры қатталды ма? Халықтың мүддесі қай жағында тұр. Немесе зиялыларға байланысты тек қана бір жақты жасалған НКВД-нің архивтері бар. Олардан қорытынды шығаруға бола ма? Осының бәрінде архившілердің парасаты, әуелі мемлекетшілдік сана керек дер едім. Кез келген елдің тарихы мемлекеттің мүддесімен жазылады. Сондықтан Қазақстанның мүддесі ескерілуі керек», деді Дихан Қамзабекұлы.
Отандық және шетелдік архивтерде, музейлерде, кітапханалар мен ғылыми орталықтарда сақталған Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды ғылыми айналымға енгізгенде жоғарыдағыдай мемлекетшілдік көзқарас аса қажет деген сөз. Оның ар жағында отар елдің тарихын отарлаушылар жазатынын ескерген жөн.
Биыл «Архив-2025» жобасын іске асыру аясында 14 елге, яғни, Германия, Польша, Чехия, Түркия, Франция, Венгрия, Үндістан, Иран, Египет, Катар және басқа елдерден Қазақстан тарихына қатысты құжаттар анықтауға ғылыми экспедициялар жүзеге асыпты. Аталған жұрттардан сатып алынған құжаттар цифрландырылды және олардың негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне мемлекеттік сақтауға қойылды.
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов шетелден әкелінген құжаттар біздің шынайы тарихымызды жазуға үлкен септігін тигізетінін айтты.
«Елдегі республикалық, облыстық, шетелдік мұрағаттардан келген материалдар негізінде соңғы бес жылда 22 құжаттар жинағын шығардық. Қазір шетелден біз де, басқа ғылыми орталықтар да материалдарды әкеліп жатыр. Мәселен, біз немесе басқа мекеме елге жеткізген құжатты одан кейін де барып сатып алып жатқан жағдайлар кездесіп қалуда. Омбыға, Түменге барғанда, «бұл материалды сіздің елден кеше ғана сатып алып кетті» дейді. Сондықтан бір орталық құрып, осы жағын бақылауда ұстасақ? Бір сатып алғанды екі-үш мәрте сатып алмас үшін. Біз әкелген мұрағаттардың тізімін әлгі орталыққа берер едік.
Сонымен қатар «Архив-2025» жобасы бойынша жеткен материалдарды көп ұстамай екі-үш жылдың ішінде шығара беру керек. Өйткені ол құжаттардың елге келгені білінбей қалады да, ертең тағы біреулер қайта әкеліп жатуы мүмкін» дейді Зиябек Ермұханұлы.
Бұдан кейін Ұлттық, Орталық мемлекеттік, облыстық архивтермен қатар, тағы басқа ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері, ғалымдар баяндамалар жасады.