28 Мамыр, 2014

Жаңа әкім таныстырылды

585 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Президент Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ерік Сұлтановтың Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғанын жеткізді. Облыстың кезектен тыс ХХV сес­сиясына қатысқан Н.Нығма­тулин Президенттің өңір басшысы лауазымына Ерік Хамзаұлы Сұлтановтың кандидатурасын ұсыну туралы хатын оқып берді. Халық қалаулылары Елбасы ұсынысын бірауыздан қолдап, дауыс берді. Сессиядан кейін облыс активі өтті. Оған қатысқан Президент Әкім­шілігінің Басшысы жинал­ғандарды Президент Жарлығымен тағайындалған облыстың жаңа әкімімен таныстырды. «Сіздер Ерік Хамзаұлын жақсы білесіздер деп ойлаймын. Ол осы өңірдің тумасы, 1956 жылы туған. Бірқатар лауазымды қызметтер атқарған. Тәжірибесі мол. Өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя біледі», деді Н.Нығматулин. Н. Нығматулин облыстың бұрынғы әкімі Самат Ескендіровтің қызметке 2013 жылдың қаңтарын­да тағайындалып, біршама жұ­мыс­­тар атқарғанын, алайда қыз­мет әдебі мен мемлекеттік тәр­тіпті босаңсытып, сыбайлас жем­қорлыққа жол бергені үшін отс­тавкаға кету жөніндегі өтінішін Пре­зиденттің қабыл алғанын, құры­лыс басқармасы басшысының міндетін атқарушының парамен ұсталып, облыс әкімінің орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Актив жиынында сөз алған Солтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі Е. Сұлтанов Елбасының өзіне зор сенім көрсеткені үшін ал­ғыс айтып, ел экономикасын да­мытуға қабілет-қарымы мен күш-жігерін аямайтынына сендірді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.