Депутаттың айтуынша, Арал өңірі тұрғындарының денсаулық көрсеткіштері жақсарған жоқ.
«Өңірдегі денсаулық сақтау жүйесі жергілікті халықтың аурушаңдығы, мүгедектік пен өлім-жітімінің көптігі бойынша аса күрделі сын-қатерлерге тап болып отыр. Соңғы 5 жылда Арал өңірінде туу көрсеткіші 13,6%-ға төмендеді. Халықтың табиғи өсімі 12,4%-ға азайды. Өңірде тұратын жүкті әйелдердің денсаулық индексі республикалық көрсеткіштен 1,6 есе төмен. Сәбилер шетінеуінің көрсеткіші дәстүрлі түрде республикалық көрсеткіштен жоғары болып, әлі де азаймай отыр», деді Ақмарал Әлназарова.
Бұл ретте депутат экологиялық және климаттық дағдарыс жағдайында денсаулық сақтау саласындағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
«Бағдарламаны іске асыру және мәселелерді кешенді шешу үшін біз Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы парламентшілерінің өзара іс-қимылын одан әрі күшейтіп, бағдарламаны қаржыландыру көзін іздестіруіміз қажет», деді сенатор.