Игілікті іс-шараның беташары Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры ғимаратының алдында бастау алды. Күре жолға дейін төселген қызыл кілем үстімен қазақ кино және театр өнерінің тарланы, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын, драматург Иранбек (Иран-Ғайып) Оразбаев, белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаев бастаған тұлғалар жүріп өтті. Сонымен қатар іс-шараға келген халық Бикен, Шолпан апаларымыздың ұрпақтары мен туыстарын, Б.Римова атындағы Талдықорған театрының алғашқы қарлығаштары мен аға, орта, жас буын өкілдерін ерекше ықыласпен қарсы алды.
Өнердің қара шаңырағындағы музейді көпшілік тамашаласа, Тұңғышбай Жаманқұлов, Иранбек Оразбаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтың лауреаты Әміре Әрін, театр сыншысы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Амангелді Мұқан, кино және театр актері Сағындық Жұмаділ бастаған зиялы қауым өкілдері баспасөз мәслихатына қатысып, қос тұлғаның өмірінен сырлы естеліктер айтты.
Өз кезегінде Тұңғышбай Жаманқұлов пен Иранбек Оразбаев 100 жылдық мерейтойға орай басылып шыққан «Бикен Римова» альбомы мен «Шолпан-жұлдыз» кітабының лентасын қиды.
Журналистер қауымына телқоңыр тағдыр иелері туралы тебірене термелеген зиялы қауым өкілдерінен кейін Бикен Римованың қызы Меруерт Құсайынова сөз алып, ғазиз жүректі анасы жайлы жылы естелігін жеткізді. Сонымен қатар сахнадағы әріптесі Рахилям Машурова Бикен апаның «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымында Баян сұлу образын сомдағанда таққан белбеуін бүгінге дейін сақтап келгенін, өзі де сан қойылымда көзіндей көріп тағынғанын айтып, аталған жәдігерді өнер ошағының музейіне табыс етті.
Дүбірлі салтанат барысында сахнаға көтерілген облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли сөз алып, ғұмырында 200-ден астам әйел образын сомдаған әйгілі әртістің өнегелі өмірін, шежірелі ғұмыр-белесін айшықтай келе:
«Бұл той бүкіл елдің дүбірлі думаны. Сондықтан алдағы жылы Бикен апамыздың тойын ерекше атап өтеміз. Сонымен қатар абзал ана, алып жүректі театр майталманы Бикен Римованың еңселі ескерткішін қаламызда тұғырына қондырамыз», деп өнерсүйер елге ерекше қуанышты хабарды жеткізді.
Облыс басшысының орынбасары айтқан қуанышты лепестен кейін «Абай» телеарнасы дайындаған Б.Римова туралы «Бірегей» деректі фильмі мен Ш.Жандарбекова жайында сыр шертетін бейнефильм жұртшылық назарына ұсынылды.
Ғасырлық ғұмыр ғибратына шомған көрермен өз кезегінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахмановтың режиссерлігімен жаңа бағытта сахналанған Бикен апамыздың «Қос мұңлық» драмасын тамашалады.
Сөз аяғында ел ағалары Бикен апамыздың қызы Меруерт Құсайынова мен «Қос мұңлық» драмасында басты рөлді (Күнзипа) сомдаған Халық әртісі Алмахан Кенжебекованың иығына зерлі камзол жапты.