Бұл соңғы үш жылдағы саяси қайта құруларды топтастыруға және мемлекеттігімізді одан әрі нығайтуға берік негіз қалауға мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының әділеттілік ұстанымы Қазақстанның жаңашыл саясатының негізіне айналуға тиіс. Ал әлеуметтік әділеттіліктің негізі – заман талабына сай заңдар болмақ.
Кезектен тыс сайлау үдерісі қоғамды демократияландыруға және Әділетті Қазақстан құруға бастайды. Жуырда барлық негізгі саяси институт: президент, парламент және үкімет жаңартылады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында президент сайлауымен қатар, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын 2023 жылы өткізуді ұсынды.
Парламент қабылдап, Президент қол қойған заңдар Қазақстанның аралас сайлау жүйесіне өтуін реттейді. Енді Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, аудандық мәслихаттардың барлық депутаты бір мандатты округтер бойынша сайланады. Сонымен қатар аудан әкімі және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау енгізілген. Бұл бұрын енгізілген ауыл әкімдерін сайлаудың заңды жалғасы және Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға деген нық ұмтылысының айғағы.
Саяси реформалар саяси партиялардың санын көбейтуге, саяси бәсекелестікті күшейтуге, халық қалаулыларының жаңа толқынының пайда болуына ықпал етеді. Ескі үлгі бойынша сайланған биліктің өкілді органдары кезектен тыс сайлау циклінен өтіп, заңды түрде жаңартылуы керек.
Еліміздегі сайлау үдерісі мен сайлаушылардың мінез-құлқы қазірдің өзінде үлкен өзгерістерге ұшырады. Мысалы, электорат мәдениетінің басты белгілерінің бірі – оның белсенділігі. Бұл бірінші кезекте сайлаудың бірінші немесе екінші реттік болуына байланысты. Бірінші реттік деп аталатын президенттік және парламенттік сайлауды қамтиды. Екіншісі – маңызы төмен мемлекеттік институттардың қалыптасуы жатады. Әрине, бірінші жағдайда дауыс беру экспрессивті және сайлаушылардың тұрақты қалауын көрсетеді. Мысалы, 1998 жылғы Қазақстандағы парламенттік сайлау мен 1999 жылғы президенттік сайлауды салыстырып көрейік. Ол кезде президенттік сайлауға сайлаушылардың 86,28 пайызы қатысса, парламент сайлауына 62 пайызы ғана дауыс берген. Осылайша, халықтың өзі президенттік сайлаудың маңыздылығын айқындап берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың қыркүйегіндегі бірінші Жолдауында саяси трансформация мемлекетіміз бен халқымыздың мүдделерін ескере отырып, кезең-кезеңімен және тұрақты түрде жүзеге асырылатынын нақтылады. Бұл ретте іргелі қағидат белгіленді: елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртусыз табысты экономикалық реформалар жасау мүмкін емес. Мемлекет басшысы елде көппартиялық жүйені, саяси бәсекелестік пен пікір плюрализмін дамыту міндетін қойып отыр. Бұл ұзақ мерзімді перспективада саяси жүйенің тұрақтылығы үшін маңызды екенін атап көрсетеді.
2021 жылғы Жолдауында Президент кезең-кезеңімен саяси жаңғыру мемлекетіміздің стратегиялық бағытының басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Соңғы екі жылда бұл салада бірқатар елеулі өзгерістер болды. Олар тұрақты демократиялық даму векторын нығайтып, саяси жүйені сапалы түрде өзгертеді және азаматтарды мемлекеттік басқаруға кеңінен тартуға ықпал етеді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды, мақсат – мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістердің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру.
Енді Қазақстанның партиялық-саяси дамуы одан әрі қай бағытта өрбиді деген сұрақ туындауы заңды. Бұл партиялық үдерісті құрудың негізгі құралдарына сараптамалық бағалау жүргізуді талап етеді. Жалпы, саяси реформалар мәселесіне сараптамалық баға беру қажет және ол маңызды. Заң шығару жұмыстарына ғылыми және сарапшылар қоғамдастықтың өкілдері белсенді қатысты. Президент заңдарға көпшілік алдында қол қою рәсіміне қатысушылардың арасынан белгілі қазақстандық сарапшыларды – саясаттанушыларды, әлеуметтанушыларды көрдік. Мемлекет басшысы ұсынған «Күшті Президент-ықпалды Парламент-есеп беретін Үкімет» саяси жүйе формуласы – мемлекет тұрақтылығының негізі. Бұл әлі орындалған жоқ, бұл – азаматтардың барлық сындарлы өтінішіне жедел және нәтижелі жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тәжірибеге енгізе отырып, жеделдетілген қарқынмен жетуімізді талап ететін мақсат.
Билік пен қоғамның тұрақты пікір алмасуы арқылы ғана заманауи геосаясат аясында үйлесімді мемлекет құруға болады. Билік пен азаматтық қоғам институттары арасындағы пікір алмасу реформалардың қазақстандық үлгісіне анық сәйкес келеді. Конституциялық реформа қабылданған заңдардың арқасында еліміздің мемлекеттік құрылымының іргетасын нығайтып, азаматтық қоғамның дамуына жол ашады, өзара түсіністік пен ұлттық пікір алмасуды нығайтады. Шешімдерді дайындаудың маңызды буыны саналатын пікірталас – кең, белсенді, ұтымдылық талаптарына жауап беретін, жағдайында жүзеге асырылатын барлық тараптың мүддесін ескеретін алаң. Мұндай стратегия кез келген саяси өзгерістер қоғамдық пікір алмасу мен талқылаудан өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады.
Зарема ШАУКЕНОВА,
Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик