28 Мамыр, 2014

Еуразиялық интеграция тәуелсіздікке сызат түсірмей жүзеге асырылады

446 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

28-05-14-evrosoiuz-1

АСТАНА. 28 мамыр. Еуразиялық кеңістікте ғана емес, әлемдік деңгейдің сауда-саттығында тарихи оқиға орнайтын күн жақын. Ертең, 29 мамыр күні Астана қаласында Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдері арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімшартқа қол қойылады. Бұл туралы Bnews.kz тілшісі хабарлады. Енді 2015 жылдан бастап жұмысқа кірісетін экономикалық интеграцияның нақты қадамдары жасалатын болады. Мұндай одақтың дүниеге келуіне халықаралық деңгейде түрлі бағалар беріліп, сан-салалы болжамдар айтылып жатыр. Дегенмен, мәселенің мәнісіне бойламағандар экономикалық мүддені саяси былықпен лайлап жатқаны да шындық. Қазақстанның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 20 жыл бұрынғы Мәскеу мемлекеттік университетінде айтқан осынау еуразиялық интеграция идеясының дәл бүгінгі заманда әлемдік талқылауларға ұласатынын ешкім де дөп басып айта алмаған болса керек. Дегенмен, уақыт ненің дұоыс, ненің бұрыс екенін толық көрсетті. Елбасы архитектурасын салған еуразиялық интеграция барысында қол жеткен жетістіктер аз емес. Бұл басқа одақтарға қарағанда шапшаң әрі тиімді өрбіді. Мәселен, бар-жоғы үш жылда Кеден одағы құрылды. Ал бұл жолды Еуропа одағы әлдеқайда ұзаққа созған болатын. Кеден одағынан Еуразиялық экономикалық кеңістікті құруға да шапшаң көше алдық. Ендігі кезең экономикалық одақта тұр. Ал сонау идея ортаға тасталған жылдары Елбасы Мәскеудегі ғылыми элита алдында Еуразиялық экономикалық одақ ТМД-дан бөлек қағидаттармен құрылуы тиістігін айтып, ең маңызды мәселе ретінде: «егемендікке, ішкі мемлекеттік-саяси құрылымға, әр қатысушының сыртқы саясаттағы қызметіне ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ» деп мәлімдеген еді. Ресейдің империялық пиғылы туралы әңгіме – бұл барып тұрған ақпараттық арандатушылық. Сөйтіп, осы жылдар ішінде түрлі сатыдан өткен интеграциялық бірлестіктің бағдары айқындалды. Ал одақтың пайдалы тұсы туралы әңгіме болғанда жалпы халқы 170 млн. адамды құрайтын үш елге ортақ экономикалық нарық құрылып, капитал, тауар, жұмыс күші мен қызмет еркін айналатыны туралы пікір айтылады. Кәсіпкерлік үшін мүмкіндіктер айтарлықтай кеңейіп, бірлескен инвестициялық және кооперативтік жобаларды іске асыруға, макроэкономикалық саясат келісімдерін жүргізуге, сыртқы нарықты үйлестіруге мүмкіндіктер ашылады. Бұдан да басқа жағымды қырларын мамандар түрлі-түрлі талдаулар арқылы алдыға тартып жатқаны ақиқат. Дегенмен, маңызды мәселе – бұндай интеграцияны саяси үдеріспен, түрлі керіге тартатын болжамдармен шатастырмау. Халықаралық деңгейдегі қайсыбір саясаткерлердің кертіп жүрген әңгімелердің төркіні де осындай мәселенің мәнісіне бармаушылықтан туындап жатыр емес пе? Айталық, «Ресей Еуразиялық экономикалық одақ арқылы посткеңестік кеңістікте өз ықпалын орнытқысы келеді» дегенге саятын әңгімені Путинның өзі жоққа шығарып келеді. Жақында өткен Петербордағы экономикалық форумда бұның мүлдем қате пікір екенін ескерткен Ресей Президенті «бұл – барып тұрған ақпараттық соғыс» деп мәлімдеді. «Бізге Кеңес Одағы империясын қайтадан қалыптастырғысы келеді дегенді таңа береді. Бұл шындыққа мүлдем сай келмейді. Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартта ол туралы тіпті бір де бір мәселе де жоқ. Жақын аралықта осы одақты құру туралы келісімге қол қойылады. Сол құжатқа қараңыздар. Асықпай бір сарапшылық көзқараспен үңіліңіздер. Империя туралы не аңғарасыздар? Түк те. Мұнда кіл экономикалық мүдде, сауда саласындағы бірлестік туралы ғана келісім жайында айтылып отыр», - деді халықаралық ақпарат агенттіктерінің басшыларына берген сұхбатында Ресей президенті. Шындығында, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімшартқа көз жүгірткен сарапшылар одан экономикалық мүддеден басқа ешбір қиғаш дүние таппасы анық. Оны қазақстандық сарапшылар да қуаттап жүр емес пе? Мысалы вице-премьер Бақытжан Сағынтаев: «Еуразиялық экономикалық одақты құру арқылы біз бұрынғы КСРО-ға қайтып оралмаймыз. Өйткені, одақ туралы шартта егемендік теңдік, тараптардың ұлттық мүдделерін ескеру мен тең құқықтық қағидаттары тайға таңба басқандай етіп жазылған. Ал стратегиялық маңызы зор мәселеге қатысты шешім қабылдарда өзара бәтуаластықтың нақты механизмі іске қосылады. Яғни, барлық деңгейде шешім қабылданатын кезде қандай да бір мемлекетке басымдық берілмейді. Үшіншіден, Қазақстанның болашақ одақтың барлық деңгейдегі органдарында өз өкілдері болады. Сондай-ақ, ЕЭО құру туралы Шартқа сәйкес, оған мүше мемлекеттерге үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен келісім жасауға тыйым салынбайды. Бұл ЕЭО еліміздің көпвекторлық сыртқы саясатына ешқандай кедергі келтірмейді деген сөз», - деп мәлімдеген еді. Бұдан бөлек, жақында ғана ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Самат Ордабаев Еуразиялық экономикалық одақ аясында ұлттық мүддеге нұқсан келтірмейтінін мәлімдеген болатын. «Мен бұл мәселеге ерекше тоқталып өттім. Себебі, жұртшылық арасында мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен мүддесіне нұқсан келтіретіндей, еліміз қандай да бір жаңа шарттарға біздің келісімсіз тартылады деген үрей бар. Бұған жол берілмейді. Барлық келісім бойынша бізде үш-бес қабат қорғаныс ескерілген. Болашақ одақтың кез келген іс-қимылы бойынша, яғни шешім қабылдау, сондай-ақ оны жүзеге асыру тұрғысында ел мүддесіне нұқсан келтірілмейді», - деді Самат Ордабаев. Осы тұста Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы 25 сәуірде Астанада өткен Еуразиялық медиа форумда: «Егер қандай да бір бірлестіктер еліміздің тәуелсіздігін, біздің конституциямызды шектейтін болса, біз ондай бірлестіктен дереу шығып кетеміз» деп мәлімдегені есте тұр. «Қазақстан-2050» стратегиясына көршілестермен интеграция арқылы ғана қол жетеді Ал Президент Н.Назарбаев еуразиялық одақтың негізгі қызметін әу бастан-ақ саяси емес, таза экономикалық мүддеге құрылатынын, мұнда елдің егемен дамуына ешқандай сызат түспейтінін айтып келеді. Интеграцияның шынайы экономикалық бағытын жақында өткен VІІ Астана экономикалық форумы аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір мәрте қайталап, кейбіреулердің көкейіндегі күмәнді сейілте түскен. «Қазақстан әрқашанда «ең алдымен экономика» қағидатын ұстанды. Соның арқасында біз бүгінде белсенді даму үстіндеміз. Қазақстан өткен біржарым онжылдықта неғұрлым жедел дамушы елдердің бестігіне енді. Қазір біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдадық және жаппай жаңғырту жөнінен елеулі міндеттерді жүзеге асырудамыз. Біз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуге ұмтылып отырмыз. Және бұл мақсатқа біз өзіміздің көршілерімізбен тығыз интеграция арқылы қол жеткізбек ниеттеміз», - деді Қазақстан Президенті. Бұл ретте Н.Назарбаев Қазақстанның өңірде не болып жатқанынан бейтарап қала алмайтынын, көршілерден оза отырып, олардың хаос пен берекесіздікке «батуы» есебінен өсу, түптеп келгенде, өңір ретінде де, бүтіндей әлем ретінде де баршаны әлсіздендіре түсетінін айтты. «Жаһандық экономикалық интеграцияның жаңа, неғұрлым тиімді де әділетті архитектурасы қажет. Біз құрылған және құрылатын интеграциялық бірлестіктердің, экономикалық одақтардың бір-біріне қарама-қарсы келмеуін қалаймыз. Керісінше, олар өзгелермен жемісті және сындарлы ынтымақтасуға тиіс. Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастыру жөніндегі жұмыстар аяқталып келеді. Біз одан бүкіл әлем бойынша алғанда 200-дей өңірлік интеграциялық құрылымдармен қатар елдердің бәсекеге қабілетті бірлестіктерінің бірін көреміз. Бірнеше күннен кейін, 29 мамырда Астанада Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартқа қол қойылады. Қаржы қызметінің ортақ рыногын қалыптастыру міндеті Шарттың маңызды элементі болып табылады», - деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Айтқандай, әлемдік деңгейде әңгіме болып отырған осы Еуразиялық экономикалық одақ туралы Астана экономикалық форумының дәстүрлі қатысушылары – Нобель сыйлығының иегерлері де өз пікірлерін білдіріп өткен болатын. «Қазақстанның инновациялық экономикасы – жаһандану жағдайында тұрақты дамудың факторы» атты жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясында бұл туралы кеңінен әңгіме болды. Айталық, Нобель сыйлығының экономика саласы бойынша 2004 жылы лауреаты Финн Кидланд жас ғалымдар алдында әлемдегі қаржы экономикалық дағдарыстың қазіргі жай-күйіне талдау жасай келе, Еуропадағы қаржылық дағдарыс толықтай тұрақталмағанын алға тартты. Кидланд ортақ экономикалық кеңістікте валюталық одақ құру тиімсіз деген тұжырымымен бөлісті. Ол бұл тұрғыда ЕуроОдақтың еуросын нақты мысал ретінде келтірді. Сонымен қатар, ғалым Еуразиялық экономикалық одақтың болашағына қатысты өз болжамын айтты. «Егер бұл ұйым сауда, тауар айналымын кеңейтуге бағытталған үрдісінен жаңылмаса, онда келешегінен үлкен үміт күтуге болады» дей келе, тек ортақ валюта мәселесінен аулақ болу қажеттігі туралы пікірін алға тартады. Нобель сыйлығының тағы бір лауреаты Эрик Маскин болса, жаһандану заманында әрбір дамығысы келетін ел тек әлемдік қауымдастықпен ашық әріптестік қатынасты өрбіте алса ғана жетістікке жете алатынын айтады. «Интеграциядан қашып, тұйықталып қалған елдің қоры қаншалықты болса да, ол тұқырға тіреліп зардап шегетіні айқын», - дейді Эрик Маскин. Экономикалық форумға қатысқан сарапшылардың Еуразиялық экономикалық одақ туралы пікірлері де көңілге қонымды, көпшілік саясаткерлер бұндай ықпалдастықтың игілігінен үміт күтеді. Мысалы, Астана экономикалық форумы мен II Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференциясына қатысқан Малайзия үкіметінің басшысы Наджиб Тун Разак Азия мемлекеттерінің экономикалық интеграциясы Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа нарығымен тығыз байланыс орнатуы тиіс деп мәлімдеді. Наджиб Тун Разактың айтуынша, халқы 170 млн-нан асатын Қазақстан, Ресей және Белорусь елдерін біріктірген Еуразиялық экономикалық одақ ұсынған жаңа нарықтарды нығайту қажет. Сондай-ақ, Малайзия үкіметінің басшысы Азия интеграциясында экономикалардың әлеуеті мен халықтың өмір сүру деңгейін арттыруда және түрлі бағыттар бойынша бірлескен жұмыста бірқатар үлкен мүмкіндіктер мен перспективалар бар екенін атап өтті. Бұдан бөлек, сарапшылар келешек перспективада бірқатар мемлекеттердің еуразиялық интеграцияға мүдделілігі арта түсетінін айтады. Ресей Федерациясы Президентінің кеңесшісі Сергей Глазьев алдағы уақытта мұндай экономикалық ықпалдастық қызметіне Армения мен Қырғызстан қосылатынын айтты. «ТМД аумағында еркін сауда аймағы жұмыс істеуде. Вьетнаммен еркін сауда аймағын құру мәселесі қарастырылып жатыр. Өзге Азия және Латын Америкасы елдері де үлкен қызығушылық танытып отыр. Бұл орайда еуразиялық интеграция үдерісі әрі қарай кеңейіп, тереңдей түсетініне еш күмән жоқ», - деп түйіндеді Сергей Глазьев. Еуразиялық экономикалық одақтың қарапайым адамдарға игілігі нешік? Еуразиялық экономикалық одақ барлық ұлттық мемлекеттердің халықтары үшін ауыртпалық емес, игілік болуы тиістігін Елбасы өткен сәуір айындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еуразиялық интеграцияның жаңа перспективалары тақырыбында оқыған дәрісінде де сөз еткен болатын. Президент онда экономикалық одақтың ХХІ ғасырдың бірінші жартысындағы басты миссиясы екі маңызды аспектіге негізделетіндігін атап өтті. Біріншіден, Еуразия кеңістігі әлемнің басты макроэкономикалық микроөңірінің бірі болуы қажет. Сарапшылардың есептеулері бойынша, осы жүзжылдықта экономикалық гравитацияның әлемдің орталығы шығысқа, Азияға, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа қарай жылжиды. «Екіншіден, біздің интеграциялық миссияның маңызды құрамдасы – әрбір қатысушы елдің әлемнің барынша дамыған мемлекеттері қатарына қосылуын қамтамасыз етуге негізделген. Еуразиялық экономикалық одақ барлық ұлттық мемлекеттердің халықтары үшін ауыртпалық емес, игілік болуы тиіс», - дейді Н.Назарбаев. Сөйтіп, түптеп келгенде еуразиялық интеграция қарапайым халықтың өмір сүру сапасына да игі әсерін тигізуі керек. Еуразиялық экономикалық одақтың қарапайым азаматтар үшін тиімді тұстарына келсек, сарапшылар оның да ауқымды екенін айтады. «Біріншіден, ірі ортақ нарықтағы экономиканың өсімі есебінен жаңа жұмыс орындары құрылады. Екіншіден, біздің елдеріміз арасында өнімдерді өзара жеткізу көлемі артады, яғни біз өнімдердің кең нарығына қол жеткізетін боламыз. Үшіншіден, тұтынушылар құқығын қорғау жүйесі айқындала түсіп, сапасыз, контрафактілік немесе адам өмірі үшін қауіпті өнімдермен күрес күшейеді. Осындай түрлі жайттар келісімде қарастырылған», - дейді ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов. Бұған қоса, вице-министр еңбек мигранттарына қатысты шарттардың жақсаратынын айтады. Оның сөзіне қарағанда, экономикалық одаққа енетін елдердің еңбек мигранттарында шектеу болмайды. Азаматтар еркін түрде қалаған еліне барып, тіркелгеннен кейін жұмыс істей беруіне болады. Еуразиялық экономикалық одақ аясында бiлiм беру туралы дипломдарды мойындау мәселесi де өзекті рөл атқармақ. Сәкен Майлыбай. Дереккөз: Bnews.kz. Фото: BNews.kz.