Президент • 08 Қараша, 2022

Атырауда бекіре өсіретін 8 кәсіпорын ашылады

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау өңірінде балық шаруашылығын дамыту жергілікті билік үшін басты міндеттің бірі болуға тиіс. Бұл туралы Президент облыс жұртшылығымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда бекіре өсіретін 8 кәсіпорын ашылады

«Балық шаруашылығымен айналысатын кооперативтердің техникасын жаңарту қажет. Осы жердің ауланған балығы Ресей, Әзербайжан, Израиль сияқты елдерге экспортталып жатыр. Көбіне мұздатылған, өңделмеген шикі балық жіберіледі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Президент өңделмеген балықты шетелге шығаруға шектеу қою мүмкіндігін қарастыру қажет деп санайды.

«Атырау облысында бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін екі шаруашылық бар. 2025 жылға дейін осындай тағы 8 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Мұндай шаруашылықты дамыту үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру керек. Сондай-ақ, осы жұмыстарды атқаратын балық шаруашылығының мамандары қажет. Жастарды осы іске баулып, оларға жан-жақты қолдау көрсету өте маңызды. Сонда ғана жастар бұл салаға қызығады», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет балық шаруашылығын дамыту мәселесіне қолдау көрсету қажет екенін қадап айтты.

«Мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі қажет. Осы аймақта балық шаруашылығын дамыту жергілікті билік үшін басты міндеттің бірі болуға тиіс. Үкімет бұл мәселе бойынша облысқа барынша қолдау көрсетуі керек», деп түйіндеді Президент.