Президент • 08 Қараша, 2022

Денсаулық сақтау саласына барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз - Президент

418 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау өңіріне медицина мамандарын тарту үшін арнайы бағдарлама әзірленеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртшылығымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Денсаулық сақтау саласына барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз - Президент

«Ең алдымен, өңірге медицина мамандарын тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу керек. Жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыру маңызды. Сондай-ақ, облыстық перзентхананы күрделі жөндеуден өткізіп, жабдықтаған жөн. Атырауда жаңа онкологиялық диспансер салу мәселесін пысықтау қажет», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, облыста бірқатар денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланып отыр.

«Құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастау керек. Ана мен баланың, жалпы тұрғындардың денсаулығын сақтау – елдің даму деңгейін айқындайтын көрсеткіштің бірі. Біз денсаулық сақтау саласына барлық ресурсты, күш-жігерімізді жұмылдырамыз. Осы орайда, мен синтетикалық есірткі мәселесіне ерекше назар аударғым келеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Президент Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұрғанын айтты.

«Өкінішке қарай, адам психикасына әсер ететін заттар тез таралып бара жатыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Оның ішінде балалар да бар. Бұл – біз білетін мәлімет қана. Осы ретте, Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күресті тиімді жүргізуін талап етемін», деді Мемлекет басшысы.