Президент • 08 Қараша, 2022

Президент реформалардың басты мақсатына тоқталды

313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесіп, мемлекет ұстанып келе жатқан «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты жайында егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент реформалардың басты мақсатына тоқталды

«Мен өңірлерге сапарымда жалпыұлттық маңызы бар мәселелерге арнайы тоқталып жүрмін. Осы жерде де кейбір ой-пікірімді айтқым келеді. Біз мықты мемлекет құрып жатырмыз. Бірақ әділдік болмаса, мықты мемлекеттің өзі автократияға айналады», деді Президент.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің саяси бағдарының ең басты өзегін атады.

«Елдің дамуы үшін әділдік түбегейлі орнығуға тиіс. Онсыз халықтың мемлекетке деген сенімі де болмайды. Сондықтан әділдік идеясы – менің саяси бағдарымның ең басты өзегі. Бұл мақсатқа жету үшін, ең алдымен, заңдарымыз әділ болуы керек. Өйткені, мемлекеттік саясат заң арқылы жүзеге асырылады. Реформалардың басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент аралас сайлау жүйесінің артықшылығын атады.

«Мен өткен аптада еліміз үшін айрықша маңызы бар бірқатар заңға қол қойдым. Оның ішінде сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерді ерекше атап өткім келеді. Жаңа заңдар шын мәнінде халықтық сипатқа ие өкілді органдар қалыптастырады. Біздің міндетіміз – ел алдында абырой-беделі бар, қолынан іс келетін жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жағдай жасау. Аралас сайлау жүйесі депутаттардың атқарушы билікке ықпалын күшейте түседі. Сондай-ақ, өңірлердің мәселесін мемлекеттік деңгейде уақытылы көтеруге септігін тигізеді», деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

Осы тұста Президент елдегі мемлекеттік қызметке ауқымды реформа жүргізу қолға алынатынын да жеткізді.

«Партия құрудың жаңа әділ ережелері енгізілді. Бұл қадам азаматтардың саясатқа араласу мүмкіндігін арттырады. Олар мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға қатыса алады. Сондай-ақ, елімізге басқарушылардың жаңа буыны керек. Әсіресе, жоғары және орта буын басшыларының құрамын жаңарту аса маңызды. Сол үшін мемлекеттік қызметке ауқымды реформа жүргізуді жоспарлап отырмыз», деді Қасым-Жомрт Кемелұлы.

Президенттің айтуынша, ел игілігі үшін еңбек еткісі келетін білімді, дарынды азаматтарға жол ашу қажет.

«Түрлі салаға білікті мамандар тарту үшін бәріне бірдей мүмкіндік берілетін болады. Меритократия – басты қағидатымыз. Әсіресе, басқару ісіне аймақтардаң шыққан мықты менеджерлерді тартуға баса мән береміз. Ел игілігі үшін еңбек еткісі келетін білімді, дарынды азаматтар әр аймақта бар. Оларға жол ашу – мемлекеттің міндеті», деді Мемлекет басшысы.

Осы тұста Қасым-Жомарт Кемелұлы тұтас Қазақстанның дамуына әр өңір сүбелі үлес қосып отырғанын ерекше атап өтті.

«Біз «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын ұстанамыз. Қазақстанның дамуына әрбір аймақ сүбелі үлес қосып отыр. Батыста мұнай өндірілсе, орталықта көмір, шығыста металл шығады. Солтүстік аймақтар астығымен әйгілі болса, оңтүстік төрт түлігімен, бау-бақшасымен танымал. Бір сөзбен айтсақ, әр өлкенің өз ерекшелігі бар. Түптеп келгенде, бәрі – бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайтын біртұтас Қазақстан», деп түйіндеді ел Президенті.