Технология • 08 Қараша, 2022

Технопарк пен TikTok тандемі

197 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі TikTok-пен бірлесіп, отандық стартаптар үшін TikTok Startup академиясының алғашқы білім беру бағдарламасын іске қосты. Академия аясында стартаптың 218 өкілі платформада жетістікке жетуді және қоғамдастықтың назарын өз өнімдеріне аударуды үйренеді. TikTok Startup академиясының ең үздік студенттері 10 мың долларға дейінгі гранттарға ие болады.

Технопарк пен TikTok тандемі

Орталық Азиядағы ең ірі халық­аралық IT-стартаптар технопаркі саналатын Astana Hub пен TikTok қысқа бейнероликтер жасауға арналған же­текші платформа Digital Bridge 2022 шеңберінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Іле олар TikTok Startup академиясы стартаптары үшін эксклюзивті білім беру бағдарламасын іске қосты. Платформа мен технопаркті инновацияға және бизнеске көмектесуге деген ұмтылыс біріктіріп отыр. Академияның міндеті – стартаптарға жаңа өсу нүктелерін табуға, сарапшылардан бірегей білім алуға және TikTok платформасының мүмкіндіктерін ашуға көмектесу.

Бағдарламаға қатысуға Fintech, E-com, Games&Apps, Foodtech, Edtech, Entertainment, Health&Wellness және басқа да салалардан технологиялық стартаптардың өкілдері шақырылды. Өтінімдерді қабылдау қазан айының соңында ашылды және іріктеу нәти­жесінде 218 стартап білім беру курсына қол жеткізе алады. Вебинарлар 31 қазаннан бастап өтіп жатыр. Ал емти­ханды сәтті тапсырған алғашқы жиыр­ма қатысушы 9 және 10 қарашада Аста­на­дағы офлайн-воркшоптарға барады.

– Білім бағдарламасы – Digital Bridge 2022 форумы аясында қол қо­йылған Astana Hub пен TikTok ара­сын­дағы ынтымақтастық туралы мемо­рандумның жемісі. Бағдар­ла­маға қатысушылардың арасында Docu­mentolog, Mitwork, Aviata, EasyTap, iDos Games сияқты командалар, сондай-ақ жаңа бастап жатқан және тәжірибелі бірқатар отандық стартап бар. Бұл орайда нарықтың TikTok платформасындағы маркетинг белсенділігін дамытуға ұмтылып жатқанын көруге болады. Astana Hub пен TikTok серіктестігі қазақстандық ІТ-экожүйені танытуға үлес қосып, елімізге ІТ-компанияларды тартуға жағдай жасайды деген үміттемін, – дейді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

TikTok-тың Шығыс Еуропадағы бас директоры Анастасия Панина атап өткендей, TikTok StartUp академиясы аясында кәсіпкерлерге жаңа білім алуға және TikTok пен Astana Hub үздік сарапшыларының тәлімгерлігімен жаңа биіктерге жетуге жол ашылмақ. Ал үздік қатысушыларға арналған гранттар оларға өздерінің идеяларын іске асыруға мүмкіндік береді.

Академияның барлық стартап сту­денттері біршама игілікке қол жеткізе алады. Мәселен, артықшылықтың бірі – TikTok for Business командасының менторшипі. Онда науқанды нөлден бастап толық пысықтау кіреді. Бірегей білім беру мазмұны, жетекші бейне платформаның сараптамасы және тиімді науқандарды қалай бастау кере­гін үйрену мүмкіндігі ұсынылады. Сарап­шылар чат арқылы қолдау көрсе­тіп отырады.

Оқыту қорытындысы бойынша үз­дік жобалар TikTok-та 10 мың долларға дейін танымал болу гранттарын алады. Олар бұл сыйлығын TikTok-тағы мар­кетингтік науқандарға жұмсай алады. Еске сала кетейік, TikTok дегеніміз – қысқа бейнелер жасауға арналған жетекші қосымша. Ал Astana Hub – қазақ­стандық және шетелдік ІТ-компа­ниялардың дамуына жағдай жасап отырған халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі.