Қазақ-қырғыз елдері ежелден-ақ тамыры терең тату көршілік орнатып, барыс-келіс пен алыс-беріс аясы баяғыда-ақ анағұрлым кеңейген мүдделес мемлекеттер екені бесенеден белгілі.
Қырғызстан – біз үшін тамырлас, тағдырлас және бауырлас мемлекет. Екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық аясы кеңейе түсуде. Елдеріміз аймақтық және жаһандық мәселелерде өзара ықпалдастық пен ынтымақтастыққа аса маңыз беруде. Соның арқасында қазір қазақ-қырғыз қатынасы жаңа деңгейге көтерілді деуге толық негіз бар.
Ел тыныштығы мен тұрақтылықты, Қырғызстанды мекен еткен халықтар арасындағы достық, ынтымақтастық қатынастарды нығайта түсуге Қырғызстандағы қазақ қауымдастығы да зор септігін тигізіп жүр.
Мерекелі мерейтой аясындағы алғашқы іс-шара Қырғыз Республикасының Алықұл Осмонов атындағы Ұлттық кітапханасында «Қазақстан-Қырғызстан: 30 жылдық достық пен ынтымақтастық» атты отырыспен басталды. Дөңгелек үстелдің басты тақырыбы – азаттықтың ақ таңымен қатар келген Қырғызстан қазақтары қауымдастығының 30 жылдық мерейтойы болғандықтан, ауқымы кең іс-шара ежелден еншісі бір егіз халық қырғыз бауырлармен бірлесе ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел Қырғызстан Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің құттықтауымен басталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшісі Рәпіл Жошыбаев биыл тәуелсіз ел ретінде Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдық мерекесі ұлтымызды ұйыстырған қауымдастықтың мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғанына тоқталды.
Қазақстандық делегацияны бастап барған «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы осы мерейтойдың жоғары деңгейде атап өтілуіне айрықша ықылас білдірген Қырғызстан басшылығына, Қырғызстанның халқы Ассамблеясына, Қазақтар қауымдастығына, қоғамдық ұйымдарға, жанашыр ағайындар мен белсенді қандастарға ризалық білдіріп, алғысын айтты.
Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде бір-біріне деген осындай ыстық ықыласты қатынастың іргесін қалыптастырған Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов сынды екі ұлттың ұлы тұлғалары екенін мақтанышпен атап өтті.
Өз кезегінде Қырғызстан халқы Ассамблеясының төрағасы, академик Абдығани Эркебаев та ежелден тату екі елдің арасындағы берік достықтың тарихи тамыры терең екенін тебірене жеткізді. Өзінің де қазақ достары көптігін мақтан тұтып, олардың жақсы қасиеттерін дәріптеді.
Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы тұңғыш елшісі, Қырғыз Республикасының халық ақыны Мұхтар Шахановтың жан тербетер жақсы сөздері ел жүрегін елжіретті. «Адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс досым фәниден бақиға озғалы жаным жабырқап, жалғыз қалғандай күй кешіп жүрмін», деген бір ауыз сөзінің өзі тонның ішкі бауындай, бірге туған бауырдай екі елдің егіздей үйлесімінің үлгісі болды. Жасампаз халықтардың жарқын болашағы жастардың қолында екенін айтқан ақиық ақын өскелең ұрпаққа өлеңдете бата берді.
Тұғырлы тұлғадан кейін сөз алған тараптар тату көршілік саясатты дамудың жаңа сатысына көтеру жөнінде келелі сөз қозғап, ой-пікірлерін ортаға салды. Жиын соңында алыс-жақын шетелдердегі қалың қазақтың қамын ойлайтын «Отандастар қорының» басшысы Абзал Сапарбекұлы көршілес елдегі қандастар қауымына атажұрттың атынан арнайы «Қоржын» топтамасын тарту етті. Естен кетпес естелік ретінде қазақтың қасиетті домбырасынан бастап, ұлттық киімдер, бағалы кәдесыйлар ұсынып, ұлттық құндылықтарымызды тағы бір ұлықтады.
Кездесуде қырғыз ағайындар шекаралас Жамбыл облысының Кенен Әзірбаев атындағы филармониясы өнерпаздарының мерейтойға арнайы ала келген ән-шашуын тамашалады. Тараздық сахна саңлақтары мерейтой қонақтарының мейірін қандырып, қандастарымыздың абыройын асырды.
Сонымен қатар концерттік бағдарлама аясында Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Самат Шатманов, Жогорку Кенештің Халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Лейла Лурова сөз сөйлеп, алғыс білдірді.
Бішкек қаласын қазақтың халық әндерімен әлдилеп, қырғыз аспанын күй күмбірімен тербеткен өнер кеші көпшіліктің жадында жатталып, көрермен көңілінде көпке дейін сақталып қалары анық.