Экономика • 08 Қараша, 2022

Кәсіпкерді толғандырар мәселе көп

256 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астанада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Х съезі өтті. Съезд қарсаңында бизнес-қауымдастық орталық мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесіп, кәсіпкерлік саласындағы түйткілді мәселелерді талқылады.

Кәсіпкерді толғандырар мәселе көп

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Палата басшысы Райымбек Бата­ловтың айтуынша, «Атамекен» өңір­лер­ден, қауымдастықтардан және кә­сіп­к­ерлік субъектілерінен келетін мә­се­лелерді жинақтап, «жүйелік проб­ле­ма­лардың тізілімін» жүргізіп келеді. Олардың бәрі Үкімет деңгейінде қа­рас­ты­рылады.

– Былтырғы съезде 254 жүйелік проблема айтылған еді. Оның 15-і шешімін тапты. 154-і бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 100-і Премьер-Министрдің кеңсесінде қаралды. 79-ы бойынша Үкімет мемлекеттік органдарға тапсырма берді. 6 проблема нақтыланған жоқ. Биылғы съезд қарсаңында өңірлерден, салалық қауымдастықтардан 160-қа жуық сұрақ келіп түсті, – деді Р.Баталов.

Мәселен, Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілері одағының пре­зиденті Қайрат Бисетаев су тапшы­лығы мәселесін көтерді. Расында да, бұл өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда ауылшаруашылық жерлерге назар аударып, бірінші кезекте суармалы егіншілікті дамытуға көңіл бөліп отыр. «Ауыл шаруашылығы отандық экономиканың жаңа қозғаушы күші болады. Алдағы бірнеше жыл ауыл-аймақты дамытуға арналады», деген Президент мәлімдемесін кәсіпкерлер қауымы қуана қабылдады. Мемлекет басшысы суармалы алқаптар ауданын екі есе көбейтіп, 2,2 млн гектарға жеткізуді, сонымен қатар 3,5 мың ша­­­қы­рым­дық суару каналдарын қайта құру туралы айтқан болатын.

– Бұл бастамалар дер кезінде қолға алынып отыр. Қазіргі кезде оңтүстік өңірлердің 1,2 млн гектарға жуық егін алқабының 95 пайызы арықпен суарылады. Суарудың мұндай технологиясы ескірген әрі суды тым көп шығындайды. Ал ауыл шаруашылығындағы судың бір бөлігі бізге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келетінін, тағы бір бөлігі тез еріп кететін мұздақтардан алынатынын ескерсек, қолдағы су қорын барынша үнемдеу керек. Егісті арықпен суаруды тамшылатып суаруға көшіру бойынша жеке бағдарламаны әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Салалық министрліктер мен әкімдіктер жақын келешекте Үкіметтің кепілдігімен халық­аралық ұйымдардың қаражатын жеңіл шарттармен тарта отырып, тамшылатып суаруға көшуді жүйелі түрде жүзеге асыра алады, – деді Қ.Бисетаев.

Сарапшының пікіріне қарағанда, мұндай бағдарлама жүзеге асырылса, мемлекет аз мөлшердегі сумен-ақ бар­лық диқанды қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар судың тапшылығына алаңдамай егіс алқаптарының көлемін арттыруға мүмкіндік туады. «Су тапшы­лығы – мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығындағы маңызды мәселе. Жекелеген шаруашылықтарға жақсы жағдай жасалуына жол берілмеуі керек. Айналым қаражатын банк қызметіне мүмкіндігі жоқ шаруалар да қолдана алуға тиіс», деді ол.

Энергетика саласындағы білікті сарапшы, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушев Мемлекет басшысының энергетикалық реформалары салаға қалай әсер ететінін айтты. Оның пікіріне сүйенсек, алдағы жеті жылда Үкімет 3,7 ГВт электр энергиясын генерациялайтын қуат көздері мен жылу электр орталықтарын салу және жаңғыртуға, жаңартылатын энергия өндірісінің көлемін 1,5 есе ұлғайтуға, сондай-ақ елдің энергия жүйесін тұ­йық­тайтын электр беру желілерінің құ­ры­лы­сын аяқтауға күш салады.

– Энергетика саласын дамытуға қа­тыс­ты тармақтар мультипликативті әсер береді. Жаңа технологиялардың пайда болуы бірден көптеген цифрлық технологияны – интернет желісіне (IoT) қосылған датчиктердің барлық түрі, кең деректер базасы, онлайн сақтау шешімдері, блокчейн, жасанды интеллект және тағы басқа мүм­кін­­діктерді қолдануға жол ашады. Қол­даныстағы энергетикалық объек­тілер мен жаңғырмалы энергия көздері нысандарын салу және жаңарту арқылы жұмыс орындарын арттыруға, энергетика саласында кибер-инженер, АЭС салу және пайдалану жөніндегі маман, көміртек энергетикасы және жасанды интеллект жөніндегі инженер сынды жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді. Айналмалы (тұйық) біртұтас электр энергетикалық жүйесі елдің энергия тәуелсіздігіне түпкілікті қол жеткізуге мүмкіндік бе­реді. Бұл ретте көршілес энергия жүйе­ле­рімен параллель жұмысты сақтау қажет. Нәтижесінде, осы шаралардың барлығы апат көлемін қысқартып, қуат тапшылығын азайтуға көмектеседі, – деді Ж.Хайрушев.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласы энергетика саласымен тығыз байланысты. Егер реформалар жүзеге асырылса, онда жылу және сумен жабдықтау, су бұру желілерінің тозу көрсеткіші 40 пайызға дейін төмендейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына «инвестициялар орнына тариф» қағидаты бойынша жаңа инвес­тициялар тартылады. Сондай-ақ жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік коммуникациялардың құрылысы жалғасады, елді мекендер сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Жиында Қала құрылысы кодексі туралы да айтылды. Жаңа құжат құрылыс саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді жүйелеуге, құрылыс қызметін мемлекеттік реттеудегі заңнаманы же­тіл­діруге, сондай-ақ осы саладағы қа­зіргі олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­дауда концептуалды жаңа құжат – қала құрылысы кодексін құруды тап­сырған болатын. Сондай-ақ Прези­дент қолданыстағы жүйені сынға алып, оны бюрократиялық және сыбайлас жем­қорлыққа жағдай жасайды деп атаған еді.

Бұл ретте «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы 2018 жылы Қазақ­стан құрылыс салушылар қауымдастығымен бірлесіп, құрылыс саласының заңна­масына талдау жүргізді. Талдау бірқатар заңнамалық проблеманың барын көр­сетті. Атап айтқанда, заңнаманың тұрақ­сыздығы мен болжамсыздығы, рет­теуде кешенді және жүйелі тәсілдің болмауы, заңға тәуелді актілердің пай­дасына реттеудегі теңгерімсіздік және басқалары аталды. Заңнамадағы осын­дай кемшіліктер саланы дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға, инвес­ти­цияларды тарту және саламатты бә­се­­келестік ортаны дамытуға кедергі кел­­тіреді. Кәсіпкерлердің айтуынша, құ­­рылыс заңнамасы дамыған елдердің озық тәжірибесіне сәйкес келмейді және инновацияларды енгізу, инвестицияларды тартуда тежегішке айналған.

– Бірінші кезекте құрылыс саласын­да­ғы бизнес нарықтағы қазіргі жағдайды нақ­ты еске­ретін құжаттың қабыл­да­нуын кү­теді. Өйткені жаңа заман жа­ңа ережемен жүруді талап етеді. Екін­­­­­шіден, жаңа кодексте жазаның бұлт­арт­пастығына кепілдік беретін нақты жауапкершілік шаралары жазы­ла­ды деп сенеміз. Үшіншіден, Мем­лекет басшысы айтқандай, біз бюро­кратияланған жүйеден шығып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайта аламыз, – деді Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары да жаңа құжатқа зор үміт артып отыр. «Атамекен» басшысы Райымбек Баталовтың айтуынша, палата 2016 жылдан бастап Қала құрылысы кодексін құру туралы мәселені көтеріп келді. «Қала құрылысы кодексін қа­былдау туралы Мемлекет басшысы айтқан соң енді ешкім нормативтік-құқықтық актілерді өз мүддесі үшін түсіндіре алмайтынын, осылайша кә­сіп­кер­лер үшін жасанды кедергілер жасалмайтынын түсінеміз. Біз жаңа құжатты қабылдау құрылыс саласы үшін ерекше серпін болады және оны сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», деді ол.

Астана қаласының іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Сәуле Сәмидин Мемлекет басшысының реформаларында шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін айтты.

– Кәсіпкерлер санын 5 млн-ға дейін арттыру туралы айтылды. Бұл – тамаша бастама. Сонымен қатар креатив индустрияны қолдауға көңіл бөлініп келеді. Қазақстан шикізат елі деп қа­лыптасқан қағидаттан арылуымыз керек. Біздің елде креативті және зияткер қоғамдастықты дамыту мүмкіндігі бар. Қазіргі Президент – креативті индустрияның бастамашысы, – деді С.Сәмидин.