ANTIKOR • 09 Қараша, 2022

Бұрынғы вице-министр Тоқтабаев ұсталды

1430 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікпен бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz ANTIKOR-ға сілтеме жасап.

Бұрынғы вице-министр Тоқтабаев ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратурамен бірлесіп пайдалы қазбалар кен орындарын берудің заңдылығын тексеру нәтижелері бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады

Министрліктің лауазымды адамдары жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесінде әрекет ете отырып, барлау сылтауымен аукцион өткізбестен пайдалы қатты қазбалар қоры белгіленген кен орындарын заңсыз бергені анықталды. Бұрын жүргізілген барлау фактісі құжаттарды бұрмалау арқылы әдейі жасырылған.

Нәтижесінде, лауазымды тұлғалармен үлестес кәсіпкерлер қол қою бонусының ең төменгі құны үшін нарыққа қатысушылардың бәсекелестік, қолжетімділік және тең құқықтылық қағидаттарын бұза отырып, өндіруге дайын кен орындарын алды.

Кен орындарын сату бойынша аукциондар өткізілмегендіктен, мемлекет ондаған миллиард теңге алмаған.

Биылғы жылдың 7 қарашасында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Т. Тоқтабаев ұсталды.

Тергеу соттың санкциясымен Т.Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды және қамауға алынды.

Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жалғасуда.