Өнер • 09 Қараша, 2022

Асқақ мүсіндер авторы

567 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Әбішевтің туғанына 75 жыл (1947-2017) толуына арналған «Әбішев әлемі» атты көрме ашылды.

Асқақ мүсіндер авторы

Мүсінші Бақытжан Әбі­шевтің шығармашылығы 1970-жылдары Қазақстан бей­нелеу өнеріне өзіндік ұлт­тық мәнерімен енді. Оның шы­ғар­маларының құндылы­ғы, туындыларының сю­жет­тік мазмұнының ауқым­ды­лы­ғымен, пласти­ка­лық ше­шім­дер табу­да­ғы ше­бер­лігі һәм кеңіс­тікте мү­сін жасаудағы ер­кін­дігі­мен ерекшеленеді. Экс­по­зицияда автордың 40-қа жуық мүсіндік туындылары мен ол сомдаған монумен­талды ескерткіштердің фото­суреттері ұсынылған.

Станоктық мүсіннен басқа Бақытжан Әбішев мону­­менталды пластика сала­­сында тың ізденістерге барды. Қазақстанның ай­шық­ты қалаларында орна­тылған қазақ халқының ұлы тұл­ғалары мен батырларына арналған қаншама ескерткіштер шебердің қай­­таланбас қолтаңбасы. Олар­дың арасында: «Жам­был Жабаев» (1996, Алматы), С.Сей­фуллин (Қарағанды), С.Торайғыров (Баянауыл), Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы (2003, Атырау), Әлия Молдағұлова (2004, Ақтөбе. 2008, Астана. 2005, Мәскеу.) т.б. бар. Мү­сін­шінің туындылары Ә.Қас­теевтің музей қорында, Гер­мания, Швейцария, Ресей елдерінің жеке коллекцияларында сақтаулы.

Әбішев әлемінде жылқы образы айрықша орын алады. Оның «Құлагер» (1986), «Ұран» (1986), «Жауынгер» (1987) туындылары қазақ халқының рухын сездіретін күрделі динамикалық қоз­ғалыста берілген. Өнер ие­сінің әйел образындағы композицияларының ке­йіп­керлері – әйел-ана, ошақ­тың қамқоршысы, атқа қонған қайсар қыздар кей­пінде. Б.Әбішев олардың бей­не­лерін сомдау арқылы өзінің сұлулық, адамгершілік, рухани тектілік турасындағы танымын паш етеді. Әсі­ресе «Ұмай» (1986), «Кү­ту» (1985), «Томирис» (1994),  «Ат­тылы» (2004) деп атал­ған туын­дыла­ры ком­по­зи­циялық әуез­ділігімен бау­райды. Су­реткер­дің мү­сін­дік туынды­ларының көбі қазақ тарихымен, халық өмірі және салт-дәстүрімен ас­тасып жатыр.

– Бақытжан Әбішев – саналы ғұмырын өнерге бағыштаған санаулы да­рынның бірегейі. Мүсін әле­­мінің құпиясын шебер меңгерген ол өнердегі таза­лықты сүйді. «Әбішев әлемі» атты көрме өнер жанкүйер­лерін мүсінші жасаған бей­нелердің ерекше және бай әлеміне үңілуге шақырады, сол арқылы нағыз өнердің си­қырын сезінуге мүмкіндік береді. Оның қаламынан өрілген сәулетті мүсіндер қазақ даласының айбарын асқақтатып тұр. Көрме қа­раша айының 19-на дейін жалғасады, – дейді көрме жетекшісі Лаура Әбілдаева.

от

 

АЛМАТЫ