Таным • 09 Қараша, 2022

Әзағаның әйгілі шіләпісі

256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұр­ша­йықов заманында тал­ғам­­мен киінген. Кереку өңі­­рінде қызмет атқарған жыл­­дары қара шіләпісін ба­сынан тастамайтын еді де­седі көзкөргендер. Жуық­та Әзағаның баскиімі бір топ жеке затымен облыстық Бұқар жы­рау атындағы әдебиет және өнер музейіне жеткі­зілді.

Әзағаның әйгілі шіләпісі

Әзілхан Нұршайықов со­ғыс­тан кейінгі жылдары КазГУ-ді аяқтаған соң «Қазақстан пио­нері» және «Социалистік Қазақ­стан» газеттерінде жұ­мыс істегені мәлім. Халық ша­руа­­шы­лығын қай­та қалпына кел­тірудің ауыртпалығы мол ке­зеңде де өз ортасына орай сән­ді киіну сол заманның интеллигенция өкіл­деріне бұлжымас заңдылық еді. Қара түсті костюм-шалбар, ақ көйлек, басына шіләпі кию зиялы адам екенін танытып тұратын.

Облыстық Бұқар жырау атын­дағы әдебиет және өнер музейіне жуықта Алматыдан Әзаға­ның заттары әкелінді. Қа­лам­гер өмірден өтер алдын­да киген костюм-шалбары, көй­легі, әйгілі қалпағы мен қа­лам­сабын, сирек кітаптарын қызы Жанар Нұршайықова музей қыз­меткерлеріне арнайы та­быс­таған. Мекемедегі негізгі қор бөлімінің басшысы Мейрамғали Есмұқанов бұл жәдігерлер жазу­шының мерейтойында Кереку жұртшылығы үшін үлкен сый болғанын айтады.

Жанар апаймен телефон арқы­лы тілдескені­мізде қалам­гер ба­сынан тастамаған шіләпінің бір­нешеуі болғанын білдік.

– Елуінші жылдардың басын­да біздің отбасымыз Павло­дар­­ға көшіп барды. Әкеміз облыс­тық «Қызыл ту» газетіне редак­торлық етіп, ба­сы­лым­ды да­мытуға көп еңбек сіңірді. Сонда байқайтынымыз, жергілікті интеллигенттер арасында шіләпі киген ағалар аз болатын. Әкеміз су жаңа костюм-шалбар, салқын күні басына қара шіләпісін кигенде елден ерекшеленіп тұрушы еді. Баскиімді анамыз дүкеннен арнайы сатып әперген. Ол кезде ер адамдарға арналған сәнді киім шықса, анамыз жұрттың алды болып барып, әкеме сатып алуға тырысатын. Ерінің үсті-басы мұнтаздай таза болуын, қалтасындағы бет орамалының күн сайын ауыстырылып тұруын қадағалайтын. Анам өмірден өтіп бара жатқанда да әкеме және бізге тазалықты үлгі етіп кетті. Кейін келіні Света атасының күтіміне жауап берді. Оған деген алғысымыз да шексіз. Әкеміз өмірден өт­кенше киімінің өңіріне қыл­шық тұрмайтын. Республикалық телеарналар сұхбатқа шақыр­ған­да әкеміз эфирге жарқырап шыға келетін, бет-жүзі әдемі болып көрініп оты­ратын, – деп еске алды Жанар апай.

Атап өтерлігі, жазушы-журналист Павлодар облыстық «Қы­­зыл ту» (қазіргі «Сарыарқа са­малы») газетін 1953-56 жылдар аралығында басқарды. Ба­сы­лым таралымын көбейту үшін газет­те Мұхтар Әуезов, Сә­бит Мұқа­нов секілді әйгілі қа­лам­герлер­дің туындыларынан үзінділер беріп, руханиятқа сусап жүрген оқырманның шөлін қандырды. Сол уақытта өңірлік басылым­ның таралымы өсіп, абырой-бе­делі қалыптасты. Әзағаның осы уақытта шығар­машылық тұрғыдан толысып, көркем дүниелерді қолға ала бастаған уақыты да болған екен. Халық жазушысы бұл туралы: «Павлодар мені әдебиет аспанына көтерген космодромым болды», деп жазып кеткен.

 

ПАВЛОДАР