Саясат • 10 Қараша, 2022

«Әлеуметтік әмиян» жобасы

225 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин елордада «Әлеуметтік әмиянның» пилоттық цифрлық сервистерін енгізу барысын тексерді.

«Әлеуметтік әмиян» жобасы

Астанадағы №8 мектеп-лицейі мен №10 емхана «Әлеуметтік әмиян» арқылы азаматтарды ақшалай және ақшалай емес мемлекеттік қол­даудың цифрлық құрал­дарын құру бойынша пилоттық жобаға қатысып жатыр. «Жалпы білім беретін мектептерді тегін, жеңілдетілген ыстық тамақпен қамтамасыз ету», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде дәрі-дәрмекпен және дәрігердің ұсынысы (рецепті) бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен қамтамасыз ету» қызметтері сынақтан өтуде.

№8 мектепте 1 675 бала оқиды, оның ішінде 5-11 сыныпта оқитын 63 оқушы аз қамтылған отбасынан шыққан. Мектеп асханасын аралау барысында Серік Жұманғаринға «Әлеуметтік әмиян» қосым­ша­сы­ның демо-нұсқасы көр­сетілді.

Жоба өнеркәсіптік пайда­лануға берілгеннен кейін ыстық тамаққа жолдама алу үшін мемлекеттен әлеуметтік қолдау алатын балалардың ата-аналарына өтініш жазудың қажеті болмайды. Олардың ұялы телефон нөміріне SMS хабарлама жіберіледі, содан кейін баланың көлік картасын «Әлеуметтік әмиянға» қосып, оны мектепте жеңілдікті түскі ас алу үшін пайдалануға болады.

С.Жұманғарин жақын маңдағы «Әлеуметтік төлемдер есебінен тауарларды сатып алу» қызметі сынақтан өткен үй жанындағы дүкенде болды. Бұл атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, соның ішінде негізгі азық-түлік өнімдерін сатып алуға бөлінетін, оларды дүкендерден QR төлемін қолдана отырып сатып алуға мүмкіндік береді.

Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру және рецепт бойынша тегін медици­на­лық көмектің кепілдік беріл­ген көлемі бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде дәрілік заттарды алу үшін 83 мың азамат тіркелген №10 қалалық емхананың базасында «Әлеуметтік әмиян» Денсаулық сақтау министрлігінің ақпа­раттық жүйелерімен бірік­тірі­летін болады.

Бұл қызмет дәрігердің цифр­лық рецепті қолданушының-пациенттің телефонына бірден түсетіндігімен ыңғайлы. Ме­ди­цина қызметкерлеріне құжат­тарды қолмен толтыру, ал пациентке қағаз рецептті алып жүрудің қажеттілігі болмайды.

«Әлеуметтік қолдаудың ақшалай емес түрлерінің тетігі қазірдің өзінде жеткілікті түрде әзірленген деп санаймын, ақшалай түрлері бойынша біз оларды тек банк карталарына ғана емес, «Әлеуметтік әмиянға» да алуға болатындай етіп қарастырамыз және әртүрлі нұсқаларды ұсынамыз. Со­нымен қатар азамат мемле­кеттік қолдау шеңберінде, мысалы, атаулы әлеуметтік көмек – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алуға есептелетін қаражатты көре алады», деді Серік Жұманғарин.

2023 жылы қолданысқа енгізу үшін «Әлеуметтік әмиян­дағы» цифрлық қыз­меттерді (мектептерде тегін және жеңілдетілген бағамен ыстық тамаққа ваучерлер, дәрі-дәрмек беру) іске қосуды кезең-кезеңімен бастау жоспар­лануда. Бұл ретте норматив­тік-құқықтық базаға тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары аяқталуда.