Кездесу барысында Серік Жұманғарин Қазақстан Ресей Федерациясымен аймақаралық ынтымақтастықты кеңейтуді мақсат етіп отырғанын айтты. 2022 жылдың І жартыжылдығында Қазақстан мен Краснояр өлкесі арасындағы сыртқы сауда айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 77,7%-ға артып, 75 217,7 мың долларды құрады. Қазірдің өзінде облыстың 200-ге жуық кәсіпорны Қазақстанмен сауда байланысын орнатқан. 2022 жылдың тамызында Ақмола облысының өкілдері мен Краснояр өлкесі губернаторының әкімшілігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.
Сонымен қатар кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Ресей түрлі бағыт бойынша өзара байланыстарды нығайту үшін зор мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті.
Өз кезегінде Краснояр өлкесінің губернаторы Александр Усс Ресей экспортының жаңа нарықтары мен балама логистикалық бағыттарын іздеуге қызығушылық білдірді. Өңір басшысы Краснояр өлкесінің бәсекелестік артықшылықтары туралы айтып, қазақстандық кәсіпкерлерді алюминий өңдеу, орман өнеркәсібі кешені және орман шаруашылығы саласында ынтымақтасуға шақырды. Сондай-ақ өңірде машина жасау және металл өңдеу, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, ағаш өңдеу, химия салаларында маңызды жобалар бар.
Кездесу соңында қатысушылар тараптар арасындағы тікелей байланыстарды жедел жолға қою үшін кәсіпорындар тізбесімен алмасуға келісті.