«Білім-Инновация» лицей-интернатында өткен кездесуде кандидат жиналған қауымды өзінің саяси бағдарламасымен таныстырды. Сондай-ақ сөз барысында педагог мамандығының маңыздылығын және олардың алдында тұрған міндеттерін атап өтті.
«Әлемнің кез келген еліндегі мұғалім – әрқашан құрметті және мәртебесі биік мамандық. Өйткені мұғалім – балаларға білім беріп, болашаққа бағыт-бағдар көрсететін адам», деді М.Қажыкен.
Мұғалімдер үміткермен білім беру саласындағы жалақыны көтермей жүктемені ұлғайту, сыбайлас жемқорлық, тұрғын үй алу сияқты өзекті мәселелер шешілмейтінін талқылады. Мейрам Қажыкен өз бағдарламасының әлеуметтік бөлімінде жас мамандарға, тұрғын үй сатып алуға қаражаты жеткіліксіз отбасыларға және халықтың басқа да топтарын баспанамен қамту жоспары жазылғанын айтты.
«Менің ұстанымым мынадай: жергілікті органдар көппәтерлі үй салу үшін мердігер компанияға жер учаскесін береді. Өз кезегінде мердігер тұрғын үйдің 15 пайызына дейінгі үлесін мемлекетке беруі керек. Яғни әкімдіктер тұрғын үйден пәтерлер алады. Оны кезекте тұрғандарға үлестіреді. Ал жұмысқа орналасу кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа келетін болсақ, мен бұл өзекті мәселемен заңды түрде қатал және қатаң күресу керек деп санаймын», деді М.Қажыкен.