Саясат • 10 Қараша, 2022

Ветеринарлық қауіпсіздік мәселесі

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Алматы қаласында көшпелі отырыс өткізіп, жиын барысында ветеринарлық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді талқылады.

Ветеринарлық қауіпсіздік мәселесі

Отырысты ашқан комитет төрағасы Әли Бектаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын дамытуға зор маңыз беретінін және де мал басының саулығы мен өнімділігі ветеринария саласын жетілдіруге және жергілікті жердегі мамандардың тиімді жұмысына байланысты екенін атап өтті.

«Сапар мақсаты – ветеринария қызметін одан әрі дамытуға, отандық ветеринарияны ғылыми және кадрлармен қамтамасыз ету және еліміздің мал өсіру шаруашылығының тұрақ­ты әл-ауқаты мен мал шаруа­шылығы өнімдерінің қауіп­­сіздігін қамтамасыз етуге бағыт­талған мемлекеттің саясатын талқылау», деді Әли Бектаев.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов ветеринария жүйесін реформалау аясында қордаланған мәселелерді шешуге тоқталды. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова облыстағы эпидемиялық жағ­дай­дың жай-күйі туралы пар­ламентшілерге баяндады.

Талқылау барысында сена­торларға салада мемлекеттік қолдау көрсетудің, мал шаруа­шылығын ветеринарлық қолай­лықпен қамтамасыз ету бойынша ғылыми сүйемелдеудің қалай іске асырылатыны туралы, сондай-ақ малдың инвазиялық және жұқпалы емес ауруларына диагностика жасау, олардың алдын алу және емдеу тәсілдері мен әдістерін, теориялық негіз­дерін әзірлеу мен олардан күті­летін нәтиже мен стратегия жа­йында айтылды.

Сенаторлар Қазақ ұлт­тық аграрлық зерттеу университетінің оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесу өткізіп, ветеринария саласындағы кадрларды даярлау мәселелерін талқылады.

Депутаттар қорытындылай келіп, ауыл шаруашылығын дамытудағы заманауи ветеринария ғылымының шешуші рөлі және онсыз еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің қомақты бөлігін экспорттауды ұлғайту мүмкін еместігін атап өтті. Парламентшілер осы орайда кадрларды даярлау, еңбек­ақыны көтеру және көп­теген үдерісті цифрландыру бо­­­­йын­ша жүйелі әрі дәйекті жұ­мыс­­тың қажеттігі туралы айтты.